ҰБТ-дан аузы күйген «үрлеп» ішеді
ҰБТ-дан аузы күйген «үрлеп» ішеді
583
оқылды
Қазақстанда бірде-бір мектеп өз оқушысының ҰБТ тапсыруына тыйым сала алмайды. Өйткені кейбір ата-аналар осыған шағымдануда. Тестілеу қорытындысы бойынша білім ордаларының рейтингі жасалмайтын болды. Бұ­л туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. ҰБТ айналасында жыл сайын қаптаған түйткіл бой көтереді. Оның көбісі – жауыр болған мәселе, яғни жауапты шенеуніктер шешпегесін қайта туындайды. Мысалы, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов «читерлікпен» күрес күшейгенін, ондай әрекетімен ұсталған жастарға бір жыл ішінде қайтадан ҰБТ тапсыруына тыйым салынатынын мәлімдеді. Бұл ұсыныс әзірге бекітілмеген, жақында қоғамдық талқылауға шығарылатын ереже жобасына енгізіліп отыр. Түсіндіре кетсек, читер – ағылшынның to cheat деген сөзінен шыққан, алаяқ дегенді білді ретін сленг сөз. Бұған Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шпаргалка қолданған, жасырын гаджет алып өтіп пайдаланған, болмаса, өз орнына ақылды біреуді жіберген тапсырушылар жатқызылады.
Өткен жылдан бері Қазақстанда ҰБТ бұрынғыдай жылына бір емес, 4 рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өткізіле бастады. Бұл үлкен сынақтан құлап, өзіне-өзі қол жұмсайтын түлектер санының көбеюіне байланысты да қолға алынған. Алайда бәрібір бұл төртеудің тек біреуі – «текті». Нақтылай кетсек, маусым айындағы негізгі ҰБТ-ны абыроймен тапсырғандар ғана мемлекеттік грант алады. Ал одан  құлағандар қалған үш сынақтың бірінен лайықты өткенімен, ЖОО-ға ақылы негізде түсуден ғана үміттене алады. Немесе күш жинап, келесі жылы маусымдағы негізгі сынның шыңын шабуылдауы керек.
Білім шенеуніктері қосымша тестілеудің бірінде айласын асырып, қулыққа басқан баланы маусымдағы ҰБТ-ға да жібермеуге ұйғарды. «Мысалы, егер біз қаңтардағы ҰБТ кезінде түлектің өз орнына өзгені жібергенін әшкерелесек, онда оны бүкіл жыл бойы емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырамыз. Сөйтіп, бір жылын босқа жоғалтады. Содан кейін тек коммерциялық бөлімге түсуге тест тапсыра алады. Сол сияқты егер әлдекім жыл басындағы емтиханға смартфон алып өтуге талаптанып қолға түссе және наурыздағы тестілеуде тағы да сол әрекетімен ұсталса, біз оны да бір жылға бұғаттап тастаймыз. Барлық мән-маңыз осында: читерлер жыл бойы емтиханнан қуылады және тегін оқудан үміттене алмайды», – деді Дидар Смағұлов. Ол ҰБТ нәтижесі бір айдан кейін де жойылуы мүмкін екенін ескертті: әрине, егер осы уақыт ішінде мәселен, видеожазба арқылы түлектің читерлік жасағаны анықталып жатса. Бұдан бөлек, орталық «тоқылдақтар» қызметіне жүгінеді. «Онлайн трансляция жүргізіледі. Сонымен қатар көшіру фактілері туралы хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы ұялы қосымша іске қосылады. ҰБТ-дан кейін шамамен бір ай бойы біз Ұлттық тестілеу орталығында барлық бейнежазбаны және түскен ақпаратты зерделейміз. Қосымша заңсыз қарекеттер анықталып жатса, тапсырып кеткендерге де шара қолданып, нәтижесін жоққа шығарамыз. Бізге сондай құқық берілген», – деді орталық директоры. Мұның сыртында ата-аналар да ҰБТ ұйымдастыру үдерісіне қатысты шағым айтуда. «Мектептің балама ҰБТ-ға қатысуға тыйым салатын қандай қақысы бар? Бұл заңды ма? Әйтпесе, ол қажетті балды бәрі бір жинай алмайды, сондықтан қатыспасын депті», – деп ашынады шәкірттің анасы А.Серікова. БҒМ басшысы мұның заңсыз екенін айтады:
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғарғы немесе жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына түсуге арналған іріктеу емтиханының бір түрі. Ол биыл орта мектептер түлектері үшін өткізіледі. ҰБТ нәтижесінде соларға республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын білім беру гранты тағайындалады. Қаласа, түлек өз нәтижесімен ЖОО-ға ақылы негізде түсе алады. Бірақ бірде-бір мектептің өз түлегіне ҰБТ тапсыруына тыйым салуға құқығы жоқ. Ұлттық тестілеу нәтижесінде қазіргі кезде мектептердің рейтингі жүргізілмейді, – деп сендірді министр Асхат Аймағамбетов.
Соған қарағанда, бұрын рейтинг жасалған тұста аузы күйген білім ордаларының басшылары мен педагогтер одан ары «үрлеп ішуді» жалғастырып жатқанға ұқсайды.   Елдос СЕНБАЙ