Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде шымылдығын түрген шараға ел мен облыс дамуына өлшеусіз үлес қосқан өңір тумалары қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – текті топырақтан түлеп ұшып, еліміздің мәдениетін, экономика, һәм руханиятын көтеру жолында аямай еңбек еткен азаматтардың өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау және оларды өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға шақыруды көздеді. Жүздесу Тәуелсіздіктің 30 жылдығында облыста жасалған жүйелі жұмыстарды баяндаған фильмнен басталса, одан кейін аймақ тумаларының демеушілік жасап, жүзеге асырған жобалары бейнеролик арқылы көпшіліктің назарына ұсынылды. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада облыс әкімі Бердібек Машбекұлы халқына қарайласып, өңір мен елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жерлестерге алғысын жеткізді.Шараға арнайы қатысқан Асанәлі Әшімұлы, Өмірбек Байгелді, Аягүл Төреқызы, Бақытжан Ертаев бастаған қайраткерлер туған өлкеге деген ыстық сағыныштарын тебірене жеткізіп, ұтымды бастамаларға ұйытқы болып отырған облыс әкімдігінің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда АҚШ, Сингапур және Мәскеу қалаларында табысты еңбек етіп жүрген жамбылдықтар да онлайн байланыс арқылы жиынға қатысып, ізгі лебізін жеткізді. Басқосу соңында түлектерге аймақ басшысының алғысхаты мен «Жомарт түлек» сыйлығы салтанатты түрде табыс етілді.Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Қасымбеков онлайн байланыс арқылы туған өлкеге қарайласу әр перзенттің парызы екенін тілге тиек етіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңаша жаңғыртып отырғандарға Елбасының құттықтау хатын оқып берді.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы