Екі күннен бері дамылсыз соққан боранның кесірінен Ақмола облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылған. Дегенмен, ескертуді елең қылмаған облыс тұрғындары жолға шығып кетіп, қар құрсауында қалып қойған деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп 108 адамды, оның ішінде 3 баланы қар құрсауынан құтқарған.Құтқарушылар облыс тұрғындарын «112» қызметінен СМС хабарламалар алған жағдайда елдімекендерден тыс жерлерге шықпауды өтінді.«Эвакуация кезінде Степногорск, сондай-ақ Астрахан, Бурабай, Жарқайың, Ақкөл, Атбасар, Ерейментау және Шортанды аудандарында жылыту бекеттері жұмыс істеді, - деді Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
«Боранды кезде жол жабық болса да, қауіпті елемей шығып кетіп жатқандар бар. Бұл дегеніміз, жабылған жерлерде автокөліктердің кептелісін туғызады. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін жолға шықпауды сұраймыз», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы