Ардақты қонақ келсе, табысы аз ауылдықтар дастарқанды толтыру үшін алдымен дүкенге емес, қарыз беретін фирмаға жүгіретін болған. Ол бес минут ішінде несие рәсімдеп, қажетті ақшаны қолына ұстатады. Кейін жалақысынан ұстайды: бухгалтерлермен ымыралас. Адамдар бұрынғыдай бір-бірінен қарыз сұрауды қойды. Ауыл-аудан тұрғындарының микронесие ұйымдарына тәуелділігі барған сайын артып келеді.
Мемлекет ұзақ уақыт бойы бұл саланы реттемей, жүгенсіз жіберді. Микрокредит ұйымын (МКҰ) ашу үшін лицензия алу да қажет етілмеді. Нәтижесінде, кәсіпкерліктің бұл түрі ауыл-аймаққа кең өркен жайды. Тек 2020 жылғы 1 қаңтардан микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеумен түңлігін жаңадан түрген, Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналыса бастады. Енді МКҰ құру үшін осы агенттіктің рұқсатын алып, тіркеуге тұру міндет.
Халыққа несие таратуға микроқаржы компаниялары сыртында, енді ломбард, кредиттік серіктестік және тіркеуге қойылған онлайн-несиелеу фирмалары да мүмкіндік алды.
Қазақстанда микронесие бойынша барлық МКҰ алатын сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесі де бекітілді. «Жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні сол шарттың бүкіл қолданылу мерзіміне берілген микрокредит сомасының 30 пайызы мөлшерінде белгіленсін», – делінген 2020 жылы күшіне енген Ұлттық банк басқармасының қаулысында. Яғни, шағын несие ұсынатын фирманың азаматтан «өндіретін» ең жоғары сыйақысы осы көлемнен асып кетпеуі шарт. Рас, егер борышкер шарт бұзып, төлеу уақытын өткізіп алса, не қарызды қайтаруды қойса, оған өкіртіп өсімпұл есептеп, аяусыз айыппұл салуына шектеу жоқ.
Алаяқ ұйым, алданған халық
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, ауыл мектебінде мұғалім К.Шайынова микронесие ұйымына жүгініп, бәлеге қалғанын баяндайды. Ол 2018 жылғы қазанда «Эверест-финанс» МКҰ «кредит тарихын тексерусіз заем беретіні» туралы хабарламаны көзі шалады. Күнсұлу (есімі өзгертілді) апай осының алдында банктен несие алған. Кейін лауазымы төмендеуі салдарынан берешегін уақытылы төлей алмады. Сөйтіп, кредит тарихын нашарлатты. Отбасы қажеттіліктері үшін ол «Эверест-финансқа» жүгініп, 150 мың теңге қарыз ресімдейді. Шарт бойынша оны екі еселеп, 300 мың теңге қайтаруы тиіс.
«Біз облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта тұрамыз, ақшаны ай сайын таныс немесе таксист арқылы жолдауға да тура келді. Бірер айдан соң қайта қаржыландыру жүргізіп, тағы 300 мың теңге алдым. Алайда қолыма небәрі 155 мыңын табыстады. «145 мыңы бұрынғы берешекті жабуға кетеді» деді. 2019 жылғы екінші рет ресімдегенімде, МКҰ «Эвалон» ЖШС деген жаңа атау иеленгенін байқадым. Бұл аты төлем терминалдарында жоқ болып шықты», – дейді борышкер.
Ол екінші рет алған қарызын 1,5 жыл ішінде 640 мың теңге етіп қайтаруға тиіс болған. Дегенмен былтыр бірер ай уақытында төлей алмағаны үшін қарызының жалпы сомасы 1 миллион 170 мың теңгеге жеткені жөнінде құлақтандыру келеді. Хабарлама мектеп бухгалтериясына да түскен. Нәтижесінде, бүгінде ұстаздың ай сайынғы жалақысының және демалысақысының 50 пайызы ұсталып отыр.
Бұл жағдайға байланысты зерттеу жүргізген заңгерлік кеңсе Күнсұлу апайдың кредит тарихында мұндай несие жоғын анықтады. Қарыз алушы шамамен 50 шақты қағазға оқымай қол қоя салыпты. Оның бірқатары бойынша азаматша Қарағанды қаласында орналасқан «Эвалон» ЖШС-іне «жалдамалы жұмысқа тұрған». Қазіргі кезде заң бойынша компаниялар өз қызметкеріне қарыз бере алады. Заем беруші осы схеманы пайдаланғанға ұқсайды. Ал бұл – банк не микроқаржы ұйымы болмағандықтан, оған қаржылық реттеу органы да араласа алмайды. Салдарынан, микронесие алу оқиғасы құжат жүзінде ЖШС мен оның қызметкері арасындағы азаматтық-құқықтық қатынасқа айналып шыға келді.
