Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған еді. Айтулы күннің дәл осы – Ассамблеяның құрылған күнімен сәйкестендірілуінде не сыр бар? Алғыс айту күнін елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барша қазақстандықтарға деген құрметтің бір белгісі деп ұққан жөн. ХХ ғасыр қазақ халқының басына түрлі сынақты үйіп-төгіп берді. Осы сынақтардан халқымыз үлкен шығынмен шықты. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы онсыз да аз халықты қынадай қырды. Аман қалудың қамын ойлаған халық дүниежүзіне тарыдай шашылды. Сонымен қатар өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазақ жеріне жүздеген ұлт пен ұлыс жер аударылып, еріксіз қоныстанды. 1930-1956 жылдар аралығында, яғни 25 жылға созылған халықтарды депортациялау кезеңінде елімізге 1 мил-лион 740 мың өзге этнос өкілі көшіріліпті. Мысалы, корейлер ең алғаш қазақ жеріне 1937 жылы аяқ басып, оларды Қызылорда облысына қоныстандыру жөніндегі арнайы қаулы сақталған. Ал неміс, поляк, гректер мен финдер негізінен Қостанай, Ақмола облыстарына орналастырылған. 1940 жылы Қазақстанға жалпы саны 90 мың адам жер аударылса, екі жыл ішінде олардың саны төрт жүз мыңнан асты. 1943-1944 жылдары тек Солтүстік Кавказ, Қалмақ пен Қырым автономиясынан және Грузиядан 506 мың адам қоныс аударған. Бұл деректердің бәрі Қазақстан Президенті архивінде сақтаулы тұр.
Тоталитарлық жүйе мыңдаған халықтың тағдырын тәлкек етті. Алғашында жеке адамдар қудаланса, кейін шекаралық аймақтағы тұтас халық туған жерінен айырылып, басқа аймаққа күшпен көшіріле бастады. КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргін жылдарында 3 миллионнан астам адам жер аударылған деген дерек бар. Оларды қоныстандырған жердің қатарында Қазақстан да болды. Қазақ жеріне немістердің 38%-ы, шешен мен ингуштардың 83%-ы, кәрістердің 59%-ы, балқарлардың 55%-ы, қарашайлардың 58%-ы, гректердің 76%-ы, күрдтердің 62%-ы күшпен қоныс аударылды. Қоныстанушылар іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылды және ІІХК-нің мынадай нұсқауларын орындады: «құпия тапсырмалар бойынша шет мемлекеттің агенттерімен байланыс жасамау үшін «сенімсіз халықтарды» шекаралық аймақтарға орналастырмау»; «қашып кетпес үшін теміржолдардан алыс жерлерге орналастыру»; «бақылауға ыңғайлы болу үшін топтарымен орналастыру». Сонымен бірге олар әрдайым комендатураға барып, белгіленіп тұруы тиіс болды. Мамыражай тіршілік көзден бұлбұл ұшты. Құтты мекенінен күштеп көшіріліп, бұрын өмір сүрген жерлерінде бар жиған-терген дүние-мүлкін қалдыруға мәжбүр болды. «Сенімсіз халық» деген атқа еріксіз ие болып, жүздеген мың халық, оның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар да мал таситын немесе тауар таситын вагондарға тиеліп, өздері білмейтін, бұрын-соңды естіп-білмеген жерге әкеліп түсірілді. Болмашы наразылық білдіргендер дер кезінде аяусыз жазаланып отырды. Елімізге алғаш қоныстанушылар клубтарға, бос қалған мешіттерге, ат, шошқа қораларға, қоймаларға орналастырылды. Мұндай орын жетпегендер ашық аспан астында түнеп, өз беттерінше жертөлелер қазып алуға мәжбүр болды. Қоныстанушылар арасында түрлі эпидемиялық аурулар көбейді. Климаттың ауысуы, ауыр тұрмыстық жағдай, тамақтың тапшылығы, антисанитарлық жағдайда өмір сүру қоныс аударушылар арасында өлім-жітімнің көбеюіне әкеліп соқты. Депортациялық саясаттың қатал жағдайында ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген халықтардың жан сақтауы тек қазақ халқының туысқандық көмегінің арқасында ғана мүмкін болды. Қазақ халқы аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретін басынан өткізсе де, басын қауіп-қатерге тіге отырып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен адамдарға ең қиын сәттерде қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсетті. Қилы заманды басынан кешкен түрлі тағдыр иелері қазақ халқының шапағатын көрді. Қазақ даласы оларға пана болды. Осындай жақсылық көрген олар бүгінде Қазақстанды Отаным деп санайды. Әр халықтың Қазақстанға қоныстануының өз тарихы бар. Өзге ұлттарды қазақ даласына күштеп көшірудің саяси астарына үңілер болсақ, оның арғы жағында жауынгер қазақ халқын ұлт ретінде жойып, орыстандыру саясаты жатқаны айқын байқалады. Өз жерінде қазақтарды азшылыққа айналдыру басты мақсат болды. «1937 жылғы шілдеде Жапония ішкі Қытайға баса-көктей кірді. Ай соңында олар Бейжіңді алды. Толық бодан болудан қауіптенген шың елінің негізгі саяси күштері – компартия мен гоминдан 1937 жыл дың көктемінде өзара қырқысты және азаматтық соғысты тоқтату, жапондарға қарсы бірыңғай майдан құру туралы келісімге келді. Батыс державалары Азия дағы осы ірі мемлекетті қорғауға бас ауыртпады. Содан жергілікті компартия ықпалымен гоминдан үкіметі Кеңес Одағымен жақындасуға барды. КСРО мен Қытай 1937 жылғы 21 тамызда жауласпау туралы келісім бекітіп, Жапонияға қарсы соғысуға мәмілелесті. Дәл сол күні ХКК және БКП (б) Орталық ко митеті сол кезде кеңестер қолына көшкен Қиыр Шығыс аудандарынан корей халқын күштеп қо ныс тандыру туралы қаулы шығарды. Осы арқылы Кеңес Одағы Қытаймен одақтастық қатынастарын қадір тұтатынын көрсетті. Тарихта корейлер біраз шайқаста жапонның одақтасы болғаны белгілі. Нәтижесінде, 1937 жылы 100 мыңнан астам корей қазақ жерінен мекен тап- ты», – дейді тарихшы М.