Өз кәсібін ашамын деп ел бюджетінен қыруар қаржы алып, басқа нәрсеге жұмсау немесе салық төлемеу сынды заңбұзушылықтар әлі күнге тыйылмай келеді.
Мысалы, 2019 жылы өз жобасын қорғап «Даму» қорынан қомақты қаржы алған 20 қарызгер осындай қитұрқылыққа барған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев: «2019 жылы қаражатты мақсатсыз пайдаланған 20 қарыз алушы анықталды. Экономика саласы бойынша берген өтінімінен тыс бизнес бастамақ болған 15 қарыз алушы белгілі болды. Сол секілді жұмыс орындарын ашып, салық төлеу жағынан міндеттемелерін орындай алмағандар кездесті», – деді.
Оның айтуынша, 2019 жылы банктер мен микронесиелік ұйымдарға талдау жасалған. Осының нәтижесінде қарыз алушылардан қаражатты мақсатсыз пайдалану бойынша 2,2 млрд теңге қайтарылып алынған. «Кейде қаражатты мақсатсыз пайдалану жағдайы кездеседі. Мәселен, бір өтініш иесі мектеп немесе балабақша салуға өтінім беріп, оның нысаны құрылыс барысында мейрамханаға немесе дәмханаға айналып кетуі мүмкін. Алайда мемлекеттік қолдау тұрғысынан мейрамхана немесе дәмхана басымдыққа ие сала емес. Тиісінше, мұндай жағдайда өтініш иесіне бас тартуға тура келеді. Себебі мемлекет басымдыққа ие салаларды бекітіп қойған», – деді ол. Фархат Сәрсекеев мемлекет басымдыққа ие салаларды бекітуінің өз себебі барын айтады. «Мәселен, тауарды шексіз импорттай бермей, өз елімізде өндірілуі керек өнімдерге жеңілдетілген несие беріледі. Алайда кәсіпкерлердің жобаны жүзеге асыру барысында жоспарлары өзгеріп кететін кездер болады. Мұндай жағдайды, әлбетте біз қаражаттың мақсатсыз пайдалануына жатқызамыз», – деді ол.
Иә, «судың да сұрауы бар» дегендей, әр берілген қаражаттың да есебі барын ұмытпауымыз керек-ау!
Әділ БЕК