Көрші елде тараған тәж вирусы күннен-күнге өршіп барады. Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Женевада шұғыл жиын өткізбек. Қауіпті індет жапсарлас жатқан Жапония, Оңтүстік Корея мен Тайландқа еніп үлгеріпті. Көрші елмен екі ортада алыс-беріс, барыс-келіс бар, Қазақстан азаматтарына да ауру жұғуы мүмкін бе?
2002 жылы Қытайда тәж вирусының осыған ұқсас бір түрінен 700-ден астам адам өліпті. Мынаның да беталысы жаман сыңайлы. Қазірдің өзінде Уханьда 218 адам, Бейжіңде бес адам, Шанхайда бір адам, Гуандун провинциясында 14 адам ауру жұқтырған. Оның 14-і – дәрігерлер. Төрт адам көз жұмған. Ал ағылшын сарапшылары бұл көрсеткіш ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп деп санайды. The New York Times басылымы да кей дереккөзге сілтеме жасап, «Қытай үкіметінің анық ақпаратты әдейі жасырып қалуы ғажап емес» деп жазған.
Пневмония сияқты дертке шалдықтыратын тәж вирусының (2019-nCoV) қайдан шыққаны белгісіз. Мамандардың пікірінше, оны теңіз сүтқоректілері тасымалдауы мүмкін. Мысалы, Ухань қаласындағы көтерме базарда ақ делфинге сұраныс жоғары екен. Сондай-ақ сауда орталығында тауық, жарқанат, қоян мен жылан сатылады. Олардан да инфекцияның көзі ізделіп жатыр.
Қытай ғалымдары тәж вирусының адамнан адамға ауа-тамшы жолымен жұғатынын ресми мәлімдеді. Яғни, бұл індеттің жаппай жайылуына ықпал етуі ықтимал. Бүгін Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайлар комитетінің шұғыл жиналысы өтеді. Бұл отырыста аурудың ауқымы әлемдік деңгейде дабыл қағуға тати ма, жоқ па деген мәселе талқыланады.
Айтпақшы, 25 қаңтарда Қытайдың жаңа жылы басталады. Осы мерекеге байланысты миллиондаған адам дүниежүзіне саяхаттап, вирустың таралуына себепші болады деген қауіп бар. 18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анжелес, Нью-Йорк әуежайлары Қытайдан келетін әуе рейстерінің жолаушыларын тексеруге кірісті. Гонконг, Тайвань, Сингапурда қауіпсіздік мақсатында эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Қазақстан билігі де қатерлі инфекция шекарадан өтпеуі үшін шама-шарқынша бәрін жасап жатыр. Әуежайларда, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункттерінде санитарлық қызметтер жұмыс істейді. Егер жолаушыдан аурудың нышандары анықталса, экипаж не істеу керегін біледі.
Қазақстан билігі де қатерлі инфекция шекарадан өтпеуі үшін шама-шарқынша бәрін жасап жатыр. Әуежайларда, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункттерінде санитарлық қызметтер жұмыс істейді. Егер жолаушыдан аурудың нышандары анықталса, экипаж не істеу керегін біледі.
Біздің дәрігерлер де босқа қарап отырған жоқ. Елімізде екі зертхана ашылып, тәж вирусының құрылымы анықталған. Жұмбақ инфекцияны жазбай танитын тест-жүйе әзірлене бастады. Оны іске қосуға бір жарым айдай уақыт қажет екен.
– Халықаралық әуежай тәрізді шекарадан өту орындарында бақылауды қатайттық. Ол жерлерде қашықтан термометрия жасап жатырмыз. Бүгінге дейін 13 мыңнан астам жолаушы қаралды. Экипаж мүшелері де термометриямен тексеріледі. ҚХР-дан келгендердің арасында дене қызуы жоғары және ауру белгілері барлар байқалған жоқ, – дейді Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин.
Қазір Қазақстанда Ухань қаласына тікелей әуе рейстері жоқ. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Қытайдың Бейжің, Санья, Хайкоу, Сиань және Үрімжі қалаларына ұшуға болады. Бұл рейстер түгел Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Әрине, Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізіп, ел есігін айқара ашып қойғанымызды ескерсек, алаңдауға толық негіз бар.
Дәрігерлер Қытайдың Хубей провинциясы мен Ухань қаласына сапарлаудан бас тартуға кеңес береді. Ал Қытайда жүрген азаматтар халық көп шоғырланатын жерлерге жоламағаны жөн.
– Базарларға, жабайы және үй жануарлары ұсталатын орындарға бармаңыздар. Сондай-ақ қолыңызды жиі жуып, суық тию белгілері бар адамдармен қарым-қатынасқа түспеңіз, – дейді Бекшин.
Амал қанша, тәж вирусына қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Бірақ біздің медициналық ұйымдар инфекцияны симптоматикалық әдіспен емдеуге дайын.
Сөз соңында дәрігерлер ұсынған пайдалы кеңестерді келтіре кетейік.
Тәж вирусының белгілері:
- дене қызуының 39 градусқа дейін көтерілуі;
- терінің бозаруы;
- жөтелгенде мол қақырық бөлініп, кеуденің ауыруы;
- тершеңдік;
- әлсіздік пен дел-салдық.
Тәж вирусынан қорғануға көмектесетін қарапайым тәсілдер:
- жиі-жиі қол жуу;
- ет пен жұмыртқаны әбден пісіріп жеу;
- үйді үнемі желдету және таза ұстау;
- түшкірген, жөтелген адамдардан аулақ жүру.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