Бұған ұқсас деректер өзге өңірлерде де тіркелуде. Әртүрлі облыс әкімдерінің блогына қаптаған шағым түсіп жатыр. Бірақ микрокредит ұйымдары мен олардың клиенттері арасындағы дау-жанжалдар тек сот арқылы шешілуі керек. Тиісінше, «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңның 1-бабына сәйкес сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа органның, министрдің, әкімнің және басқа лауазымды тұлғаның өз қарауына немесе бақылауына алуына тыйым салынады.
Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодексі бойынша жергілікті атқарушы биліктің микроқаржы ұйымдарының қызметіне араласуына жол берілмейді.
Банкке жақсы балама
2019 жылы Ұлттық банк микроқаржы ұйымдарының қызметін соңғы рет тексерді. Оның қорытындысында тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін аяққа таптаған 8 МКҰ анықталды. Төртеуіне 1 262 500 теңге сома көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Үшеуіне жазбаша ұйғарым жіберілді, біреуіне ескерту жасалды.
Жүргізілген талдау нәтижелері микроқаржы ұйымдарының өз клиенттерін жасырып, кредиттік бюроға мәліметтерін уақытылы ұсынбайтыны, берешекті есептен шығару тәртібін бұзатыны, микрокредит беру туралы шарты заңнама талабына сәйкес келмейтіні, Ұлттық банк талаптарын орындамайтыны әшкереленді. Биылдан бастап оларды М.Әбілқасымова басқаратын агенттік бақылауға алды.
Ведомство саладағы ниеті қара, ісі арам фирмаларды тауып, жазалаумен бірге, қазақстандықтар арасында «сауат ашу», түсіндірме жұмыстарын кең ауқымда жүргізгені маңызды. Өйткені озық дамыған елдерде шағын несие алуға келіп, «жұмысқа тұру» туралы құжатқа қол қоя салу секілді жағдайлар кездеспесе керек.
Ресми мәлімет бойынша, елімізде кепілзаты қойылған несиелер үлесі алдыңғы жылғы 11,3%-дан 2019 жылы 10,3%-ға дейін азайды. Халық кепіл сұрамайтын кредиттерге әуестенуде. Бизнеске және халыққа берілген барлық несиенің 53,2%-ы – тұтынушылық заем. 2019 жылдың қазанында жеке тұлғалардың банктер мен МКҰ-лар алдындағы қарызы 7 триллион теңгеге жетті. Оның 90 пайызы – банктер еншісінде.
Қазақстанның микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының дерегінше, бұл ұйымдардың ең көбі, яғни 40%-ы Алматы қаласында жұмыс істейді. Біразы ауыл-аймақта филиалдарын ашқан. Тағы 16%-ы Нұр-Сұлтан, 7%-ы Шымкент қалаларында, 10%-ы Қарағанды облысында, қалған 38%-ы өзге облыстарда тіркелді.
2019 жылғы 1 қазанда микроқаржы ұйымдары берген несие көлемі жыл басынан бері 26%-ға өсіп, 277,3 миллиард теңгені құрады.
Қазақстанда бақылаудың болмауы кесірінен микронесие беру саласы алаяқтар қаптап өнетін өріске айналып кетті. Ал дамыған, тіпті көптеген дамушы елдерде бұл – әлеуметтік бағдарланған бизнес және банктерге балама.
«Ең танымал және табысты жобалардың бірі – Бангладештегі Grameen Bank (ауыл банкі) жобасы. Оған 1976 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Мұхаммад Юнус бастамашы болды. Жоба аясында тек аз қамтылғандар несиелендіріледі. Жетістігі ғаламат: 20 жыл бұрын Бангладеш халқының 70-75%-ы қайыршы болса, бүгінде олар саны екі еседен астамға азайды. Кедей тұрғындарды микроқаржыландыру бағдарламаларын іске асыруда әсіресе, Латын Америка, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қомақты табысқа жетті. Еуропа елдерінде, мысалы Францияда микронесиелеу – Үкіметтің басты басымдығы», – дейді белгілі экономист Нелли Цхададзе.
Банктердің билігі жүріп тұрған Қазақстанда әзірге микрокредит ұйымдары саласына жете мән беріліп отырған жоқ. Шетелдік озық тәжірибе бізде де енгізілсе, ауыл халқын жарға жығып жатқан алаяқтар үшін кең өріс қалмас та еді.
Елдос СЕНБАЙ