«1 миллионның үстінен 350 мың аласыңдар...» – «Қазақтелекомның» қызметкері әріптестерін алдап соқты
«1 миллионның үстінен 350 мың аласыңдар...» – «Қазақтелекомның» қызметкері әріптестерін алдап соқты
350
оқылды

«Қазақтелеком» компаниясының Өскемендегі филиалының  бір топ қызметкерлері айдың-күннің аманында қомақты ақшасынан айрылып, аһ ұрып қалды. Оларды сан соқтырған бөтен адам емес, өз әріптесі.

Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясында жұмыс істейтін жігіт қарамағындағы қызметтестеріне бизнес идея ұсынып, «Қытайдан арзан бағаға модем сатып алып, оны облыстың аудандарына қымбатқа сатамыз, осылайша ақшаның астында қаламыз. Бір миллионның үстінен 350 мың теңге табыс табасыңдар» деп сендіріпті. Бұған сенген әріптестері ештеңеден күдіктенбестен миллиондаған ақшаны қолына ұстатыпты. Тіпті, кейбірі несие алып та үлгеріпті. «Мен өзім 1 миллион теңге ақша бердім. 4-5 миллион берген кісілер де бар» дейді Нұрлан Қалымов. Өз әріптестерінің арбауына түскен адамдардың сөзіне сенсек, алаяқ 50-60 миллион теңге шамасындағы ақшаны алып кеткен. Осы жағдайға байланысты қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Қылмыстық іс бойынша 32 жастағы Өскемен қаласының тұрғынына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Оның арбауына түскен адамдардың саны бұдан да көп болуы мүмкін» дейді Өскемен қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Әли Айбеков.

Азамат ӘБІЛҰЛЫ Өскемен қаласы