Қалыбекова. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер автономиясы жойылып, 1941-1942 жылдары 1 209 430 неміс қайта қоныстандырылған. Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халық қудаланып, туған жерінен тыс, Қазақстан жеріне орналастырылды. Орналасқан жерлерінде көшірілген дердің саяси-құқықтық жағдайының ауыр болғаны жергілікті халыққа да батты. Қоныс аударылғандарға өздерімен бірге көтере алатындай ғана зат тары мен азық-түлік алып жүрулеріне рұқсат етілді. Сондықтан соғыс кезінде азық-түлік жергілікті халықтың өздерінде тапшы болса да, олар соғыс қасіретіне төтеп бере отырып, келген халықтармен керек-жарақтарымен бөлісе білді. Міне, Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сабақтастығында осындай сыр жатыр. Бұл елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне мейірбандық танытып, қиын шақта жат санамай, өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту идеясының астарында осындай мән бар. Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері: – Үш жасымда, яғни 1944 жылы қараша айында отбасымызды Грузиядан Қазақстанға жер аударған. Жолда қаншама қиындық көріп, арып-ашып, әйтеуір қазақ жеріне аман-есен жетіппіз. «Еріксіз айдалып келгенмен, еркін өмір сүріп жүрміз» деп мақтанышпен айтамын. Өйткені ол кезде қазақтың өз жағдайы да ауыр болды. Солай бола тұрса да, бізді қазақ халқы ешқандай бөтенсіген жоқ. Бауырына басып, өз перзентіндей көріп, жатсынбады. «Жеті атасын жетік білетін, ары мен қаны таза, жаны сәбидей пәк, ешкімді жатсынбайтын, бөлмейтін, жармайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет халық бар, ол – қазақ халқы. Бұл халықтың мейірім-қайырымы мол» деп үнемі айтып жүремін. Шын мәнінде солай. Өмір бойы қазақтың жақсылығын, қамқорлығын көріп келемін. Сондықтан қазақ халқына осы күнге жеткізгені үшін алғысым шексіз! «Адам еткенге – тағзым ет» деген жақсы сөз бар. Бізді адам етіп, осыншама ұлт пен ұлыстың өкілдерін бауырына басқан қазақ халқына қашанда қарыздармыз. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіштері бар. Бұл ескерткіштер сол жерлердегі елге ғана белгілі. Ұлы даладағы достықты сақтаудың ұйытқысына айналған, қиын жылдары қолындағы барын бөліп берген, шаңырағының төрін ұсынған жомарт қазақ халқының даласындай дарқан пейілін қазақстандықтар біледі. Ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтудан жалықпайды. Алайда сырттан келген қонақтар шынайы сыйластықты ұғатындай етіп осындай ескерткішті Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында да орнатсақ, игілікті іс болар еді деген ұсынысым бар. Бұл – қазақтың дарқан пейілін, жақсылығын бүкіл әлем білсе екен деген ізгі ой. Расул АХМЕТОВ, Дүниежүзілік ахыска түріктері одағының мүшесі: – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1944 жылы 14 қарашада статистикалық мәліметтерге сәйкес, Грузин КСР-нен Орталық Азия елдеріне 120 мыңға жуық Ахыска түріктері (месхетиндер) жануарларға арналған вагондармен мәжбүрлі түрде шығарылды. Олардың көпшілігі жолда хаотикалық атыс, ауру эпидемиясы, суық, аштық, шөлдеу салдарынан қайтыс болды, біразы хабар-ошарсыз кетті. Аман қалған Ахыска түріктерінің жадында сол депортацияның барлық қасіреті сақталған. Этникалық геноцидке ұшыраған Ахыска түріктері 1956 жылға дейін «Арнайы қоныс аударушылар» ерекше «мәртебесіне» ие болды. Бұл олардың қозғалыс еркіндігін және тұрғылықты жерді таңдау құқығын шектеді. Тіпті, 1956 жылдан кейін Ахыска түріктеріне көшіру орындарына оралуға тыйым салынды. Жоғалған және тәркіленген мүлік қайтарылмады. Қазақстан аумағына депортациялау кезінде Ахыска түріктерін қазақ халқы қонақжайлылықпен, жанашырлықпен және құрметпен қабылдағаны үшін ризамыз. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз. Менің ойымша, біз үлкен қазақ «суперэтносының» бір бөлігі болуымыз керек. Алғыс айту күнін құру идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімі, өйткені Қазақстанда тұратын түрлі этностар басқа елдермен халықаралық қатынастарда байланыстырушы буын бола алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті Ахыска түріктеріне өте жақын. Наурыз, Алғыс айту күні сияқты мерекелерді тойлау халқымызды біріктіруші фактор болады деп есептеймін.