Еліміз тәуелсіздік алғалы мемлекеттің аппаратына қатысты 500-ден аса өзгеріс пен реформа жүріпті. Бұл ойдан шығарылған сан емес, «2025 жылға дейін ҚР мемлекеттік басқаруын дамыту тұжырымдамасының» жаңа жобасында келтірілген нақты дерек. Күні кеше «Айқын» әкімдердің өз командасымен көшіп жүретінін де жазды. Мұның бәрі мемлекеттік қызмет жүйесінде дағдарыстың, шешілмеген түйткілдердің бар екенін паш етеді.
Жарық дүниедегі жалғыз «әлеуметтік лифті» ретінде мемлекетті ғана таңдаған топ бар. Бұл, әрине шенеуніктер. ЭЫДҰ тәжірибесі бойынша осы қатарға бюджетке күні қараған барлық сала қызметкерлері де жатқызылады. Олардың бәрін өсіретін де, өшіретін де – Үкімет. Оларға жұмыс, тұрақты табыс, бастарына баспана, балаларына балабақша бере отырып, мемлекет өз кезегінде елді дамытуда соларға сүйенгісі, ісіне шын берілгенін көргісі келеді.
Дегенмен зерттеушілер шетсіз-шексіз реформа осы топты әбден сужүрек ететінін айтады: олар дамудан гөрі жан бағуға бейім тұрады.
«Кез келген елдегі азаматтық және технократиялық элитаның міндеті – біріншіден, билік жүйесін күрт төңкеріліп қалудан қорғап, орнықты, тұрақты жағдайда сақтау, екіншіден, мемлекеттік саясат пен шешімдердің ұдайы сабақтастығын қамтамасыз ету, үшіншіден, жоғарыда байыпталған жаңғыру шараларын төменгі деңгейлерде лайықты жүргізу болуы тиіс. Ал тұрақсыздық жағдайында олар елді модернизациялауға жұмыс істемейді, тек ел басшылығы мен халыққа көз қылып алдамшы қарекеттерге бой ұрады. Оқиғалардың өрбу барысына еш ықпал ете алмайтынын түсінген олар ахуалды жақсартуға тырыспайды, керісінше, кері кету, стагнация жағдайында жұмыс істеуге бейімделеді», – дейді ресейлік әлеуметтанушы, «Левада-Центр» директорының орынбасары Денис Волков.
Ел адасса не болады?
Азаттыққа қол жеткен кезеңнен бері Қазақстанда мемлекеттік аппарат қаншама рет кең ауқымды әрі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Соның ішінде, әсіресе үш ірі әкімшілік реформаны бөліп алуға болады. Бұлар – 1997, 2007 және 2013-2014 жылдардағы реформалар. 1997-2001 жылдары мемлекет әкімшілік-бюджеттік жаңғыруды жүзеге асырды. 2007 жылы мемлекеттік жоспарлау тәсілдерін қайта қарауға, мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіруге талпынды.
Ал бертінде, 2013-2014 жылдары – мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажыратты, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару институтын нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің жекелеген бағыттарын жетілдірудің тұжырымдамалық тәсілдерді енгізуге күш салды.
Кейін, яғни 2017 жылы мемлекеттік құрылым ірі конституциялық реформаны да бастан кешті: оның аясында Мемлекет басшысының біраз құзыры алынып, Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлінді. Бұл биліктің барлық тармақтарының ел тағдыры үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында жасалды. Әрине, осы жаңғыру кезеңдерінің әрқайсысы – өз заманының сын-тегеурініне жауап.
Алайда бітіп болмас өзгерістер халықты да шатастырып бітті. Оны мысалы, меморгандарда тігісі сөгілетін қап-қап шағым хаттан байқауға болады. Айтқандай, биліктегі ең танымал сырғытпа жауап – «сіз көтеріп отырған мәселе біздің министрліктің (әкімдіктің, агенттіктің, ведомствоның, комитеттің) құзырына кірмейді».
Ауруханада дәрігердің дөрекілігіне душар болғаны, емдеу сапасының төмендігі, емханаларда жабдықтардың жетіспейтіні жайында арыз айтып, қазақстандықтар Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат жолдайды. Қайырған жауабында ол аталған мәселенің барлығы жергілікті әкімдік құрамындағы денсаулық сақтау басқармасының өкілеттігіне жататынын нұсқайды, соған жүгінуге кеңес береді.
