«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева партиялық жобаларды іске асыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша Қаратау ауданына қарасты бастауыш партия ұйымдарына барды.
Бірінші болып Сайрам тұрғын алабындағы Қаратау ауданы партия филиалына қарасты «Сайрам-Өркениет» бастауыш партия ұйымымен кездесті. 1 200-ден астам мүшесі бар «Сайрам-Өркениет» БПҰ 2015 жылы құрылған. Кездесу барысында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасап, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуін қамтамасыз ету және жұмыспен қамту – мемлекеттің негізгі мақсаты. Қаратау ауданында ерекше қажеттілігі бар адамдар саны – 8 565, оның ішінде балалар саны – 1 495. Аудан аумағында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар үйіне және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға партия тарапынан, депутаттардың демеушілігімен қайырымдылық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кездесу соңында жоба аясында атқарылатын жұмыстар нақтыланып, алдағы жұмыстар бойынша ұсыныстар берілді. Келесі кездесу 1 000-ға жуық мүшесі бар «Исфиджап» бастауыш партия ұйымымен өтті. Бастауыш партия ұйымы тарапынан атқарылған жұмыстар талқыланып, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы жөнінде сөз болды. Қаратау ауданында 31 соғыс ардагері, 378 тыл ардагері бар. Өткен жылы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шара бойынша аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесе аудан аумағында тұратын 10 соғыс ардагерін және 80 тыл ардагерін мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымының араласуымен 365 ардагерге «Жеңістің 75 жылдығына» арналған медаль таратылды. Сонымен қатар қарттар мен аудан аумағында тұратын 365 отбасына демеушілер есебінен азық-түлік себеті тапсырылған. – Партиялық жоба – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, әлеуметтік топтағы азаматтарды қолдауға, халықтың табысын арттыруға, әлеуметтік саланы жақсартуға, қаламыздың кешенді дамуына бағытталған. Біздің партия ұйымдарында бағдарлама аясында кешенді іс-шара түзіліп, жаңа бастамалар сәтті іске асуда. Оларды сапалы орындау – барлығымыздың міндетіміз, – деді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева. Кездесу соңында қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру керегі айтылды.Әбілмансұр ЖАСАН