«Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға келген азаматтардан бөлек министрмен тікелей эфир арқылы бірнеше өңірден тұрғындар байланысқа шығып, әрқилы мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштері мен шағымдарын қоса жеткізді. Министрмен тілдескен Маңғыстау облысының кәсіпкерлері облыс аумағындағы екі газ желісі ұйымының жұмысына наразылығын білдірді. Сонымен қатар олар жанармай құю бекетіндегі сұйытылған мұнай газының максимал бағасы 50 теңгеден аспауы керек екенін айтты. Бірақ көптеген жанармай құю бекеті оны елемей отырғанын және литрінің бағасы 70 теңгеге жеткенін ашына айтты. Жеке кәсіпкерлер наурыз айынан бастап бір литр көгілдір отынның құны 80 теңгеге дейін өсетінін, тіпті одан да жоғары болатынына сенімді. Өйткені шекті рұқсат етілген баға алынып тасталған. Олар өз жорамалдарын 1 наурыздан бастап «Жанармай құю бекеттерінде автокөліктерге жанармай құю үшін ТМД елдерінің бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» бұйрығын тоқтату жоспарланып отырғанымен түсіндірді. Өз кезегінде Энергетика министрлігінің өкілдері жоба келісіліп тіркелгенін және жақын арада оның БАҚ-та ресми жарияланатынын хабарлады. Өзге де кәсіпкерлер министрге бірқатар фактордың жанармай құю стансасындағы газдың қымбаттауына ықпал ететінін, бүгінде жанармай құю бекеттерінің кейбірі толығымен жабылғанын да сөз етіп, себептерін айтып берді. Азаматтардың шағымдары мен ескертулерін тыңдаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын және бұған арнайы бақылау жасайтын жұмыс тобы құрылғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауды қорытындылаған министр азаматтардың барлық өтініші жан-жақты зерделеніп, мәселелерді шешу жолдары бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынатынын жеткізді. Айта кету керек, өткен жылы «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне еліміз бойынша 393,2 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте соңғы 5 жылда партияға 1,2 млн адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн-форматта. Олардың 92%-ы оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.Әбілмансұр ЖАСАН