Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру барысының көңіл көншітпейтіні туралы қорытындыға келді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атап өткеніндей, «Еңбек» бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 1,3 млн. азамат бағдарламаның қатысушысы болды, олардың – 40% жастар.
«Үш жылда кәсіпкерлікті дамытуға 186 млрд теңге бағытталып, 39 мың несие берілді. Несие алушылардың 63% – өз ісін жаңадан ашқан адамдар. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде субсидия беру арқылы 414 мың жұмыс орыны құрылды», – деді министр.
Жақсы нәтижелердің болғанына қарамастан, «Еңбек» бағдарламасын іске асыру барысында көптеген келеңсіздіктер, оның ішінде жемқорлық сипаттағы заңбұзушылықтар да орын алған. Кеңес мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменованың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы қолға алынған 3 жыл ішінде 88 жемқорлық қылмыс тіркеліп, сотқа 56 қылмыстық іс жіберілген. Сонымен қатар, бағдарлама аясында 180 несиеге бөлінген, соммасы жарты миллиард теңгеге жуық қаржыны бағдарламаға қатысушылар жеке басының мақсатына пайдаланған.
«Сонымен бірге 6 миллиардқа жуық теңге нарықта сұранысқа ие емес мамандықтарға оқытуға жұмсалған. Бағдарлама аясында оқыған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мыңы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген және салықтық төлемдер бойынша қарызы бар азаматтарға соммасы 1,3 млрд. теңге болатын несие бөлудің 750 дерегі анықталды», – деді Бақытгүл Хаменова.
Отырыс соңында Кеңес мүшелері мақсатты индикаторлар мен мембағдарлама аясындағы міндеттерге еңбек нарығындағы ағымдағы жағдайларды бұрмалау арқылы қол жеткізіліп отырғаны туралы ортақ қорытындыға келді. Талдау жұмыстарының нәтижесі осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында орын алған сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері, уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың ұйымдастырушылық қызметінің төмендігінен, нормативтік құқықтық актілерде жемқорлыққа жол беруге мүмкіндік беретін талаптардың болуынан және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басшылығы тарапынан тиісті ведомстволық бақылаудың болмауынан орын алғанын көрсеткен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша келеңсіздіктерді жою мен жұмысты жақсартуға қатысты Еңбек министрлігіне бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, бағдарлама аясында жастардың тәжірибе алу мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұзарту ұсынылды. Партиялықтар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ерекше көңіл бөліп, олар үшін грант бөлу ережесін қайта қарауға баса назар аударды.
«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттардың көлемі 200 АЕК-ке дейін ұлғайды. Табысы аз отбасылардың осы санатқа жататыны мәлім. Алайда, грантпен алынатын сомма отбасының жалпы табысын санау кезінде есепке алынатындықтан, АӘК алушылар гранттан бас тартуда. Осыған орай, отбасының жалпы табысын санағанда бизнесін жолға қойып алғанға дейін грант соммасын кіріс ретінде есептемеу керек, сонда олар АӘК-тен айырылып қалмайды», – деді Омархан Өксікбаев.
Сонымен қатар, Кеңес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановты, Түркістан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны, Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевты және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Әбілхатинді партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.