Мектепте мұғалім тұрақтамайтыны, салдарынан оқушылар біліміне және оқыту процесінің сабақтастығына нұқсан келетіні, тіпті астаналық мектептердің терезесі аңғал-саңғал болуы кесірінен балалардың жиі ауыратыны туралы ата-аналар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке мұңын шағады. Министр болса, әр өңірдегі мектептер және ондағы оқу процесі БҒМ-ның емес, әкімдік жанындағы білім басқармасы не бөлімінің «бас ауруы» екенін айтады.
2010 жылдары Ақпарат және байланыс министрлігі, жуырда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталғанын және солардың заңды мұрагері екенін есте ұстаған жұртшылық ауылда интернеттің жоқтығы, ХХІ ғасырда ұялы байланысқа зәру екенін Ақпарат және даму министрлігіне хабарлайды. Бірақ қазіргі «құзырбөліске» сай бұл енді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің ісі.
Өзен-көлдердің нашар жағдайы, ауыл тұрғындарының іргедегі су қоймасынан балық аулап, нәпақасын айыруы секілді мәселелер бойынша азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағымданады. АШМ болса, бұл мәселелерді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шешетінін ескертіп, кері қайтарады.
Бұл құбылыс барлық ведомстволарға тән. Қорыта айтқанда, мемаппарат жүйесіндегі қайта құрылымдаулар халықты әбден адастырды. Нақты мәселесін шешу орнына мемлекеттік органдардың ашынған жұртты бір-біріне қарай допша қуалауы елдің наразылығын күшейтіп, билікке деген сенімге одан ары қарай сына қағады.
Еңбекке жарамды әрбір 5-қазақстандық – мемқызметші
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекеттік аппараттың ұйымдастырушылық құрылымы 500 реттен көп өзгерген. Реформалар барысында министрліктер мен ведомстволар саны, атауы және құзыры сан құбылды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, орталық меморгандар қатары 26 мен 43 саны арасында бірде азайып, бірде көбейіп отырған. Ал шенеуніктер сапы 67 562-ден 104 152-ге дейін өзгерді. Мысалы, 2011 жылы мемлекеттік аппарат саны бірден 15%-ға қысқартылды және 90 730 бірлікті құрады. Әйтсе де, іле-шала мемаппарат қайта «қампайып» шыға келді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бүгінде шенеуніктердің штат саны 98 726 бірлікті құрайды. Соның ішінде саяси мемқызметшілердің, яғни бірінші басшылардың штат саны – 453 бірлік. Ал әкімшілік мемқызметшілердің, яғни технократтардың қатары – 98 273 бірлік, оның 285 бірлігі – «А» корпусына, 97 988 бірлігі – «Б» корпусына жатады.
Алайда бұл тек штаттық бірлік қана. Білікті кадр табылмауы, немесе басшының ол қызметті белгілі бір адам үшін сақтауы секілді факторлар нәтижесінде 7 794 жұмыс орны бос тұр.
Осылайша, қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны – 90 932 адам, бұл барлық штат санының 92,1%-ына тең. Тарата айтсақ, саяси мемлекеттік қызметшілер – 443 (штат санының 2,2%-ы бос). «А» корпусындағы мемқызметшілер саны – 271 (5%-дайы бос). «Б» корпусында 90 218 шенеунік бар, онда лауазымдардың шамамен 8 пайызына адам алынбаған. Дәл осы корпустағы 7,7 мыңдай бос орынға конкурс жарияламай, оларды жою жоспарлануда: бұл мемаппаратты 2020-2023 жылдары кезең-кезеңмен 25%-ға қысқарту аясында жүзеге асырылатын көрінеді.
Қазіргі кезде барлық шендінің 47 852-і – орталық меморгандарда, ал 43 80 адам – жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейді. 20 мыңнан астам жас мемлекеттік қызметші болу мансабын таңдаған. Әйелдер саны – 50 331, мемқызметшілерінің нақты санындағы үлесі – 55,4%. Оның ішінде басшылық лауазымдағысы – 39,8% (24 433 басшының 9 727-і – әйел).
Шетел тәжірибесіне жүгінсек, ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде бюджеттен жалақы алатын дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер және әскери қызметшілер де мемлекеттік қызметшілер санатына жатқызылады. Қазақстанда бюджет қаржысына күн көретін азаматтық қызметшілер саны – 1,4 миллион, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлері – 300 мың адам. Бұған әскерилерді қосқанда, қазақстандық еңбекке қабілетті азаматтардың 20% мемқызметші болып шығады.
Бұл озық елдердегіден көп: Батыс мемлекеттерінде аталған көрсеткіш экономикалық белсенді халықтың 18%-ын, Азия өңірінде – 6-8%-ын, Жапонияда – 6%, Оңтүстік Корея 7,6%-ын ғана құрайды.
Айхан ШӘРІП