Шымкенттегі «Ескі қалашық» шағынауданы қазір жаңаша түрленіп, өзгеше кейіпке енуде. Қаланың тарихи кіндігіне айналған цитадельде үш жылдан бері археологиялық экспедиция жүргізіліп келеді. Биыл көне қамал орны ашық аспан астындағы музейге айналып, оның салтанатты ашылуы «Шымкент —ТМД-ның мәдени астанасы» жылына жоспарланып отыр.
Археолог Мұзафар Омаров 2019 жылдың қазан айында ХҮІІІ-ХІХ ғасырға тән хауыз бен оған апаратын жолды тауып, топырақтан аршығанын айтады. «Бұл жол мал сүйегі мен керамикадан жасалған. Межеленген жұмысты уақытылы аяқтау үшін қажырлы еңбек еттік. Қазір қамалды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстары қайта жанданады» – дейді археолог.
Айта кетейік, тарихшылар Шымкенттің Қазақстандағы ең ежелгі қала екенін осы жерден табылған жәдігерлер арқылы дәлелдеген болатын. Алдағы уақытта бұл жәдігерлер осы жерде салынып жатқан ашық аспан астындағы мұражайға қойылмақ. «Ең басты қуанышымыз, жұмыс басталды. Шымкенттің өз мұражайын ашуға жететін дүние қолымызда бар», – дейді бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Байтанаев. Ал Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің бас маманы Гүлбану Маханова көне қамалды жаңғырту жұмыстары аясында бес бағыт бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалғанын атап өтті. «Нәтижесінде «Археологиялық экспертиза», «Архрест», «Археологиялық зерттеулер» ЖШС ғылыми-зерттеулер компаниялары осы жобаны жүзеге асырмақ. Бүгінде мемлекет қажеттілігі үшін 234 жер учаскесін алу қажет болса, алғашқы кезекте 48 жер телімінің 43-і қайтарылды. Ал екінші кезең бойынша учаскелерді бағалау жұмысы жалғасуда, – дейді сала маманы.
– Цитадель – ТМД-ның мәдени астанасын тамашалауға келетін туристер аялдап, тамашалайтын бірегей нысан болмақ. Бүгінде кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді қызықтыра алатын жағдай жасалынған. Мысалы, Бакудегі көне қалашықта галереялар жұмыс істесе, Рим Колизейін таныту үшін де біраз шаруа атқарылған. Ал Шымкент – еліміздегі ортағасырлық цитадель орны сақталған жалғыз қала, – дейді жоба авторы, «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәіпорнының жобалау филиалының басшысы С.Ағытаев.
Алдағы уақытта цитадель орнынан бес жүз орындық амфитеатр, галерея, тағы басқа нысандар бой көтермек. Ал табылған жәдігерлер осы жерден салынып жатқан музейге қойылады. Жобаны жүзеге асырушылар қамалдың оңтүстік қақпасы мен қасбеті, қалашықта табылған экспонаттар тұратын мұражай құрылысы наурызда дайын болатынын айтады. Ал бекіністің үстіңгі қабаты мен айналдыра абаттандыру жұмысы қыркүйек-қазан айларына дейін жалғасады деп күтілуде.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы