Тараз қаласында екі күннен бері жауған жауынның салдарынан көшелер лай суға толуда. Кеше түнде үлкен даңғылдардың бойының өзіне су жиналып, көліктердің қозғалысына кедергі келтірді.
Бүгінде жаңбыр бірер сағат себелеп, күн бұлттанып тұр. Демек, көктем өз мінезін танытып, алдағы күндерде де жауын шелектеп құяды деген сөз. Содан болар, бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, 1207 шақырым дренажды канал және арық жүйелеріне қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Жалпы өңірде су тасқыны Талас, Шу және Аса өзендері арқалы өтуі мүмкін. Сонымен қатар таулы аймақтарда орналасқан 5 өзеннің еріген қар суы халыққа қауіп төндіруі ықтимал. Олар - Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Талас аудандарындағы Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Мерке, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендері.
Ірі су қоймалары саналатын Киров – 72 пайызға, Тасөткел - 72, Теріс-Ащыбұлақ - 63 және Ынталы су айдыны - 78 пайызға толып тұр.
Мамандар су тасқынының алдын алу үшін 138 мың тонна жанар-жағармай және 11 мың тонна инертті материалдардың қоры құрылғанын айтады. Сондай-ақ , 65 мыңнан астам қаптар дайындалыпты. Халықты уақытша орналастыру үшін 41 қабылдау бекеті, 139 палатка және 1900 төсек орын әзірленуде. Дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін 56 денсаулық сақтау нысандары және дәрі-дәрмек қоры да жасақталған. Бақылау жүргізу және зардап шеккендерді көшіру үшін Тараз әуежайында «Қазавияқұтқару» АҚ «ЕС-145» тікұшағы да кезекшілікте тұр.
Әрине, мұндай дайындық шараларының болғаны дұрыс-ақ. Алайда бірер күн жауған жаңбырдың өзі Тараз қаласының көшелерін су астына қалдырғанын ескерсек, өзендерде арнасынан тасыса қайтпекпіз? Осы тұста облыс орталығында жаңбыр суын ағызатын кәріз жүйесінің жоқтығы тағы кесе көлденең тұрады. Бұл мәселені тараздықтардың көтеріп жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Алайда әлі күнге шешімін таппауда. Беті аулақ, алайда, көктемгі жауын-шашын бір жеті үзілмесе, Тараз көшелеріне үйрек қонып, қаз ұшып, тұрғындар қайықпен жүретін шығар, сірә!