«Бақауов ісінің» артында кім тұр?!
«Бақауов ісінің» артында кім тұр?!
187
оқылды

Өткен аптаның сәрсенбісі Павлодар об­лы­сының әкімі үшін сәт­ті болмады. 15 қаң­тардың кешінде «Болат Бақауов ұста­лып­ты» деген хабар ға­лам­­торда лез­де тарап кетті. Содан бері өткен бес-алты күн­нің ішін­де көп өзгеріс болып үл­герді. Болат Бақауов тер­геу амал­­­­дары аяқталғанша екі ай бойы қамауда болады. Ал біз «Бақауов ісінің» басын­да кім тұр­ғанын зерттеуді жөн көрдік.

Ресми мәлімдеме неге кешікті?

Павлодар облысының әкімдігі ғаламторда тараған қауесеттің рас-өтірі­гін айырып беруге дайын болмай шықты. Растамады, жоққа да шығармады. Бар болғаны, Facebook парақшасына «...ресми деректер жариялағанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан ау­лақ болуға шақырамыз. Біз сіздерді өзі­міздің әлеуметтік желілер арқылы хабардар ететін боламыз» деген жазба жариялады. Ал ертесіне әкімнің Ins­tagram парақшасында оның жұмыс­та жүргенін «растайтын» жазба жария­лады. Онда әкімнің қатысуымен ин­дус­триалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік пен сауданы дамыту басқармасында өткен алқалы жиын туралы айтылған. 16 қаңтарда Бақауов қатысуы тиіс екі жиын өтпей қалса да, әкімдіктегілер оның жұмысын істеп жатқанын айтумен болды. Әкімдіктің парақшасын баққан БАҚ сағат сайын «қазіргі уақытта облыс әкімдігінің басшылығы, әдеттегідей, жұмыс істеп жатыр», «облыс әкімі орнында жоқ, бірақ ол жұмыс бабымен қала ішінде жүр» деген мазмұндағы ақпаратты жариялап жатты. Қауесет тараған күннің ертесіне, кешкі уақытта ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Бақауовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал оған дейін қоғам түрлі болжам айтып, бал ашуға мәжбүр болды. Ақпараттық технологиялар заманында стратегиялық маңызы зор өңір басшысының ұсталғаны туралы ресми мәлімдеменің бұлай кешігуі, жұмсартып айтқанда, билікке сын.

«Биыл 15 қаңтарда Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовқа қатысты қызмет бабын асыра пай­далану фактісі, яғни Қылмыстық ко­декстің 362-бабы, 4-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шара­ла­рын жүргізді» деген хабарлама таратқан комитет тергеу мүддесі үшін аталған істің мән-жайын жариялауға болмайтынын ескертті. Алайда істің мән-жайын ертеңінде прокуратура жайып салды.

Прокуратура дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың қыркүйегінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары AksuTransLogistic ЖШС-не тексеру жүргізуді бастаған. Бұл серіктестің жалғыз құрылтайшысы Руслан Бақауов Павлодар облысы әкімінің туысы екен. Інісінің ком­па­ниясында тексеру болып жатқанын білген Б.Бақауов салық органдарына тексеру нәтижелері туралы өзін ха­­бардар етіп тұруды тапсырады. Сөйтіп, желтоқсанда әкім ЖШС-не қатысты 200 миллион теңгеге са­­лық заңнамасын бұзу фактісі тіркел­генін, осы дерек сотқа дейінгі тергеп-тек­серуді қажет ететінін біледі. Облыс әкімі мемлекеттік кірістер депар­та­ментінің шенеуніктерінен тексеру­дің нақты нәтижесін жасырып қалуды, ал қосымша салық төлемдерінің мөл­шерін 5 миллион теңгеге дейін азайту­ды, яғни салық саласындағы қыл­мысты жасыруды талап еткен! Осы тұста Болат Бақауов өзінің ресми қызмет бабын асыра пайдаланған.

Аталған деректерді алға тартқан прокурор Рүстем Сәдуақасов соттан Бақауовты екі айға қамауға алуды сұрады. Ал сотталушы соттан өзін үй қамауына алуды немесе кепілдікпен босатуды өтінеді. Тіпті, туыстары кепіл ретінде 1 миллион теңге төлеп те қойған екен. Тараптарды тыңдаған судья Балтабай Дөнбекбаев прокурордың өтінішін қанағаттандырды.


Аэродром ба, жайылым ба?

