Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетінде ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы Абай Құнанбайұлы жайлы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарыққа шықты.
Абайды әлемге танытқан ұлы жазушы М.Әуезовтің атын еншілеген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері осы мақаладан өз бойларына рухани азық алды.
Президент өз мақаласында: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», – деді.
Расымен де, қазақ халқының ұлт ұстазы Абай (Ибраһим) өз халқымен бірге міне ХХІ ғасыр межесіне жетіп, ел-жұртымен бірге емен-жарқын жасап жатыр. Өзі кезінде айтқандай: Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп, шайырдың өзі жоқ болса да, сөзі қалды. Асыл сөз өлмейді. Асыл сөз айта алған адам да, асылы өлмек емес. Кезінде Абайдың шығармашылық өмірін құнттап, кейінгі ұрпақ үшін алтын сандыққа салып, аманат қылып, беріп кеткен М.Әуезов өзінің атағы әлемге жайылған «Абай жолы» роман-эпопеясында: «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең… Ана жұртың сені өлді демейді…» деген болатын.
Абайтануға өмірін арнаған абыз ақсақалымыз профессор Мекемтас Мырзахметұлы Абайды зерттеуге өмірін арнап, қоғамға жаңадан адамзат баласын рухани тәрбиеге бастайтын «Толық адам» ілімі бойынша арнайы еңбек жазып шықты. Мекемтас ағамыздың шәкірттері де Абайтану саласында қажырлы еңбек етіп, тарихи сананың жаңғыруына үлестерін қосуда. Өткен жылы ғана университет қабырғасынан «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығын ашқанбыз. Мақсат – Абайды әлемге танытқан қаламгер Мұхтар Әуезов мұрасын одан әрі зерттеп, зерделей түсу. Оның сан қатпарлы мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау.
Енді осыған байланысты тың жаңалық: университетіміздегі профессор Мекемтас Мырзахметұлы басқарып отырған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек, шәкірті Әзімхан Исабекпен бірге М.Әуезовтің мұражай үйіндегі Мүрсейіт қолжазбасына сүйеніп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Әзімхан Исабек – біздің университетіміздің магистранты. Абайдың аталмыш «Китаб тасдиқ» еңбегі Әзімханның диссертациялық жұмысы. Бұл Абайтану тарихында үлкен орын алар ғылыми жаңалық.
Мемлекет басшысы мақалада азаматтарға, әсіресе жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет екеніне, осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал екеніне ерекше тоқталып өтті.
Бүгінде университетіміздің ғалымдары Абайдың тасада қалған туындыларын зерттеп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Д. ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік университетінің ректоры