Биылғы қытымыр қыс елдің көкейінде көпке дейін қалатын шығар... Арқадағы қыс ұзаққа созылды. Тіпті, Ұлыстың ұлы күнінен кейінгі боран теріскейдегі біраз аймақтың жұртын әбігерге түсірді. Ал қыс бойы қара жолдың үстінде мыңдаған автокөлік қаңтарылып, жолдың ашылуын сағаттап, тіпті тәуліктеп күткен кездер болып еді.
«Миллиондар мен миллиардтар қайда кетті?»
Жол бойында қалып, көлігінде қатып қалмас үшін жанармайы таусылғанша жағып жан баққандар жағдайын жасырмай баяндады. Күні кеше Аршалы және Ерейментау аудандарында 257 адам жол бойында қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Бірақ тұрғындар жергілікті әкімдіктегілер мен төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына көңілі толмайтынын ашық жеткізді. «Республикалық жолдардың өзі дұрыс аршылмаған. Әрине, боран мен қалың қар биыл ерекше жауды. Бірақ бұл солтүстік өңір үшін күтпейтіндей жағдай емес қой?! Күнбе-күн облыс әкімдері әлеуметтік желілерде қыстың күтпеген құбылыстарына сақадай-сай екенін мәлімдеген. Іс жүзінде не болды? Миллиондап, миллиардтап бөлінген ақша қайда кетті? Жолдар аршылмаған. Рас, мұндайда жолға шығып кеткен адамдардың өздері де кінәлі. Дегенмен ертерек ескертіп, жолдың жабылатыны туралы хабардар етуге болатын еді ғой?!. Біз таңғы 9-да шұғыл шаруамызбен елордадан Аршалы ауданына қарай жолға шығып кеттік. Ал, жолдың жабылғаны туралы «112»-нің хабарламасы сағат 11-ден аса жетті. Яғни, хабарламаның кеш жіберілуі жүздеген адамның жолда қалуына себеп болды. Одан кейін де таңғы 9-дан аса қаңтарылып жолда тұрып, 2-3 шақырым жердегі Аршалыға түнгі 12-де бір-ақ жеттік. Жолда 2-3 жас полицейден басқа жан болмады. Ауданның әкімдері не қараған? Жылыту бекеті деп алып барған колледждерінде не жарық жоқ, не жылу жоқ. Содан түннің бір уақытында 100-ден аса адам мешітке барып паналауға мәжбүр болдық. Өзіміз әл-дәрменіміз құрып келгенде, мұнысы тіпті масқара ғой...», – дейді жолаушылардың бірі Бауыржан Хызырбек. Расында, облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы орган өкілдері әлеуметтік желілерде өздерінің қысқы жолдарды аршуға әзірліктерінің мықтылығын бірнеше рет баян еткен. Бірақ іс жүзінде әзір болмағаны ма? Алдымен республикалық маңызы бар жолдардың тазалығына жауапты «Қазавтожол» кәсіпорнынан техникалардың әзірлігі мен жолдарды аршу жайын сұрадық. «Биыл қысқы кезеңде қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты 2020 жылдың қараша айынан бастап бүгінге дейін 998 шектеу енгізілді.Қазір «Қазавтожол»ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдардың 20,5 мың шақырымына қызмет көрсетеді және қысқы күтіп-ұстауға арналған техниканың дайындығы 100% құрайды. Бүгінде «Қазавтожол»ҰК» АҚ меншігінде 1 086 техника бар, бірақ оның көбі ескі. Норматив бойынша 1 684 техника болуы тиіс» делінген «Қазавтожол ҰК» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің хабарламасында. Ведомство өкілінің айтуынша, жолдарды жедел тазалау үшін басқа да ұйымдардың қар тазалау техникалары тартылады. Сонымен бірге жолаушыларды жылыту бекетіне эвакуациялау, қар құрсауында қалған автокөлік құралдарын сүйрету жұмыстарын да қатар жүргізіп келе жатқанын айтады. «Қазавтожол» осылай деп жұмыстарын барынша жүргізгенін айтып, жолаушылардың жолға шығып кетуінің жол тазалауға кедергі тигізгенін жеткізді.Ақмолада қар күреуге бөлінген 400 миллион теңге жетпей қалды
