Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана LRT жобасының екінші кезеңі туралы айтылды. Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранқаевтың мәлімдеуінше, құрылыстың тағдырын мемлекеттік сараптама шешеді.
– Астана LRT жобасының құрылысына келсек, ондағы тапсырыс беруші – қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы болып отыр. Астана LRT құрылысының екінші бөлігі бойынша, әзірге техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Бұл негіздеме дайын болысымен, әрі қарай не болатыны түсінікті болады. Егер мемлекеттік сараптама бас тартпаса, яғни жобаны жөнсіз деп айтпаса, құрылысты жалғастырамыз, – деді Н.Ұранқаев.
Яғни, заңға сәйкес мемлекеттік сараптама 45 жұмыс күн ішінде LRT құрылысының екінші кезеңін жүргізудің тиімді, тиімсіз болатынын анықтауы тиіс. Сондай-ақ басқарма басшысы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қоғамға ашық түрде таныстырылатынын да жеткізді.
Еске салайық, 2019 жылы 16 сәуірде елорданың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуіне байланысты LRT желісінің құрылысын тоқтату туралы шешім шыққанын хабарлаған.
Кейіннен Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтайландыру мақсатында ел Үкіметі Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту бойынша шешім қабылданды. Қалалық әкімдік таратқан хабарға сүйенсек, бұл шешім
300 млрд теңгеден астам сомада қарызға кететін шығыстар бөлігінде республикалық бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берген.
Осы шешімнен соң былтырғы қазан айының басында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдету тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткенін айтып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашу екені түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің тікелей тапсырмасынан соң тергеудің нәтижесі туралы ақпарат та там-тұмдап шыға бастағаны белгілі. Ресми мәліметтің бірінде LRT жобасына қатысты қылмыстық істі ұйымдастырған елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің өзі екені айтылды. Қазір ол халықаралық іздеуде, сондай-ақ онымен бірге шетке қашқандар тізімінде Астана LRT компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан мен мердігер ұйымдардың бірінің басшысы Дәурен Әбдіхамитов та іздестіріліп жатыр.