Бақауов ұсталғалы бері өткен бірнеше күннің ішінде ақпарат құралдарында оған қатысты жаңа мәліметтер қалқып шыға берді. «Время» газеті әкімнің «Сапа+» ЖШС-нің құрылтайшысы және жетекшісі Мақсат Нұритдиновке «қамқорлық жасағанын» жазды. Жол жөндеумен айналысатын се­ріктестік астанада тіркелген, 2016 жылдан бері (Бақауов облыс­ты басқаруға тағайындалған жыл – ред.) ЖШС-нің салық тө­лем­дері айтарлықтай өскен. 2016 жы­лы бюджетке 40 млн теңге, ал 2017 жы­лы 135 млн теңгеден астам са­лық төлеген. Бірақ соңғы жыл­дары төлейтін салығы азая беріпті. Мемлекеттік сатып алу порталында бұл серіктестіктің Павлодар облы­сының Баянауыл ауданында жемісті еңбек еткенін көруге бо­лады: жасалған шарттың жалпы құны 7 млрд теңгеден асқан. Ал ол шарттың қаншалықты орындалға­ны – екінші мәселе.

Дәл осы кәсіпкер облыстық әкімдікке аумағы 324 шаршы метр­лік ғимаратты әрі қарай әуе тер­миналы ретінде қолдану үшін 240 млн теңгеге сатқан болып шық­­ты. Ішкі мемлекеттік аудит де­пар­таменті мен жер инспек­ция­сы бюджет қаржысына сатып алын­ған ғимараттың аэродром талабына мүлдем сай келмейтінін анықтаған.

Белгілі заңгер, жер мәселесі бойынша сарапшы Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Бақауовтың қа­мауға алынуына аэродромға бер­­ген жердің қатысы болуын бол­жаған еді. Оның пайымдауынша, ұшу-қону жолағы бар аэродром орналасқан жер телімі мемлекеттік басқарма немесе мемлекеттік кә­сіпорынға емес, шаруа қожалы­ғы­ның атында! Ал аэродром құры­лысына бюджет қаржысы жұмсал­ған. Бұл Жер кодексінің «ауылша­руа­шылық мақсатындағы жерді игеру» туралы 92-бабына қайшы келеді.

«Мемлекеттік акті бойынша ұшақтар ұшып-қонатын жерде қой мен сиыр жайылып жүруі тиіс. Жер кодексінің 97-бабына сай аэродромның ұшу-қону жолағында ауыл шаруашылығы жерін орна­ластырмақ түгілі, тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Демек, Павло­дардағы көкелер Баянауыл ауданы әкімдігімен бірге әуежайды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­ге орналастырып, оны шаруа қо­жа­лығының атына ресімдей сал­ған. Олар Жер кодексіне сәйкес аэродром құрылысын бастамай тұрып, жер телімін әуежай салуға арналған жер санатына ауыстыруы керек еді. Олардың Жер кодексіне де, авиация ережелеріне де, құ­рылыс және санитарлық норма­лар­ға да түкіргені бар», – деген Ба­қытжан Базарбек тергеу тобы­нан Баянауылдағы әуежайдың жер кадастры мен жер-құрылыс материалдарын жіті зерттеуді талап еткен. Бір емес, екі бірдей ЖОО тамамдаған Б.Бақауов мұн­дай заңсыздыққа қалай жол берді? Заңгер айтқан кемшілікті әкімдік заңгерлері неге байқамады?

Айтқандай, ақпарат құралда­рында «Сапа+» ЖШС-нің Баяна­уыл ауданындағы Алексеевка – Жаңажол автожолының 37 шақы­рымын өңірлерді дамыту бағдар­ламасы шеңберінде орта жөндеу­ден өткізу үшін бөлген 683 млн теңгенің 399 млн теңгесін қолды еткені туралы да мәлімет жүр. Жергілікті сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметтің хабарлауын­ша, осы іске қатысты сот алды тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлімі бойынша қаралып жатыр.


Әкім портретінің құны қанша?

Бақауовтың ұсталуын жаңа­жылдық қайырымдылық балында сатылған әкім портретімен бай­ланыстырғандар да табылды. Еске салсақ, әкім портретін бәссаудада бәрінен басым түскен Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Аза» фирмасының жетекшісі Гнел Акопян 31 млн теңгеге сатып алған еді. Бұл оқиға қоғамда наразылық туғызды. Алайда 31 млн теңге Пав­лодар зағиптар қоғамына аудары­лады деген соң, наразылық басыл­ғандай болған. Бірақ әкімнің бас­пасөз хатшысы «бүлдіріп» алды. Ол журналистерге Бақауовтың пор­треті, шын мәнінде 700 мың теңгеге ғана сатылғанын, ал 30 миллион теңге 20 картинадан түс­кен қаржы­ның жиынтық сомасы екенін айт­ты. Біз осы жерде ариф­метикаға жүгіндік. Сонда әкімнің портреті 700 мың теңгеге өтсе, қалған 20 картина 29 млн 300 мың теңгеге сатылған болады. Шотқа салсақ, 20 картинаның әрқайсысы орта есеп­пен 1 450 000 теңгеге сатылған. Де­мек, ол картиналар әкім портре­тінен де құнды болғаны ғой? Алай­да кәсіпкер Гнел Акопян картина үшін 31 миллион теңге төлегенін растаған. Кімге сенеміз? Баспасөз хатшысына ма, қалта­сынан 31 млн теңге шығарған кә­сіпкерге ме? Бұл Бақауов айна­ла­сындағы шытыр­ман оқиғалардың бірі ғана сияқты. Айтқандай, Гнел Акопян портретті жергілікті му­зейдің біріне сый­лайтынын айтып еді, енді сол суретте құн қалды ма екен?


