Жамбыл облысында үш барыс фототұзақ объективіне түсіп қалды. Облысқа қарасты Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) 11 сурет жолдаған.
Барыстар Жамбыл облысында алғаш рет видеоға 2019 жылдың соңында түсіп қалған еді. Содан бері жабайы аңдар шамамен 20 рет фототұзақ объективінен көрінді. Мамандардың айтуынша, жыртқыштың тауда жүруі ондағы экожүйенің жақсы екенін, азығының барын және Меркі орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі жүзеге асыратын экологиялық шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Бұл жағдай Меркі ауданында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру үшін негіз бола алады. «Ерекше қорғалатын аумақ құру – барыс пен Қызыл кітапқа енген жануарлардың басқа да түрін қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ экотуризмнің дамуына және жергілікті халық арасында жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді» деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш. Барыс – әлемнің 12 елінде мекендейтін сирек кездесетін және аз зерттелген мысықтұқымдас жануардың бірі. Мамандардың есебі бойынша, Қазақстанда 130-дан 150-ге дейін барыс бар. Олар азаюына және жойылу қаупіне байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына енген.А.ЕРСҰЛТАН