Қазынаға қол салды қол салғанда, мол салды
Қазынаға қол салды қол салғанда, мол салды
223
оқылды

Екі жеп биге шығуды көздегендер үшін көлеңкелі бизнес – нағыз табыс көзі. Көл­денең табыстан бас тартуға ерік-жігеріміз жетпей тұр, қай салада болмасын, қар­жы жымқырудың сызбасымен жұмыс істей­тін топ бар. Олар үшін қылмыстық жауап­кершілік деген ұғым жоқ. Кімге, неге сене­тінін өздері білер, бірақ сенгендері се­німге селкеу түсірді, былтыр ұсталған ұйым­дасқан қылмыстық топтардың жымқырған қаржылары миллиардтан асты.

15 қылмыстық топ: көп пе, аз ба?

Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тер­геу қызметі былтыр жалған шот-фактураларды жазумен, қолма-қол ақшаға айнал­дырумен айналысқан 15 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде Қылмыстық кодекстің 216-бабы бойынша 269 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы, былтыр аталған комитет ширақ қимылдады. Finbet букмекерлік кеңсесінің ел аумағында заңсыз ойын бизнесімен айналысқанын анықтады, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарында орналасқан 43 букмекерлік кеңседе ұйымдастырылған заңсыз ойын орнын әшкереледі. 8 өңірде бір уақытта арнайы операция жүргізіп, заңсыз қызметтің жылдық табысы 3 млрд теңгеге жуық соманы құрайтынын анықтады.

Ал күні кеше комитеттің Ал­маты қалалық экономикалық тер­геулер департаменті жалған фир­малар арқылы 3,9 миллиард теңге шешкен қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Жалпы, Ал­маты департаменті 2019 жылдың 22 тамызы мен 31 желтоқсан ара­лығында сотқа дейінгі 41 өн­діріс жүргізген. Оның ішінде, ұйым­дасқан қылмыстық топ құру­дың 5 дерегі бар. Олар банк есепшот­тарынан жалған фирмалар арқылы ақша «шешіп» келген.

«Алты күдікті қамауға алынып, мемлекетке келген шығынды өтеу мақсатында мүліктері тәркіленеді. Азамат Т. басқарған қылмыстық топ 2017-2019 жылдары өзі бас­қа­ратын жеті компания арқылы банк есепшоттарынан 3,9 мил­лиард теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған», – деп жазды де­пар­таменттің баспасөз қызметі. Прокуратура бастамасымен жалған шот-фактураларды жазып беру арқылы жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылған. Сотқа 123 миллиард теңгеден аса сомаға күмәнді компаниялар арқылы мә­мі­лелерді жарамсыз деп тану ту­ралы 820 талап-арыз түскен, 179 іс шешімін тапқан.

 

Жалған фирма жарға жығар

Былтыр қазан айында Өске­менде де жалған келісім арқылы шот­тағы қаржыны «шешіп» алу­мен айналысқан қылмыстық топ сот­талды. Өскеменнің 42 жас­та­ғы тұрғыны қара және түсті метал­дың көтерме саудасымен ай­на­лысатын фирма ашады. 2013 жыл­дың ба­сында облыстағы ірі кәсіп­орын­мен шарт жасап, құрамында ал­тын кездесетін руда – ауырлық концентратын құжатсыз сату сызбасын жасайды. Мәмілені аяқтау үшін кәсіпорын басшысы салықтан жалтаруға көмектесетін адамдарды тауып береді. Құрылған кәсіпорындар қағаз жүзінде ғана өмір сүреді, жұмысшылар, көлік құралдары мен қоймалары болмаған, экспорт-импорт опе­ра­ция­сын жүргізбейді, тауар жет­кіз­бейді, қысқасы іс жүзінде еш­қан­дай қызмет көрсетпейді. Бірақ қағаз жүзінде бәрін «атқарып тастаған». Мемлекетке төленбеген салық түрінде келтірілген за­лал 3,6 млрд теңгеге жеткен. Осы за­лал­ды өтеу мақсатында сотталу­шы­лардың мүлкі – 6 көлік, 2 пә­тер, жеке үй, жер телімі, Нұр-Сұлтан мен Өскемендегі автотұрақ тәркіленді. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 4 жарым жыл­ға, ал оның серіктесі мен ЖШС басшысы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл – Қаржы министрлігі тара­пынан анықталған қаржы жым­қыру қылмыстары. Ал был­тыр желтоқсанда Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Алматы қа­ласы бойынша департаменті мен қа­лалық прокуратура «Олимп» бук­мекерлік кеңсесінің заң нор­маларын бұзып, интернет-ресурс­тар арқылы лицензияланбаған қызмет көрсеткенін, табыстан са­лық төлемей, шетелге заңсыз қар­жы шығарғанын анықтады. «Ел аумағынан ақшаны заңсыз шығару арнасы анықталып, жолы кесілді. Қаржы қылмысына қатысты өзге де әрекеттер анықталып жатыр», – деп жазды ҰҚК өзінің ресми сайтында.

Бұл бізге белгілі мәліметтер. Осы­ның өзінде жымқырылған қаржы аз емес. Ал белгісіз дерек қаншама?


Қаржы жымқырудың төркіні қайда?

Ақпараттық технология да­мыған заманда қаржы жылыстатуға жол беру біліксіздік пе, бейғамдық па? Бұл сұрақты экономика са­ласындағы заңгерлерге қойдық. Олардың бірі қаржы жымқырудың алдын алуда мемлекеттік органдар тарапынан жұмыс атқарылып жатыр десе, енді бірінің мүлде көңілі толмайды.

«Қаржы мониторинг коми­тетінің жұмысы барлық бағыт бойынша 100 пайыз тиімді деп айта алмаймын. Алайда қаржы жымқыру бойынша істерді ашу мен тергеуді тұрақты жүргізетінін атап өту керек. Бірақ оның өзі бү­гінгі таңда толыққанды дей ал­маймын», – дейді экономист, банк мәселелері бойынша сарапшы Нұржан Бияқаев.

Ал экономикалық қылмыстар бойынша заңгер Абзал Құспанның айтуынша, жымқырылған қаржы көлемі мен соған қатысты есептер мен әдемі сөздерге сенудің қажеті жоқ.

«Қаржы жымқыру бойынша қылмысы ашылды деген букмекер­лік кеңселердің соңғы бес жылдағы деректері айтылды. Өте ірі көлемде қаржы ұрланған. Сонда бес жыл бойы бақылаушы органдар ай қарап отырды ма? Дәл сол істе ойын бизнесіндегі екі фирмаға (екеуі де қазақстандық компания) ғана қатысты іс қозғалғаны мені таң­ғал­дырды. Ойын бизнесін тек­­серу басталды ма, ол барлық фир­­маны қамтуы тиіс. Ал біздің ел­дегі ойын саласындағы ресейлік ком­паниялардың ешқайсына тиіс­­кен жоқ. Бұрын бір шенеунік ұс­тал­ды, бір компанияның қар­жы­­лық былығы анықталды десе, қуану­шы ем. Осы салада адво­кат бо­лып жүрген он жылда мұн­дай тек­­серулерде желдің қай­дан со­­ға­тынын аңғаратын бол­дым», – дейді ол. Әйтпесе, са­лық органдарында, қаржылық бақы­лау саласында кәсіпкерді тырп ет­кіз­бейтін «Пирамида» деген бағ­­дар­лама бар. Оның мақсаты – бір-бірімен сауда жасаған кәсіп­кер­лердің есе­бін бір жүйеде тоғыс­тыру.


«Мысалы менің «А» деген фир­­мам мен сіздің «Б» деген фирмаңыз шарт жасайды. Егер сол фирманың бірі салықты төлеп, екіншісі – төлемесе, ол әлгі жүйеде «қалқып» шыға келеді. Бірақ осы жүйе анықтаған мәліметтерге уақытында анализ жасалмайды. Сараптама дер кезінде жасалса, жым­қырылған қаржы көлемі әлде­қайда көп екенін білер едік», – дейді ол.

Ендеше жымқырылған қар­жы­ның нақты көлемін білуге не кедергі? Абзал Құспанның пі­кірінше, бар кедергі сыбайлас жемқорлыққа байланысты.

«Біздің елде мемлекеттік қыз­меткердің жалақысы байып кете­тіндей көп емес. Бірақ қалада үйі жоқ аудан әкімі бар дегенді естідіңіз бе? Аудан әкімдерінің жағдайы жақсы. Бізде лауазым иелерінің басым бөлігінің бизнесі бар. Міне, осы мемлекеттік қызметкерлер фис­калды органдарға жұмыс іс­тетпейді», – дейді заңгер.

Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлықты жоймай, мың түрлі технология енгізілсе де, қаржы жымқырудың алдын алуда нәтиже болмайды. Себебі бүгінгі қолданып жатқан технология Еуропада сынақтан сүрінбей өткен, тиім­ділігін дәлелдеген. Бізде де же­місін беруі керек еді, бірақ олай бол­мады, өйткені адам факторы араласып кетті.


Қаржы жымқыру  қайтсе азаяды?

Қаржы қымқыру барлық елге тән қылмыс. Жаһандық сипат алған қылмыс түрімен әлем ел­дері күш біріктіріп күресуді өткен ғасырда-ақ қолға алған. 1989 жылы Қылмыстық жолмен кел­ген қаржыны заңдастырумен күрес жөніндегі The Financial Action Task Force (FATF) ұйымы құ­рылды. «Үлкен сегіздік» елде­рінің шешімімен құрылған халық­аралық институт қаржы жым­қыру мен лаңкестік ұйымдарды қаржыландыруға қарсы халық­аралық стандарттарды жасайды. Жуырда аталған ұйым Қаржы жым­қыруға кәсіби қызмет көр­сететін делдалдар туралы Есебін жариялады. Құжатта әлем елде­рін­дегі қаржы жымқырудың сан түрлі сызбасы мен шоттан-шотқа ақша жылыстатудың әдіс-айлалары ай­тылған. Сол арқылы қаржы жым­қыруға қарсы әрекет етудің тәсіл­дері қоса ұсынылған. Ұйым ұсы­нысын қол­данған елдерде тиім­ділігі дә­лелденген технология бізде адам факторының салдарынан тиімді болмай тұр. Ендеше қайт­пек керек? Бұл сұрақты сарап­шыларға қойдық.

Экономист Нұржан Темір­ғалиұлы қылмыстық жауап­кер­шілікті күшейту қажет деп санайды.

«Қазіргі қылмыстық кодексте көрсетілгендей, айыппұл түріндегі немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаның орнына қылмыстық жауапкершілікті күшейту ке­рек. Мүлікті тәркілеу мен бос­тан­дықты шектеудің нақты және қатаң шараларын қолдану қа­жет деп санаймын. Өйткені айып­пұл төлеу оңай және тиімді, сон­дық­тан бұл баптар нәтиже бер­мейді. Себебі сот тағайындаған айыппұлдың мөлшері ол жүргізген заңсыз операцияның көлемімен салыстырғанда аз болуы мүмкін», – дейді ол.

Ол жазалау шарасын қатайту арқылы ғана нәтижеге жетуге болады, бұл шара бүкіл әлемде тиімді саналатынын айтады.

«Сондай-ақ банктерден ірі көлемдегі ақшаны, күдікті опера­циялар мен резидент еместермен жасалатын операциялар кезінде транзакцияны растауды қатаң бақылауды талап ету қажет. Қа­зақстан оффшордағы заңсыз жол­мен алынған кірістерді заңдастыру операциялары бойынша «бай­қалған субъектілердің қара тізімін» құру мысалында ақпарат алмасуда барлық елмен тығыз ынтымақтастықта болуы тиіс», – дейді Н.Бияқаев.

Ал Абзал Құспан қылмыстық жауапкершілікпен ешкімді үркітіп нәтижеге жете алмаймыз деген пікірде. Оның ұстанымы – дұрыс кадр саясатын жолға қою.

«Менің жалпы қылмыспен кү­рес мәселесіндегі принципім – қыл­мыстың салдарымен емес, се­бебімен күресу, яғни сы­бай­лас жемқорлықты жою. Жауап­кершілікті күшейтетін баптарды көбейткенмен жағдай өзгермейді. Себебі кәсіпкерлердің осындай қылмысқа баруына өзіміз жағдай жасап қойдық, сондықтан жазаны күшейткенімізбен, қылмысты жоя алмаймыз. Ұйымдасқан қыл­­мыстық топтың мүшелері ұстал­­майтынына сенімді болған­дықтан ғана тәуекелге ба­рады. Әрі-бе­ріден соң ондай адам­дарды табу оңай. Қазақстан кедей­шіліктен арылмаса, жа­санды құжатқа қол қоятын адам табыла береді. Фирма құрыл­тайшысының мұрты да қисай­майды. Себебі ол ақысын төлеген соң, қол қоюға кез келген кедей келіседі. Ал жауапкершілік құ­рыл­тайшыға емес, қол қойған адамға жүктеледі», – дейді ол.


Түйін сөздің орнына:

Қазақстанда қаржы жымқыру көрсеткішінің статистикасын қол­ға түсіру мүмкін болмады. Себебі Қаржы мониторингі коми­теті бұл қызмет бабында ғана қолданылатын мәлімет екенін жет­кізді. Сондықтан былтыр жо­лы кесілген 15 ұйымдасқан қыл­­мыстық топқа қарап, қаржы жым­­қыру дерегінің көбейген не азай­ғанын болжау қиын. Анығы, «Алтын көрсе, періште жолдан тая­ды» деген мақал әлі де өзекті. Сарап­шылар сөзінен түсінгеніміз, біз атаған цифрлар айсбергтің ұшы ғана. Жымқырылған қар­жы миллиардқа жетті дедік, ал ол соманың триллиондарды құра­масына кім кепіл?..


Xaiima.JPG      Халима БҰҚАРҚЫЗЫ