Отандық әуе тасымалдаушы саны біреуге азайды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Bek Air-дің азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және ұшуға жарамдылық сертификатының күшін уақытша тоқтатты. Себебі оның жұмысында қаптаған жөнсіздіктер анықталды. Мысалы, ол сынған ұшағын ескі-құсқы ұшақ бөлшектерімен жөндеп келіпті.
Авиациялық бақылау органы 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы маңында болған ұшақ апатынан кейін Bek Air-дің бар дүниесін аударып-төңкеріп, кең ауқымды тексеруге кірісті.
«Bek Air АҚ-ында қауіпсіздікке қатысты салмақты мәселелердің жиілігі әуе тасымалдаушысы үшін рұқсат етілген деңгейден айтарлықтай асып кетті. Осы себепті сертификаттар уақытша тоқтатылды, әуе компанияны мұқият тексеруге бастамашы болдық. Оның барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Bek Air ұшақ сынса, ақаулы қозғалтқышы мен агрегаты жаңасымен емес, көнерген басқа ұшақтыкімен алмастыра салынады екен.
«Bek Air бұл процесті ұдайы падаланатыны мәлім болды. Яғни, бір ұшақтың құрамдас бөлігі түсіріледі де, басқа ұшаққа орнатылады. Бұл әрекеттер сұрақ тудырады. Өйткені мұндай жағдайда ұшақ компоненттерінің қолданылу мерзімі қалай тіркеліп, есепке алынады? Сондай-ақ бұл Bek Air АҚ қаржысының жеткіліксіздігі салдарынан запас бөлшектерді сатып алуға қабілетсіз екенін куәландырады. Оның үстіне Фоккер секілді ескі ұшақтардың запас бөлшектерін табу қиын», – деп қатаң сын айтты ведомство.
Беті ашылған сорақы істердің тағы бір парасына тоқталсақ, әуе компания ұшақ қозғалтқыштарының жұқа тақтайшаларын алып тастайтын болған. Ал ол тақтайшада қозғалтқыштың сериялық нөмірі жазылады. Онсыз құзырлы органдар оның қанша уақыттан бері пайдаланылғанын және өткізген циклдерін қадағалай алмайды. Кесірінен, Bek Air бірнеше ұшағының қозғалтқышын идентификациялау мүмкін болмапты.
Fokker-100 үшін қозғалтқыш өндірген Rolls Royce осы ұшақтар Қазақстанда пайдаланыла бастағалы олардың күрделі жөнделмегенін мәлім етті. Компания қозғалтқыштардың темір тақтайшаларын алып тастауға тыйым салынатынын, оған рұқсат бермегенін растады.
Басқа бұзушылықтары да бастан асады: жүк бөліктерін өрттен қорғау құрылғылары, құтқару жилеттері, апаттық радиомаяқ жетіспейді.
Әуе компаниясының ұшақ паркінің жағдайы «қанағаттанғысыз» деп танылды. Мысалы, бейнежазбаларды зерттеу кезінде Bek Air экипаждары ұшақты даярлау барысында шолу жасамайтыны, қанаттарын тексермейтіні, журнал толтыруға жүрдім-бардым қарайтыны анықталды. Егер Bek Air барлық жөнсіздіктерін 6 ай ішінде жоймаса, сертификаттарынан түпкілікті айырылады.
Өз кезегінде әуетасымалдаушы бұған дейін жоспарланған барлық рейстерін алып тастады. Бұдан бөлек, 18 қаңтарда IATA қауымдастығы Bek Air белгілеу кодын кері қайтарып алды.