Жұмыстан заңсыз қуылған маман қолдау тапты
Жұмыстан заңсыз қуылған маман қолдау тапты
196
оқылды

Ақтау қаласының тұрғыны М.Мельников есімді азамат былтыр заңсыз жұмыстан шығып қалғанына шағымданып жүр. Оқиғаны қысқаша баяндай кетсек, М.Мельников пен Маңғыстау облысының футбол бойынша Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі арасында 01.01.2019 жылдан 31.12.2019 жылға дейінгі мерзімге дейін еңбек шарты жасалған. Содан кейін Еңбек кодексінің 30-бабы, 2-тармағына сәйкес еңбек шарты 31.12.2020 жылға дейін ұзартылған. Бірақ осы аралықта аталған жұмыс орны Еңбек кодексінің 51-бабына сәйкес М.Мельниковке заңмен көзделген мерзімде еңбек қатынастарының  тоқтатылуы туралы хаттама жіберген.

Осыдан соң азамат туындаған мәселе бойынша «Nur Otan» пар­тиясының Маңғыстау облыстық филиалынан көмек сұраған. Пар­тия өкілдері Маңғыстау облы­сының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын шақыртып, проблеманы шешу үшін нақты тапсырма берген бо­латын. Басқарма басшысының бұйрығымен жыл басында жұ­мысшы мамандар құрамымен комиссия құрылып, қызметтік тексеріс жүргізілді. Сонымен қа­тар арыз негізінде облыстық Еңбек барқармасына хат жол­данды. Қызметтік жазбада баян­далған наразылықпен танысу үшін материалдар, еңбек шарт­та­рының бұзылуы туралы хабар­ла­малар, Мемлекеттік еңбек инс­пек­циясы тарапынан ілеспелі материалдар сұратылып, жи­нақ­талған. Ақыры комиссия тексеру барысында Футбол бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы М.Тәкеновтен және оның орын­басары Р.Алагузовтен түсініктеме алды. «Еңбек инспекциясы» мемле­кеттік мекемесінің жауабына сәйкес, арызданушымен еңбек шарты заңсыз тоқтатылған және еңбек заңнамасының талапта­рына сай келмеген екен. Осыған байланысты комиссия қоры­тын­дысы бойынша, М.Мельников бұрынғы жұмысына қайта орна­ласатын болды.

Мадияр ТӨЛЕУ