Түрмеде отырған қарт әйелдердің бірі 11 жылдан соң бостандыққа шықты
Түрмеде отырған қарт әйелдердің бірі 11 жылдан соң бостандыққа шықты
284
оқылды

Атырауда есірткі сатқаны үшін 11 жылын әйелдер түзеу колониясында өткізген 63 жастағы әйел адам бостандыққа шықты. Айта кету керек, бұл әйел адам – еліміздегі қарт сотталғандардың бірі болатын.

Жамбыл облысының тумасы Рабиға Тараз қаласында есірткі сатумен айналысқан. Сөйтіп жүріп 2010 жылы Тараз қаласында героин сату кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсіп, ұсталады. Сот үкімімен 15 жылға сотталып, мүлкі тәркіленеді. Сотталғаннан кейін Қазақстанның түрмелерінде жазасын өтейді. Кейін Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесіне жеткізілді. – ҚР ҚПК сәйкес жазасын өтеуші Б.Р. 2021 жылдың наурыз айында мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Оған қажетті құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетіп, күтіп алуға туыстары шақырылды. Жаза өтеу барысында мекемеде тәртіпті болып, құқықбұзушылықтармен көзге түскен жоқ. Әрі қарай ол туралы мәлімет Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД жіберілді, – дейді УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Медет АДЖИКУЛОВ. Сотталған Рабиғаның айтуынша, ол бірден Тараздағы үйіне қайтып, туыстарымен кездеспекші. Содан кейін Тараз қаласын аралап, өзі түрмеде болған кезде дүниеден өтіп кеткен туыстарының бейітіне Құран бағыштамақшы. – 11 жылда көп нәрсе жоғалттым. Жасаған қылмысыма өкінумен болдым. Қартайған кезімде немере-шөберемді ойнатудың орнына, қылмыс жасадым. Мекеме қызметкерлері мені тәрбиелеп, дұрыс жолға салды. Қалған өмірімді тыныштықта өткізгім келеді, – дейді бостандыққа шыққан Рабиға. Рабиға жасы келіп қалғандықтан, жұмыс істемейді. Алайда, оған әрі қарай да қажетті көмектер көрсетілетін болады.