Қайын жұртынан ет ұрлаған күйеубала жеті жылға сотталуы мүмкін 
Қайын жұртынан ет ұрлаған күйеубала жеті жылға сотталуы мүмкін 
183
оқылды

Оқиғаны тарқатып айтсақ, биыл 1 наурыз күні Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне Көгершін ауылының тұрғыны үйінің жанындағы қорасында жаюлы тұрған жылқы мен қой етін белгісіз біреудің ұрлап кеткендігі туралы арызданады.

Полицейлердің жедел-іздестіру жұмысының нәтижесінде, осы ауылдың 33 жастағы тұрғыны ұсталған. Ол  арызданушының келесі көшеде тұратын күйеубаласы болып шықты. Күдікті  соғым етінің жайылып тұрғанын алдын ала біліп, қора  есігінің құлпын бұзып, ет ұрлаған. Тіпті, күйеубала қойды сойған кезде қайын жұртының үйінде көмектесіп жүрген екен. Тергеу барысында күдікті жақын туысының үйіне ұрлыққа түскенде масаң күйде болғанын, соғым етін үйіне апарып асып жеу мақсатында ұрлағанын мойындаған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соғым етін қайын жұртынан ұрлап жемек болған күйеубала енді екі жылдан жеті жылға дейін темірторға қамалуы мүмкін.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы