Фируза Шарипова қаталдық танытпағанына өкінеді
Фируза Шарипова қаталдық танытпағанына өкінеді
256
оқылды

Атақты боксшы қыз ресейлік Очигавадан есе қайтару мәселесінің басын ашып, алдағы жоспарларын баян етті. «Күн сайын күш алып келе жатқан» қазақстандық спортшы енді ешқашан жеңісті қолдан бермеуге бекініпті.

Нұр-Сұлтанда бүгін баспасөз конференциясы өтіп, онда әлем чемпионы Фируза Шарипованың жаңа жекпе-жегінің қашан болатыны жарияланды. Сом жұдырықты қыз карантин жағдайында қалай жаттығып жатқанын айтып, журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Liter.kz.

Анықталғанындай, Фируза Шарипова бокстан 2012 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, ресейлік Софья Очигавамен 2021 жылғы 3 сәуірде Қазан қаласында кездесетін болады. Фирузаның қанжығасында 12 жеңіс бар, бір рет қана есе жіберіп, жеңіліс тапты: оның жолын 2016 жылғы айқаста дәл осы Очигава кесті. «Бұл менің жалғыз жеңілісім, енді оның бетін жылы жауып қойсам деймін. Қазір жеткілікті тәжірибе жинадым және жеңетініме сенімдімін. Біраз уақыт өтті ғой, екеуіміз де төселіп үлгердік», – деді Фируза. Ол дайындықтың бірінші кезеңін тәмамдағанын жеткізді. Бір аптадан кейін спаринг жаттығуға кіріспек. Боксшы белгіленген күні шынығу мен шымырлықтың шырқау шегіне жетерінен үмітті. Ф.Шарипова Татарстан астанасындағы арпалысқа уайымдамайтынын тілге тиек етті. Ол жекпе-жектің қызықты өтеріне сенімді. Фируза «алдыңғы жекпе-жекте жеткілікті дәрежеде қатал бола алмадым» деп санайды екен. Бірақ оның есесін енді қайтармақ: әрбір соққымнан қуат, жігер, төзім мен сенім сезіледі дейді. Ол сондай-ақ командасын ауыстырған көрінеді: бүгінде тек қана кәсіпқой боксшылармен бірге жұмыс істейді. Оның менеджері Сергей Завилейский шәкіртінің «шайқасқа» дайын екенін және тіпті пандемияға қарамастан, ұдайы жаттығып жүргенін хабарлады. Бұл ретте коронавирус жұқтырып алмауы үшін қызу жаттығуға қажетті барлық жағдай Фирузаның үйінде жасалыпты. Жаттықтырушының мойындауынша, әлемдегі карантин жағдайында қандай да бір жекпе-жекті жоспарлау өте күрделі болып тұр.
«Мысалы, Софья Очигавамен есе қайтару жекпе-жегі бұдан біраз бұрын белгіленген еді, алайда Фируза Ресеймен арадағы шекараны кесіп өте алмай қалды. Содан біз басқа жекпе-жекті Беларусьте ұйымдастыруға ұйғардық. Бірақ ол елге де жете алмадық. Тамызда Ресей мен Танзания арасында ұшақ қатынасы ашылды. Біз Танзаниядан қарсылас таба алдық. Негізі, Фируза Ресейдегі рейтингі бар барлық қарсыласын жеңіп шықты. ТМД аумағында да бәсекелесі қалмады. Шығыс Африкадан қарсылас іздеуіміздің мәні де сонда. Бірақ мұнымен шытырман оқиғалар тізбегі таусылмаған екен! Біз Сыртқы істер министрлігінен рұқсат алып, Ыстамбұлға билет сатып алдық. Әйткенмен, Түркияға жеткеніміз сол, ол жақтан Ресейге кіргізбей қойғаны. Біз жанталасып жүріп, жандәрмен басқа қарсыласты таптық. Дәл осы кезде ол боксшы қыздан коронавирус анықталды. Дегенмен, үшінші рет жолымыз болды: кезекті қарсыласпен жекпе-жек Қазанда өтті. Фируза жеңіске жетіп, ІІІ санаттағы әлем чемпионы атағын қанжығасына байлады», – дейді Сергей Завилейский.
БАҚ өкілдері Фирузадан өміріндегі ең қиын жекпе-жекті атауды өтінді. Боксшы қыз әзірге ондай жекпе-жекке кезікпегенін мәлімдеді. Әйтсе де, ирландық боксшы Кэти Тэйлормен бір рингте қолғап түйістіретін күнді асыға күтіп жүргенін айтты. Спортшының менеджері Фирузаның сайыстарын қаржыландыру мәселесі туралы сұраққа жауап қатты. Оның дерегінше, 2020 жылдың қаңтарында Ф.Шарипова сәбилі болыпты. Соның қарсаңында ол үлкен рингпен қош айтысатынын жария етті. Бірақ кейбір ақпарат құралдары жазғандай, оның бокстан кетуіне жүктілік себеп болмапты. Бұған оны қаржының жоқтығы итермелеген. «Сол кезде Фируза Ева Вальстреммен жұдырықтасады деп күтілді, бұл жанкүйердің делебесін қоздырар, БАҚ-ты елеңдетер өте қызықты жекпе-жек болуға тиіс еді. Қынжылтатыны сол, қаражат жетіспеді де, үлкен аренаны шағындауына алмастыруымызға тура келді. Оның үстіне Ева Қазақстанға ұшып келуден үзілді-кесілді бас тартты. Ол тек Санкт-Петерборда кездесуге келісті. Біз Фирузаның көрші елге сапарына демеушілер іздедік. Жалпы алғанда, жарты жылдай сабылып, демеуші таппаған соң, Фирузаның жүйкесі сыр берді. Ол карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді», – деді С. Завилейский. Ал спортшы қыз босанған тұста, оның менеджері қазандық компаниямен келісімге қол жеткізе алыпты. Демеушімен мәмілеге сәйкес, бір жылда 4 жекпе-жек өткізу жөнінде контракт бекітілген. Әзірше келісім тек 1 жылдық мерзімді қамтиды, дегенмен, егер Фируза ірі жетістіктерге жетсе, мәміле тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Менеджер мәліметінше, әрбір жекпе-жекке дайындық шығыны орасан – бір жылдық жұмыс 200 мың доллардан көп қаржыны қажет етеді. «Қалай болғанда, ең төменгі болса да, қаржыландыруға қол жеткіздік. Енді Фирузаны ешкім де тоқтата алмайтынын атап өткім келеді. Ол №1 боксшы қыз болады! Мен бұған сенімдімін. Егер тиісті қолдау көрсе, биылғы жылдың соңына қарай, немесе 2022 жылы ол әлемнің абсолютті чемпионына айналады. Сондай-ақ басқа қарсыластарына қарағанда Фируза жас екенін және жаңа-жаңа күш алып келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Біздің команда жақсы түсініп отыр: Тэйлормен жекпе-жек неғұрлым кешірек өтсе, Фирузаның мүмкіндігі де соғұрлым өсе түспек. Әр нәрсенің өз уақыты бар», – деп түйді сөзін бапкер. Баспасөз конференциясында тағы бір сайыс жоспарланып отырғаны мәлім болды: 3 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Фируза басқа бір нұсқадағы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуы ықтимал. Фируза Шарипова қазірдің өзінде 58,9 келі салмақта IBO және WBC Silver-дің әлем чемпионы, 61,2 келі салмақта WIBA және WBU-дың әлем чемпионы, сондай-ақ 63,5 келі салмақта IBA-ның әлем чемпионы саналады.