Мәжіліс депутаттары келесі аптада Еуразиялық одақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты келісімді қарайды. Бұл жайында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палата бюросында мәлім болды. Жиында Мәжілістің алдағы жалпы отырысының күн тәртібі жобасы қалыптастырылды.
Бюро отырысында анықталғандай, ЕАЭО-ның техникалық регламентінде талаптар белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялайтын заң жобасы келесі сәрсенбіде депутаттар қарауына ұсынылмақ. Құжат одақтың техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген және мемлекеттердің заңнамасына сәйкес міндетті қауіпсіздік талабы белгіленбеген өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Күн тәртібінің жобасына, сондай-ақ «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы енгізілді: депутаттар бұл құжаттарды екінші оқылымда қарауы қажет. Егер мақұлдаса, жобалар Сенатқа жолданады. Сонымен қатар отырыста жетінші сайланған Мәжіліс пен шетелдердің парламенті арасындағы ынтымақтастық жөніндегі топтардың құрамына қатысты мәселе қаралды.Елдос СЕНБАЙ