Биыл Грекия Қазақстан сияқты өз тәуелсіздігінің мерейтойын атап өтуде. Осыдан дәл 200 жыл бұрын, 1821 жылдың 25 наурызында, Элладада Осман империясынан тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық күрес басталды, ол әлемнің саяси картасында халықаралық қатынастардың жаңа мүшесі пайда болуына жол ашты.
Бұл көтерілістің жаңа заман тарихы үшін маңызын бағалау қиын, себебі ол әлемнің көптеген халқын өз тәуелсіздігі үшін күресуге шабыттандырған болды. Грекиядан алыс шетсіз-шексіз қазақ даласында да, сол уақытта Жоламан Тіленшіұлы, Ғұбайдолла Хан, ал бірнеше жылдан кейін Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Кенесары ханның басшылығымен қазақ халқы өз бостандығы үшін күреске табанды түрде көтеріле бастады. Бүгінде Қазақстан мен Грекия – әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшелері және жаһандық, өңірлік ауқымдағы халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушылары. Елдеріміз арасында дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен бастап ширек ғасырдан астам уақыт бойы қарқынды дамып келе жатқан түрлі салада тұрақты екіжақты қатынастар орнатылды. Осы мақалада менің қазақ және грек халқын біріктіретін бірқатар фактіні атап өткім келеді.Понт гректері
Тарихи тұрғыдан Қазақстан мен Грекия арасындағы негізгі байланыстырушы буын – понтийліктер. Гректердің бұл субэтносы – Кіші Азия түбегінің солтүстік-шығысындағы (қазіргі Түркия аумағында) Понт тарихи аймағынан шыққан иммигранттардың ұрпақтары. ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Кеңес Одағының саясаты оларды Қара теңіз жағалауы, Кавказ, Оңтүстік Кавказ және Қырымда мекендеген аудандарынан қазақ даласына мәжбүрлеп қоныстандырылды. Нәтижесінде, 1923 жылы Қазақстан аумағындағы гректер саны 157 адам ғана болса, 1959 жылы өз шыңына жетіп, 55 мыңнан асты. Қазақ халқы оларды басқа да Кеңес өкіметінің қысымымен біздің жерімізге қоныс аударуға мәжбүр болған өзге халықтарға көрсеткен қамқорлық пен қонақжайлылықпен қарсы алды. Өз кезегінде осы мейірімділік үшін алғыс ретінде еңбекқор Понт гректерінің атсалысуымен Қазақстанда жүзім, бұршақ, темекі, көкөністер мен жемістердің таңдаулы сорттары өсірілді. Сол кездегі республиканың халық шаруашылығында гректер жетістікке жетпеген бірде-бір сала болған жоқ шығар. Оған қоса, олардың белсенді қатысуымен еліміздің оңтүстігінде Кентау қаласы салынды. Сол гректердің ұрпақтары бүкіл Қазақстан, тіпті посткеңестік кеңістік үшін де айтулы тұлғаларға айналды. Олардың қатарында эстрадалық әнші әрі музыкалық педагог Лаки Кесоглу, «Қайрат» футбол клубының аңызға айналған ойыншысы Евстафий Пехлеваниди, химик ғалым, академик Георгий Ксандопуло, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Спиридон Космериди және басқалары бар. Өткен ғасырдың 90-жылдары көптеген қазақстандық понттіктер өздерінің тарихи отанына қоныс аудара бастады. Бір қызығы, жерлестеріміз Грекияда да үлкен жетістіктерге жете бастады. Оған мысал ретінде ұлттық операның солисі Элени Келисиду, танымал әнші және актриса Ирини Пападопулу, Парламенттің ең жас депутаты Мария Апатзидині келтіруге болады. Олардың барлығы өздері «екінші отанымыз» деп атайтын Қазақстанды ұмытпайды. Достарымен, көршілерімен байланысты үзбей, қазақстандықтар туралы жаңалықтары мен олардың жетістіктеріне жиі қызығушылық танытады.Үлкен грек отбасы
