Жапон қартаюмен қалай күресіп жатыр?
Жапон қартаюмен қалай күресіп жатыр?
453
оқылды

1861 жылы Азаматтық соғыс Американы екіге бө­леді. Америка одағын жақ­таушылар мен бөлініп шы­ғып конфедерация құр­ғандар майданға жаңа­дан адам тарту үшін барлық амалды істеп бағады. Сол кезде әскери көсемнің бірі ерекше айлалы жоспар ұсынады. Жауынгерлер мен олардың әйелдеріне көп мөлшерде зейнетақы тө­леу уәде етіледі. Осыдан бастап өз еркімен жүз мың­­даған жан соғысқа тар­­тыл­ған деседі.

Аяғында не болды дейсіздер ғой? 1930 жылдары Азаматтық соғыс аяқталған соң «пенсия тө­леу» де тоқтады дерсіз. Жоқ, шын мәнінде, ең соңғы төлем 2004 жылы жасалған. Яғни, 1920 жылы 21 жастағы пысық келін­шек өзінен 60 жас үлкен со­ғыс ардагеріне тұрмысқа шыға­ды. Осылайша, Азамат соғы­сы ар­да­ге­рінің жесірі АҚШ үкі­ме­тінен берілген жеңілдіктің игілігін түгел көріп, 97 жасында өмірден өткен. Иә, бұл жерде айтпағымыз арда­гер­дің етегінен ұстап, пайдаға ке­нелген арудың «қулығы» тура­лы емес. Соғысқұмар көсем­дер­­дің адам­дарды ақшамен қы­зық­ты­рып майданға тартып, мем­ле­­кет­ке ұзақ жыл шығын тарт­қызуы.

Десе де, зейнетақы төлеу жүйе­сінің алғашқы тәжірибесі қоғам­ға осындай жолмен енгені рас. Ал шынайы зейнетақы тео­рия­сы Германияның алғашқы кан­цлері Бисмарктың билігі тұсын­да ойлап табылды. Еуропа мемлекеттері адам қартайып, жұ­мысқа жарамай, денсаулығы сыр берген кезеңде мемлекет оған зейнетақы төлеуі керек деген ұйға­рымға келді.

Бүгінгі күні әлемнің көптеген дамыған елдері зейнет жасы мен зейнеткерлерге төленетін ақшаны есептеумен басы қатып отырғаны жасырын емес. Себебі жылдан-жылға жасы ұлғайған кісілердің саны өсіп барады. БҰҰ-ның мәліметінше, әлем бойынша 65-тен асқандардың саны 2015 жылы 608 миллион болса, 2050 жылға қарай 1,6 миллиардқа жетуі мүмкін. Елде зейнеткердің үлесі артқан сайын мемлекетке сал­мақ. Қарияларға ай сайын зей­нета­қы төлеуден бөлек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, меди­циналық қызмет көрсету, қоғам­дық көліктегі жеңілдік, т.б. шығын­дар көбейеді.

Сөз жоқ, ұзақ жасау бір жағы­нан жақсы өмір, жайлы тұр­мыс­­тың нәтижесі екені анық. Әсі­ресе, дамыған елдерде бұл көр­сеткіш жоғары. Мәселен, Жапо­нияда қазірдің өзінде жасы 65-тен асқандар жалпы халықтың 27%-на жеткен. 2060 жылға қарай зейнеткерлер жұмыс істейтін аза­маттар санымен теңеседі деп күтіліп отыр.

Жапония – қарияға құрмет­пен қарайтын елдің бірі. 1963 жыл­дан бастап 15 қыркүйек «Кә­рі­­лікке құрмет» күні ретінде ата­­лып келеді. Күншығыс елінде 2016 жылға дейін 100 жасқа тол­­ғандарға үкімет күміс жала­тыл­­­ған ыдыс сыйлап, жеткен же­тістіктерімен құттықтайтын дәстүр болыпты. Бірақ 29 мың адамға күміс ыдыс сыйлау үшін үкімет 2,1 млн доллар қаржы жұм­­­сайтын, кейіннен ол дәстүр бала­малы сыйлықтармен ауысты­рыл­ған.

Жапон азаматтары ұзақ жасауы­мен ерекшеленеді. Тұр­ғын­дардың дені 100 жасқа дейін немесе одан да көп өмір сүре­тін­діктен, денсаулығын күтуге қара­жат бөлу өте маңызды. Бұл мәселені шешу жолында ұзақ жыл ғылыми ізденістер жасаған Токио университетінің докторы Хироко Акияма «адам зейнетке шыққаннан кейін де денсаулығын сақтау үшін үнемі қаржы бөліп отыруы қажет» деген тұжырым жасайды. Ғалымның айтуынша, төртінші өнеркәсіптік революция бұл бағытта тиімді жаңалықтар ұсынып отыр. Қазір денсаулықты жақсартатын ақпаратты алу бұрын­ғыдан әлдеқайда оңай. Ме­дицинадан хабары бар жан жаңа технологияларды қолдана оты­рып, өз денсаулығына ин­вес­­тиция салады. «Ең бас­тысы, қарапайым адамдарды қартайғанға дейін өз денсау­лы­ғына қаражат салуға ынталандыру» дейді Х.Акияма.

Осы қағиданы басшылыққа алған Жапония үкіметі алты жыл бұрын «Денсаулық сақтау және өнімділікті басқару» (H&РM) деп аталатын мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестік бағ­дар­ламасын іске қосқан. «H&РM» бағдарламасы компа­ния басшыларын еңбек өнімді­лігі мен шығармашылығы үшін өз қызметкерлерінің ден­сау­­лығына ерікті түрде қара­жат са­луға шақырады. Бұл инвес­ти­цияның қайтарымы – дені сау қызметкерлердің жігері мен ын­тасы, сонымен қатар компа­ния­ның құнын арттыратын еңбек нарығы және рейтинг. Қазіргі уақытта Жапонияда 2 300-ден астам ірі компаниялар мен 35 000 шағын және орта кәсіпорындар «H&PM» бағдарламасын енгізген. Осының негізінде соңғы 5 жыл ішінде «H&РM» сертификатын алған компаниялар Токио қор биржасындағы басқа қарапайым компаниялардан озып кетті. Бағдарлама арқылы салынған 1 доллар кәсіпорынға 3 доллар болып қайтады, – деп хабарлайды Tokyo Mitsubishi and Morgan Stanley Securities.

Бүгінде «H&РM» бастапқы рес­­урстары аз дамып келе жат­қан елдерде денсаулықты жақ­сар­тудың жақсы страте­гия­сы­на айналып отыр. 2019 жылы Шри-Ланка мемлекеті «H & РM» бағдарламасын енгізген. Де­мек, жапон ғалымдарының озық тәжірибесі болашақта еңбек на­рығы мәселесіне тап келетін мем­лекеттердің қолданысына ене­тін тиімді жоба болуы мүмкін.