Олардың бұл сөзін Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да құптады. Ведомствоның мәліметінше, қарлы боранның күні-түні дамыл таппауынан жолдарды уақытында аршу мүлде мүмкін болмаған. Сондай-ақ техниканың тапшылығы да жолдағы қарды жылдам күреуге елеулі ықпалын тигізген. «Біз облыстық маңызы бар жолдарды қардан тазартамыз. Биыл қыс ерекше болды. Күнара боран соғып, жолды уақытында аршу мүмкін болмады. Оның үстіне техникамыздың саны аз. 120 арнайы техника бар. Биыл қарды аршуға 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражат өте аз», – дейді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виктор Кулаков. Тиісті сала басшылары осылай деп мәселені қаражаттың аздығы мен техниканың жетіспеушілігіне, сондай-ақ адамдардың жолға шығып кете беруіне әкеп тіреді. Мәселе төңірегінде Төтенше жағдайлар министрлігінің де жауабын білмек болып хабарластық. «Қысқы кезеңде елімізде 1 722 адам, оның ішінде 230 бала құтқарылды, жолда қалған 1 300-ден астам техника шығарылды. Қыс кезеңінің басынан бастап елімізде 1 135 дауылды ескерту жарияланды. Автожолдар учаскелері 1 481 рет жабылды. Аталған кезеңде 1 129 адам, оның ішінде 116 бала эвакуацияланды. 108 жылыту бекеті жұмылдырылды. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 10 557 адам және 5 245 техника жұмылдырылды» деп жауап берді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметінше, ең күрделі жағдай еліміздің солтүстік және орталық бөлігінде, Алматы облысының «Үшарал-Достық» автожолының учаскесінде болған. Мұнда жыл сайын қыста ауа райы нашар болған кезде 100-ден астам жүк және жеңіл автомобиль қар құрсауында қалады. «Тек 2020 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың ақпан айына дейінгі кезеңде жолдың аталған учаскелерінде қар құрсауынан 490-ға жуық адам құтқарылып, эвакуацияланды және 200 бірлік техника шығарылды», – дейді ведомствоның баспасөз қызметі.Ескертуді ескермейтіндер көп
Төтенше жағдайлар мен оқиғалар қаупі туралы халықты ескерту мақсатында халықтың ұялы телефондарына ауа райының нашарлауы туралы 3 896 SMS хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 1 265 хабарлама жіберілген. «Дегенмен алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, адамдар елді мекендерден тыс жерлерге шығып, қар құрсауында қалып қойып жатты», – дейді ведомствоның баспасөз қызметінен. Мәселен, 2021 жылғы 16 қаңтарында Алматы облысы Кербұлақ ауданында «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автожолында қар құрсауынан 80 адам, оның ішінде екі баласы бар жүкті әйел құтқарылды. 2021 жылғы 25 ақпанда Қарағанды облысында дауылды ескерту жарияланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық автожолдарда көлік қозғалысы жабылды. ТЖ департаментінің, 52 859 әскери бөлімінің, апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері жолдарда 79 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарған.Көктем екен демеңіз...
Күнтізбе бойынша жұрт Наурызды тойлап, мәре-сәре болғанымен, ай басталғалы бері жолда қалғандар аз болмапты. Мәселен, биыл 11 наурызда Қарағанды облысы құтқарушылары ТЖМ 52859 әскери бөлімінің күштерімен бірлесіп Осакаров, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Абай аудандарының, сондай-ақ Қарағанды және Теміртау қалаларының қар басқан трассаларынан адамдарды эвакуациялау бойынша жұмыстар жүргізді. Осылайша, 87 адам құтқарылды және эвакуацияланды. «2021 жылғы 13-15 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауынан 164 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды, 63 бірлік техниканы сүйреп шығаруға көмек көрсетілген. Оған 23 наурыздағы боранды қосыңыз. Елорда төңірегінде және жақын аймақтарда біраз көлік жолда қалып, төтеншеліктерге біраз жұмыс шыққаны рас. Дегенмен биылғы борандар саладағы олқылықтарды байқатқандай болды. Оған боранды күнге қарамастан жолға шығып кеткен адамдардың да жауапсыздығын қосуға мәжбүрміз.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы