Орал қаласында жүргізушілер Үкіметтің шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеуге қатысты талаптарына қарсылық білдірді.
Олар Nur Otan партиясының бөлімшесіне барып, полиция департаменті мен мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерімен кездесті. Жүргізушілер көліктерді тіркеу құны өте қымбат екенін айтып шағымданды. Олар мемлекет бірнеше жыл бойы шетелдік нөмірі бар көліктерді әкелуге кедергі жасамай, кедендік рәсімдеу туралы жақында ғана хабарлағанына наразы.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің уәжіне сенсек, кедендік тазарту сомасын мекеме сайтындағы калькулятордың көмегімен есептеуге болады. Ал жүргізушілер «көлікті рәсімдеу бағасы көлік құнымен бірдей» дейді.
«Жол ережелері туралы» заң бойынша шетелдік көліктер 10 күн ішінде тіркелуі керек. «Еуро-4» стандартына сәйкес келмейтін көліктерді ғана тіркеуге рұқсат жоқ.
Айта кетейік, 16 қаңтарда Ақтөбеде шетелдік нөмірі бар көлік иелері кедендік рәсімдеуді жеңілдетуді талап еткен еді. Дәл осындай наразылықтар Ақтау, Жаңаөзен мен батыс аймақтағы басқа да қалаларда өткен.
Сондай-ақ кеше сағат 10.00-ден бастап Маңғыстау облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Facebook және Instagram парақшалары арқылы тікелей эфирге шығып, жүргізушілерді толғандырған сауалдарға жауап берді.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір Қазақстанда шетелдік нөмірі бар 170 мың көлік жүр. Олар Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейден әкелінген. Заң бойынша тіркелмеген көліктерді жүргізген азаматтарға айыппұл салынады немесе көліктері айып тұрағына қойылады. ІІМ өкілдерінің пікірінше, шетелдік нөмірі бар көліктер ресми тіркелмегендіктен, «жауапкершілікті» сезінбейді және жол ережесін бұзса да, бақылау камераларына түспейді екен.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