«Солтүстік Қазақстан облысында бала денсаулығына қауіпті ойыншықтар сатылған. Атап айтқанда, аймақтағы дүкендер мен базарлардың сөресінде құрамында фенол бар ойыншықтар анықталған. Улы қуыршақтар мен көліктерден балалар дем ала алмай, көздері қызаруы мүмкін. Әдетте сапасыз әрі балалардың денсаулығына қауіпті ойыншықтар Қытайдан әкелінеді. Былтыр да СҚО-да жүздеген ойыншық жойылған еді.
Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Некрасова улы ойыншықтарды байқап қалғаны туралы былай дейді. «Ойыншықта өткір иіс барын байқадым. Оларды тез арада тастадық. Өйткені иісі жаман болғандықтан, оны балаларға беруден қорықтым. Арзан ойыншықтарды өте сирек аламыз. Кейін балалар зардап шекпес үшін қымбатын алған дұрыс», – дейді тұрғын. «Алынған сынаманы зерттеу кезінде фенол концентрациясының 13 есе артқаны анықталды. Баланың көзі қызарып, ауыз және мұрын шырышты қабығы қабынуы мүмкін. Ұзақ уақыт ойнаған кезде баланың тыныс алуы қиындайды», – дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттер талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Данияр Оспанов. Сарапшылар ойыншықты сатып алмас бұрын мұқият тексеруді ұсынады. Өнімнің толық сипаттамасы болуы керек. Зиян қоспалар нормадан асса бала улануы мүмкін. Ата-аналар сатушылардан өнім сертификаттарын талап ете алады. Данияр Оспанов сатып алу алдында ойыншықтың иісіне мән беруді ұсынды. «Егер ол улы болса, онда ол бу шығарады және ол сезіледі. Фенол қосылған ойыншықтар аз уақыттан кейін жағымды, тәтті иіс шығарады», – деп қосты Д.Оспанов.Қ.САПАРБАЙ