Атырау облысында жоғалған шопанды іздестіру жалғасуда
Атырау облысында жоғалған шопанды іздестіру жалғасуда
360
оқылды

Атырау облысында жоғалып кеткен шопанды іздестіруге тікұшақ та жұмылдырылды. Дегенмен шопанды табу мүмкін болмай тұр.

Исатай ауданы, Х.Ерғалиев ауылдық округі, Жасқайрат ауылына қарасты «Бекетай» қыстағынан «Сахипова» шаруа қожалығының малшысы 10 наурыз күні мал бағып шыққаннан кері оралмаған. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелерімен іздестіру жұмыстары 2021 жылдың 11 наурызы сағат 22:30-дан басталды. Жұмылдырылған іздестіру тобының күшімен Қазбек, Дос ата, Омар, Хасен, Мырзақұл, Тұяқ ағаш, Мұса ағаш, Нарөлген, Бекетай, Аққұдық, Ерғали, Папина ағашы, Есен қара, Қаңбақты, Бекайдар қыстақтарына іздестіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін радиусы 150-200 шақырымды қамтитын жерлерде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың 16 наурызы күні «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ы Батыс Атырау филиалының тікұшағы жұмылдырылып, Индер ауданының Қосжыңғыл, Жылқауыл, Қоштай қыстақтарын қамти отырып, шекаралас орналасқан Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына дейінгі аралықта тікұшақпен іздестіру жұмыстары жүргізілді. Алайда ешқандай нәтиже бермеді. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі «Тікұшақ жұмылдырылған бұл іздестіру радиусы 180 шақырымды қамтыды. Іздестіру жұмыстарына: Исатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 4 бірлік жеке құрам, жол талғамайтын 1 бірлік «ТРЭКОЛ» автокөлігі, аудандық Полиция бөлімінен 2 бірлік «НИВА» автокөлігімен, 6 бірлік қызметкер, туыстарынан 9 адам, 2 бірлік техника және тікұшақ пен дрон ұшу аппараты жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары жалғасуда», – деді.