Параның да түр-түрі болады. Мәселен, қоймен есептесу мысалын түркістандық шенеуніктен көрдік. Түркістан облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім бастығы пара ретінде 30 қой алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істері жөніндегі тергеуші Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
Данияр Биғайдаровтың айтуынша, 25 наурызда Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты Түркістан облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасы жобалар мен объектілердің сметалық есебін дайындау және сәулет бөлімі басшысы Ш.Қожамсүгіровке алаяқтық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15,6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу үкімін шығарды. «Ол Шымкент қаласында Ташкент тасжолы бойында орналасқан жер учаскесіне мемлекеттік актіні алуға көмек көрсеткені үшін жалпы сомасы 1,2 миллион теңге болатын 30 қой және 11 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алды деген күдіке ілінген» деп түсіндірді Биғайдаров.Айша ЕРСҰЛТАН