Жуырда отандық басылымдардың бірінде бұрынғы Қорғаныс министрі, генерал Сәкен Жасұзақовқа қатысты тергеу басталғаны жайлы мақала жарық көрді. Әрине, тергеуге қатысты дерек ашық айтылған жоқ. Әрі кімдердің экс-министр ісіне қатысы бар екені де белгісіз. Бірақ мақалада генералдың Қарулы Күштеріміз үшін моральдық тұрғыда ескірген техниканы сатып алуға қатысы болғаны жайлы айтылған.
Бірқатар масс-медиа аталған мәселені әскери керек-жарақ сатып алу ісіндегі лоббимен байланыстырып жатыр. Мүмкіндіктері тұрғысынан шетелдік аналогтардан кем түспейтін техникалар жасап жатқанымызға қарамастан, көршінің дүниесін үздік санау сырт көзге лобби тәрізді көрінуі мүмкін. Дегенмен теріскейдегі жұртпен, әсіресе әскери саладағы ынтымақтастығымыз тым тереңде екенін мойындауымыз керек.
«Мұраға» қалған мүлік еді
Қарулы Күштеріміз үшін әскери техниканың көбін Ресейден алатынымыз рас. Өйткені КСРО ыдыраған кезде Қазақстан аумағында одаққа тиесілі көптеген әскери техника қалды. Ал әскерилер іштей Ресейдің дегенімен жүруге құмар еді. Екіжақты келісімдер арқылы сол әскери техниканың біразын өзімізде қалдырдық. Сөйтіп, КСРО мұрасынан үлес алғанбыз. Кейін әскери-стратегиялық бағыттағы әріптестік тереңдеп, ҰҚШҰ тәрізді тікелей қорғаныс мәселесіне қатысы бар ұйымдарға бірге мүше болдық. Қару-жарағымыздың басым көпшілігі көршінің өнеркәсібінен шыққандар. Stockholm International Peace Research Institute деректеріне қарағанда, Қазақстан 1991-2017 жылдар аралығында Ресейден 1 млрд 756 млн долларға әскери техника мен қару-жарақ сатып алыпты. Одан бері де 3 жыл өткенін ескерсек, аталған соманың да өзгергені анық. Сонымен қатар Ресейдің елімізге біраз қару-жарақты тегін бергені бар. Мәселен, 2015 жылдың басында Ресей Қазақстанға С-300 ПС зениттік зымыран кешендерінің 5 дивизионын тегін берген. Әрине, атышулы кешен еліміз үшін олжа болғанымен, С-300 ПС кешендері 1983-1994 жылдары өндіргенін ескерсек, аталған техника тым жаңа емес. Ресей тегін берген 5 дивизионнан бөлек, өз ақшамызға сатып алған дүниелеріміз де бар. Олардың ескісі де, жаңасы да кездеседі. Тіпті, кейбіреуі бертінде ғана өндірістен шыққан болуы мүмкін. Тек маркасы ескі. Мәселен, Зил-157 маркалы көлікті кейбір зауыттар 1991 жылға дейін шығарғанын ескерсек, әскери техникаға қатысты бірден күмән келтіруге болмайды. Әрі әскери техниканы модернизациялап, заман талабына сай етіп пайдалану мүмкіндігі тағы бар. Мәселен, АҚШ Boeing B-52 Stratofortress стратегиялық бомбалаушыларын кемі 2030 жылға дейін пайдалануға бекініп отыр. Ұшақтардың ең соңғысы 1962 жылы өндірілгенін ескерсек, олар іске жарамауы тиіс еді. Бірақ модернизациялап, ұдайы бақылап отыратындықтан ұшақты америкалықтар 60-70 жыл пайдаланбақ. Демек, әскери техниканы «өңдеп» пайдалануға болады деген сөз. Бірақ «моральдық тұрғыда ескеру» мәселесі бөлек дүние.
Мәселен, еліміз «Барыс 6×6» бронды көлігін жасайды. Бұл көлік әлгі БТР-80, 82А-лардан артық болмаса, кем емес.
Әскеріміз пайдаланып жүрген Т-72 танктері, БТР-60, 80,80А, 82А, БМП-1,2, гаубицалар, зымыран кешендері, Су-25, 27, 30СМ, МиГ-29, МиГ-31 ұшақтары, Bell-205 UH-1 Erquois пен Eurocopter EC145 маркаларынан бөлек барлық тікұшақ Кеңес Одағында немесе Ресейде жасалған. Жауынгерлердің атыс қаруларының көбі де сол ресейлік өнім. Алайда көршінің ең заманауи деген техникасымен де олардан бұрын әскерімізді жарақтандырған кезіміз болған. Оған «БМПТ «Терминатор» атты техника дәлел. Танктерге қолдау көрсететін ұрыс техникасын біз 2011-2012 жылы алсақ, Ресей әскері оған тек 2018 жылы қол жеткізді. Ал отандық баспасөздің нысанасына ілігіп жүрген мәселе БТР-80, 82А техникаларына қатысты болып тұр.
Өзіміз жасайтын да техника бар
Қазақстанның 2017 жылы қабылданған Әскери доктринасында «гибридті күрес» деген ұғым бар. Бұл термин елдің тыныштығын бұзып, іштен ірітіп, әскери, экономикалық, саяси тұрғыда берекесін алатын жаңа тәсілді сипаттады. Гибридті майданда бәрі болуы мүмкін. Сепаратистік идея да, экстремизм де, ақпараттық қысым да, қысқасы елдің берекесін алатын кез келген тәсіл – осы ұғымның аясына сыйып кетеді. Мұндайда Қарулы Күштердің ел қорғау принципі де өзгерері хақ. Тек бір елдің техникасымен қарулану да кейде ағаттық болуы мүмкін. Содан да шығар, экс-Қорғаныс министрінің кейбір әрекетіне қатысты мәселе көтерген басылымдар қару-жарақ пен әскери техникаға қатысты талаптардың заман талаптарына сай болуына назар аударғанға ұқсайды. Расында да, «Казспецэкспорт» мекемесі 2012 жылы ресейлік «Рособоронэкспорт» компаниясымен келісімге келіп, бізге 90 жаңа БТР-82 сатып алмақ болған. Алайда бронотранспортерлерді отандық кәсіпорындар да өндіре бастағанын ескерсек, шынында, техникалық мүмкіндігі күмән тудыратын құралды сатып алудың қажеті қанша? Мәселен, еліміз «Барыс 6×6» бронды көлігін жасайды. Бұл көлік әлгі БТР-80, 82А-дан артық болмаса, кем емес. Демек, ресейлік БТР-ларды сатып алу отандық өнеркәсіпті қолдамаудың белгісі болса керек. Әрі Қазақстанның әскери ғылымдар академиясы ғалымдарының зерттеуі бойынша, КСРО кезінен бері шығарыла бастаған БТР-лар заманауи ұрыс талаптарына сай келмейді екен. Яғни, олар қарсылас тосқауылда жатып, аяқастынан шабуыл жасаса, дұшпанға қарсы әрекет жасай алмайды. Әрі 7,62 мм-лік болат оқтың өзі сауытын тесіп өтетін көрінеді. Ірі калибрлі пулеметтің оғы көп жағдайда 12-16 мм болатынын назарда ұстасақ, БТР-лар тым тиімді техника емес екені байқалады. Алайда олар біздің Қарулы Күштерімізде өте мол. Кейбір ашық дереккөздеріне сүйенсек, әскерімізде 1 200-ге жуық БМП-1 және БМП-2, 10 дана «Терминатор», 580 бронотранспортер бар екен. Олар БТР-60, БТР-80, БТР-80А, БТР-82А және МТ-ЛБ маркалы көліктер. Демек, Қарулы Күштерде ресейлік техниканы әлі де «құдайдай» көру психологиясы сақталды деген сөз. Әйтпесе, «Барыс» көліктерінің қарасы көбейген болар еді. Оның үстіне, жаңа үлгідегілерін алуға «қызықпай» жүргеніміз таңғалдырады. Әйтеуір, ақша бөлген екенбіз, жаңа дүниелер алсақ керек еді. Мәселен, Әзірбайжан мемлекеті біздегі Т-72-лерден әлдеқайда жақсы Т-90 танктерін сатып алған. Оған біздің қолымыз әлі жеткен жоқ.
Амангелді ҚҰРМЕТ