Бақауовтың басқа қыры

Бұған дейін іскерлігімен аты шыға қоймаған Бақауов туралы не білеміз? Ғаламтордағы деректер Болат Жұмабекұлының 1971 жылы Павлодар облысы, Железин ауда­ны Новокузьминка ауылында туға­нын, Қазақ құқықтану және ха­лықаралық қатынастар инсти­туты мен Халықаралық бизнес, экономика және кәсіпорындарды басқару академиясын бітіргенін айтады. Кеңес заманында кең­шарда автогараж жұмысшысы болған ол тәуелсіздік алған соң «Әділет» шағын кәсіпорнының директоры, кейін «Бақауов» КШ жетекшісі болады. Сосын кәсіп­кер­лікпен айналысады. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты болады. Тереңкөл ауданының, Ақсу қаласының әкімі болып та­ғайындалады. 2016 жылы Павлодар облысының әкімі қызметіне ке­леді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» ор­денімен марапатталған. Осындай марапаты болса да, әкімдер рейтингінде жоғары көтерілген емес. Антирейтингте алғашқы үш­тіктен түспеген әкім екі жыл бұ­рын Жамбыл облысының «Отар» әс­кери базасында өткен дала жиы­нында «Макаров» пистоле­тінен ату жарысында өзге әріптестерін шаң қаптырғаны бар. Он төрт облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдері сайысқа түскенде бірінші орынды жеңіп алған. Аңшылығымен мақтанамын деп әлеужелі қолданушыларының ашуына тиіп алғаны тағы бар.

Бақауовтың жақсылығы тура­лы не айтуға болады? Былтыр аз қамтылған және көпбалалы отба­сыларды қолдау үшін облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлуге ықпал етті. Сөйтіп, 3 мың адамға тұрғын үй сатып алуға және тұрғын үй көмегін көрсетуге, 1-11 сынып оқушыларын тегін тамақ­пен қамтуға, 8 мың оқушы мен студентке және ата-аналардың бі­ре­уіне қалалық көлікте тегін жү­руге жағдай жасады. Ең маңыз­дысы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жеке қосалқы шаруашылық кірісін алып тастау­ды енгізді. АЕК алу үшін дәл осы кірістің кесірінен өзге өңірлердегі отбасылар АЕК-тен қағылып жатқанда, павлодарлықтардың айы оңынан туғандай болған. Осы жақсылығын ескерді ме, Павлодар облысының тұрғындары арасында қамауға алынған әкімді қолдау акциясын бастағандар табылды. Instagram желісінде #бблучший­аким хеш-тегімен басталған ак­цияда Бақауовтың облысты бас­қарған кезде жасаған жақсылық­тарын еске алып жатыр жұрт. Әзір­ге әкімін жарнамалағандардың саны үш жүзден ғана асты.


Түйін:

Жасыратыны жоқ, әкімдер ара­сында өзін өзі басқаратын өңірдің қожайыны сезінетіндері бар. Олар үшін заң өзінің бұйрығынан кейінгі орында тұрады. «Бақауов ісінен» соны байқадық. Сөз басындағы сұраққа оралсақ, «Бақауов ісінің» басында кім тұр? Кім тұрғанын уақыт көрсетер, бір анығы, бұл істің басында Бақауовтың жа­уапсыздығы мен немқұрайдылығы тұр. Осы оқи­ғадан соң барлық әкімнің туыс-туғанының бизнесі мен олардың төлеген салығына жан-жақты жап­пай тексеру жүр­гізілсе, артық болмас еді. Сонда жер телімін үлестіру мен сатып алу­ларда тағы біраз шикілік­тің шықпасына ешкім кепіл бола ал­майды. Қалай десек те, Бақауов ісі барлық әкімге сабақ болуы тиіс.


Айдана БЕГІМ