Грекия – еуропалық мемлекет, ал Қазақстан Орталық Азияның жүрегінде орналасқан. Соған қарамастан отбасы мен отау құру мәселелеріне қатысты ділімізде қаншалықты ортақ нәрсе бар екені таңғаларлық. Гректер қазақтар сияқты салтанатты мерекелерді ұнатады. Сондықтан дәстүрлі грек үйлену тойында қонақтың саны 200-300, тіпті одан да асуы әбден мүмкін. Осындай тойлар міндетті түрде ақ дастарқан басында, әнмен, бимен бірге жүреді. Отбасы туралы айтатын болсақ, Грекияда екі немесе одан да көп ұрпақтың бір шаңырақ астында тұруы таңғаларлық нәрсе емес. Қазақстанда жас жұбайлар күйеуінің ата-анасымен көбіне бірге тұрады. Гректер үшін де бұл үйреншікті жағдай, себебі олар ата-аналарына үлкен қамқорлық пен сүйіспеншілікпен қарайды, ал ата-аналары, немерелерін қатты жақсы көреді.Тағамдардың алуандығы
Грек асханасы бүкіл әлемде теңіз өнімдерімен, сондай-ақ зәйтүн майын жасау мен қолданудың бай дәстүрімен танымал. Осыған қарамастан қазақстандықтар теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі елдің тумалары, сондай-ақ Қазақстандағы гректер де, екі елге гастрономиялық экскурсия жасайтын болса, өздеріне таныс тағамдарды таба алады. Олардың ішінде Грекияда сувлаки немесе кондосувли деп аталатын Орталық Азия аймағының асханаларына таныс кәуаптар; дөнер немесе шауырмаға өте ұқсас гирос; долмодакия немесе долма бар. Ең қызығы, грек мәзірінің арасынан қазақтың дәстүрлі ас-тағамдарын еске түсіретін асты да табуға болады. Мысалы, ішекке оралған қозының пісірілген ішкі мүшелері кукуреци, шұжық немесе қазыға ұқсас. Немесе тағы бір мысал – лукумадес. Оларды бауырсақ деп атауға болады. Бір ғана айырмашылығы, олар дәстүрлі түрде бал немесе қант шәрбатына батырылады.Грек даналығы
Эллиндер туралы айтқанда, ежелгі Грекия философиялық және қоғамдық-саяси ойының Батыс өркениетінің қалыптасуындағы рөлін атап өтпеуге болмайды. Демек, оның ізін Шығыс ойшылдары мен ақындарының, атап айтқанда, қазақ халқы даналарының еңбектерінен де көруге болатыны таңғаларлық емес. Мысалы, орта ғасырдағы ұлы ғалымдар мен зерттеушілердің бірі Әбу Насыр әл-Фараби Аристотельден кейінгі екінші ұстаз ретінде танымал. Осындай атаққа ие болуына оның ұлы грек ойшылының еңбектеріне түсініктемелер жазып, оларды түсіндірген алғашқы адам болғаны себеп болды. Қазақ әдебиеті өкілдерін еске салатын болсақ, Абай Құнанбайұлын атап өтуге тиіспіз. Ұлы ақын грек философы Сократ туралы өзінің 27-ші қара сөзінде айтады, ал «Ескендір» поэмасында Аристотельдің даналығын ерекше атап өтеді. Сонымен қатар мен басқарып отырған Қазақстанның Афинадағы елшілігінің екі ел арасындағы мәдени диалогті нығайтуға қосқан үлесін де атап өткім келеді. Атап айтқанда, біз Қазақстанның ұлттық кітапханасында грек тілінде үш жүзден астам ежелгі фолиант бар екенін білдік. Аталған мәселені мұрағат және кітапхана ісі саласындағы білікті сарапшылармен талқылағаннан кейін елшіліктің бастамасымен және оның белсенді атсалысуымен «Қазақстан ұлттық кітапханасындағы грек тіліндегі кітаптардың тақырыптық каталогі» жарық көрді. Бұл санақтың басты құндылығы – осы тізімдегі көптеген басылым алғаш рет сипатталғаны және каталог жасалғаны сонымен қатар олардың көбі тіпті Грекияның кітапхана қорында сақталмағаны. Ғылыми орта немесе қарапайым оқырмандар үшін үлкен қызығушылық тудыра алатын артефактілердің ішінде 1815 жылғы Ксенофонт шығармаларының «Париж» басылымы, 1819 жылғы Қасиетті жазбасының «Петербург» басылымы және тағы басқаларын ерекше атап өтуге болады. Осы мақаладағы қазақ және грек халықтарының мәдениеті, дәстүрі мен әдет-ғұрыптары арасындағы ұқсастықтарды, әрине толық тізбе деп айтуға болмайды. Алайда менің ойымша, олардың тіпті бар болғаны халықтарымыздың тіршіліктің түрлі саласында өзара тиімді ынтымақтастық үшін барлық негіздер бар екенінің дәлелі.Алексей ВОЛКОВ, Қазақстанның Грекиядағы елшісі