Аналарға 8 наурызға орай қандай жәрдемақы беріледі?
Аналарға 8 наурызға орай қандай жәрдемақы беріледі?
999
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы Әлеуметтік төлемдер орталығының мәліметінше, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 23 810 көпбалалы анаға 2,5 айлық есептік көрсеткіш – 7292 теңге көлемінде  ақшалай төлемдер түріндегі көмек беріледі.  Алматы қаласы Алматы қаласы бойынша желтоқсан оқиғасына қатысқан көпбалалы аналарға 16 желтоқсан қарсаңында және 9 мамырға арнап мерекелік жәрдемақы беріледі. Қала бюждетінен 8 наурызға арнайы жәрдемақы беру қарастырылмаған. Атаулы әлеуметтік көмек ай сайын уақытылы беріледі. Өскемен қаласы Өскеменде мерекеге байланысты көпбалалы аналарға қаржылай көмек беріледі.  Әлеуметтік көмекті төрттен астам бала тәрбиелеп отырған аналар ала алады. Қаржылай көмек бұған дейін "Алтын алқа", "Күміс алқа" медальдары, "Ана Даңқы" орденімен марапатталған және "Батыр-ана" атағын алған әйелдерге тағайындалады. Төлем сомасы 5 АЕК –14 585 теңгені құрайды. Өскемендік көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы 8 наурыздан кейін берілмек.  Атырау облысы Атырау облысы бойынша көпбалалы отбасыларды қолдау өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы, демеушілер тарапынан азық-түлік топтамалары беріліп келеді. Көпбалалы, аз қамтылған аналарға 8 наурызға байланысты жергілікті атқарушы органдары демеушілер арқылы әлеуметтік көмектер беру қарастырылып жатыр, дейді әкімдік өкілдері.  Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген мәліметтеріне сәйкес, облыс бойынша 8 наурыз мейрамына орай барлығы 1226 көпбалалы анаға 6812,5 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Соның ішінде 635 анаға 4413,5 мың теңгеге азық-түлік жиынтығы түрінде, 441 анаға 1649 мың теңгеге заттай сый-сияпат, 50 анаға 250 мың теңге, яғни, әр отбасыға 5 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетілмек.  Қарағанды облысы Қарағанды облысы бойынша 8 наурыз мейрамына көпбалалы аналарға бір реттік көмек және заттай көмек түрі қарастырылған, жалпы 7014 көпбалалы отбасыларға 46,3 млн теңге көлемінде көмек көрсету жоспарланыпты.  Маңғыстау облысы "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған бірінші және екінші дәрежедегі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандарға халықаралық әйелдер күніне орай жергілікті бюджет есебінен бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында 4810 теңгеден, облыстың басқа аудандарында екі айлық есептік көрсеткіш – 5834 теңге.  Жамбыл облысы Жамбыл облысында жеке санаттағы азаматтарға жергілікті бюджеттен көрсетілетін әлеуметтік төлемдер бағдарламасы аясында 8 наурызға көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек ретінде жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал Тараз қаласы бойынша барлық аудандарға 8 наурыз мерекесіне көпбалалы аналарға демеушілер тарапынан материалдық көмек қарастырылған.  Қызылорда облысы Қызылорда облысы және Қызылорда қаласы әкімдігінің жоспарында мерекеге орай көпбалалы аналарға көмек көрсету жоқ.