2021 жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінді. Ол қаржыға 8 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Биылдан бастап бағдарламаға құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатыса алады.
– "Былтыр құқық қоргау органдары тарапынан осы сұрақ туындады. Алматы – үлкен қала. Полиция департаменті анализ жүргізген. Нәтижесінде 35 жасқа толмаған мыңға жуық полиция қызметкері бар екен. Олар да осы бағдарлама арқылы үй алғысы келеді. Сондықтан биыл бұл тізімге полиция қызметкерлері қосылды", – деді Алматының тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров.
«Алматы жастары» бағдарламасының шарттары қандай?
Ермек Әміровтің мәліметінше, биыл баспана алуға берілетін қарыз сомасы 13 млн-нан 18 млн теңгеге дейін ұлғайды. Оның 14 миллионы қала бюджетінен, ал 4 миллионы «Отбасы банкі» акционерлік қоғамынан қарастырылған.
– Нарықта баспана бағасының қымбаттауына байланысты несие сомасын арттырдық. Қазіргі кезде жоба бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Азаматтар бастапқы және қайталама нарықтан да баспана ала алады, – деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары.
• Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 миллион теңгеге дейін;
• Процент мөлшерлемесі – 5%;
• Бастапқы жарна – 10%;
• жаңа және қайталама нарықтағы тұрғын үйді алу мүмкіндігі бар;
• 1000 адам қамтылады.
Талаптары:
Қазақстан Республикасының азаматы;
Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш беру кезінде жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сонымен бірге Қазақстан аумағында кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы.
Қатысушы кем дегенде кейінгі 6 ай Алматыда ресми жұмыс істеуі керек, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет.
Алматыда тіркелген, жарты жылдан кем емес мерзімде әрекет ететін жеке кәсіпкерлік (бар болса) (бұл талап мәдениет саласындағы өзін өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты).
Өтініш берушілердің тізімі баллдық жүйені ескере отырып санаттар бойынша қалыптастырылады (баллдардың ең көп саны бойынша)
Өтінім берушілердің баллы тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушы басымдыққа ие болады.
«Алматы жастары 4.0» бағдарламасына қажет құжаттар:
Өтініш пен құжаттарды электронды түрде жинап, Almaty-zhastary.kz сайтында электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тапсыру қажет.
Алматының тұрғын үй саясаты басқармасының хабарлауынша, 2020 жылы тұрғын үй алу үшін резервке енген азаматтар жолдама алғандар тізіміне автоматты түрде өтпейді. Резервке енген азаматтар биыл да құжат жинап, конкурсқа қайта қатысуы керек.
«Алматы жастары 3.0» бағдарламасына құжат тапсырған жастардан кеңес
Айдана Қожанияз, журналист
«Алматы жастары» бағдарламасы алғаш шыққан кезде екі жыл тұрақты тіркеуім болмады. Кейін бұл талапты алып тастапты. Келесі легіне тапсырып, үй ала алмадым. Алматыдағы тұрғын үймен қамту орталығына барып, себебін сұрадым. Ондағылар жауапты хатшы деген қызметтің журналистер санатына кірмейтінін айтты. Келесі легіне қайта тапсырдым. 2020 жылдың күзі еді, орын аз қалғандықтан ұпайы жоғарыларға жолдама беріліп, мені резерв тізіміне енгізді. Сөйтіп 2020 жылдың үш кезеңінде де үй ала алмадым. Ендігі легіне 10 наурызда құжат қабылдау басталатынын естіген бойда барлық қажет құжатты дайындап қойдым. Мамандығымды жауапты хатшы-журналист деп өзгерттім. Осы мәселе бойынша биыл бағдарламада өзгеріс бар екен. Мысалы бұрын педагог деген санатта тек мұғалімдер тапсыратын болса, биыл сол ұйымдағы заңгер, бухгалтерлер де тапсыра алады деп естідім. Менде негізі "Отбасы банкінде" бұрыннан шотым бар. Ондағы шоттың бағалау көрсеткіші – 21. Басқа бағдарламамен де тұрғын үй алуға болады. Бірақ Алматы әкімдігі ұсынып отырған бағдарламаның пайызы аз. Жастарға тиімді. Ертең қабылдау басталған бойда тапсырамын,– деп күтіп отырмын. Екі рет құжат жинаған тәжірибем бар, бәрін бір күнде дайындап бітірдім. Осы жолы жолдама беріледі деген үміттемін.
Таңшолпан Төлеген, журналист
Маған құжат жинау кезінде қиындық болмады. Тіпті, тұрғын үй бағдарламасына қатысып жатқанымды ұмытып кетіппін. 1 айдан кейін құжат тапсырған сайтқа жауабы келіпті, мен оны білмей 3-4 күн өткізіп алдым. Банк негізі үй табу 60 күндей мерзім береді. Сондықтан сайттағы жеке профиліңізді жиі қарап отыруға кеңес беремін.
Банк ұсынған бағалаушы мен нотариусқа бардым. Ондағы менеджерлер ұсынған жерге барып жүрдім. Құжатқа 200 мыңдай жұмсадым. Бірақ 90 мыңдай шығынға баттым. Себебі менеджерді дұрыс түсінбей, басқа шотқа ақша аударып қойдым. Ол ақшаны ипотека біткеннен кейін ғана ала алады екенмін. Ал менің ипотекам 14 жылдан кейін бітеді.