Ұлы Абай мерейтойы басталды
Ұлы Абай мерейтойы басталды
311
оқылды

Адамзаттың кемеңгері атан­ған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жыл­ды­ғы­ның салтанатты ашылу рә­сімі кеше елордадағы «Астана Опера» театрында өтті. Іс-шараға қа­тысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде және елі­міздің барлық өңірінде жыл бойы ұйым­дастырылатын мере­келік ша­раларды ресми түрде бастап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ халқы – Абай­дың халқы» атты Қазақстан өнер ше­берлерінің мерекелік кон­цертін тама­шалады. Концерт бағ­дар­лама­сына Абайдың барлық музы­калық мұрасы енді.

Абай 175 президент.jpg
©akorda.kz

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова Абай мерейтойы шеңберінде қандай шаралар қолға алынатынын баяндады. Шын мә­нін­де, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы тек қазақ үшін ғана емес, бү­­кіл адам баласы үшін аса құнды әрі та­ғылымды дүние. Сондықтан Абай­дың өнегелі өсиетін дәріптеу – кейінгі ұрпақтың қасиетті пары­зы. Бұл мәселеге Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев жа­қында жарық көрген «Абай және ХХІ ға­сырдағы Қазақстан» атты мақа­ла­сын­да жан-жақты тоқталды.

«Қазіргі кезде еліміз алдында биік мақсаттар тұр. Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік са­ла­дағы жаңғыруы жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағ­дар береді. Оның асыл сөздерінен артық құндылық жоқ. Елбасымыз айтқандай, Абай армандары – тек бір ғана ұлт емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Ендеше ұлы ойшылдың ілімін терең зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде пайдалануымыз керек», – деді министр.

А.Райымқұлова Президенттің халық тілегін тыңдайтын мемлекет тұжырымдамасы Абай ұлағатымен астасып жатқанына екпін түсірді.

– Ұлы ойшыл бірлігі жарасқан ел болу идеясының жақтаушысы бола білді. Ол ұлтымызды ортақ мақ­сатқа ұйыстырып, әділетті қоғам құру идеясын алға тартты. Бүгінгі «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Ұлы Абай шығармаларының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жыл­жуына, өсіп-өркендеуіне шын ние­тімен тілеулес болды, халықты жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хакім Абайдың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз, – дей келе, Мәдениет және спорт министрі ұлы ғұламаның мұрасы және өнегелі өмірі ұрпақ тәр­биесінде әрдайым лайықты орын алуға тиісін жеткізді.

Ведомство басшысы Абайдың 175 жыл­дығын атап өту үшін кешенді жос­пар дайындалғанын еске салды. Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады.

Басты жиынның бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конфе­рен­ция. Сондай-ақ қазанда Нұр-Сұл­тан қаласында ауқымды ха­лықаралық конференция болады. Министр бұл жиындарда Абай­дың тұлғасы мен мұрасы жан-жақ­ты зерделеніп, одан ары ай­шық­тала түсеріне сенім білдірді.

Ақынның өлеңдері мен қара сөздері 10 шет тіліне аударылады. Бұл ретте министрлікке аударма ісінің сапалы орындалуына ба­сымдық беру жүктелді. Әйтпесе, көзбояу үшін жасалған жинақ шетелдік оқырманның күлкі-ке­кесінін туғызып, елді абырой­сыз­дыққа ұшыратпақ.

– Сонымен қатар Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жос­парланып отыр. Мерейтой ая­сында шетел­дерде бірқатар ма­ңызды шаралар өтеді. Қазақ­станның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылы­ғымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры хал­қымыздың төл өнері айтыс арқы­лы да ке­ңінен насихатталады, – деді А.Райымқұлова.

Бұдан бөлек, Абайдың қастер­лі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыру шаралары қолға алы­нады. Сол арқылы ұлы ақын­ның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасалмақ. Бұл өңірде мәдени туризмнің дамуына да тың серпін беруі мүмкін.


«Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара қолға алынады. Прези­дент «ең басты мақсат – той той­лау емес, ой толғау екеніне» зор мән беріп отыр. Іс-шараларды өт­кізу кезінде ысырапшылдық, асығыстық пен науқаншылдыққа жол берілмейді. Кейбір жобалар биылғы жылмен шектелмейді, алдағы уақытта жалғасын табады. Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз» деп уәде етті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Салтанатты шараға Абай ұр­пағы – оның жиеншары Ләйлә Баймағамбетова қатысты. Біз оны әңгімеге тарттық.

– Бұл – біз үшін тарихи оқиға. Абай атамыздың жылы бас­талды деп білемін. «Өлмей­тұғын артына сөз қалдырған» ұлы Абай мұрасы тек қазақтың ғана емес, барша әлемнің баға жетпес құндылығы, қазынасы. Біз Абай Құнанбайұ­лы­ның тұңғыш баласы Ақылбай­дан тараған ұрпақпыз. Ақыл­бай­дан Әлімқұл, Әлімқұлдан – менің анам Қауаш туады. Шешем 1910 жылы туып, 1988 жылы дүние салды. Біз соның қыздарымыз. Абай атамыздың ер кіндікті ұр­пағына тоқталсақ, анамның Бағ­фур деген бауырынан Айдар деген ұл қалды, одан Данияр туды. Оның үш қызы бар. Ендеше ер кіндігі сол Даниярмен тоқтап тұр. Айдар – Абайдың шөпшегі болса, Данияр – неменесі. Қазақ халқы бастан кешкен зұлмат салдарынан ұлы ойшылдың бас­қа балала­ры­нан ұрпақ қалмады. Хакімнің ұр­пағы болу бізге үл­кен жауап­кер­шілік жүктейді. Ата өсиетімен бәріміз білімге ұмтылып, жоғары білім алдық. Еңбексүйгішпіз. Ба­лаларым да, немерелерім де Абай өлеңдерін жатқа айтады, – дейді Ләйлә Мұхлесқызы.