Түркі интеграциясы – тәуелсіздік жемісі
Түркі интеграциясы – тәуелсіздік жемісі
877
оқылды

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістігін сөз еткенде әдетте бірден сыртқы саясат еске түседі. Өйткені азаттықтың елең-алаң шағынан бастап-ақ еліміз сыртқы сая­­­сатқа айрықша көңіл бөлді де, оны тәуелсіздікті сақ­таудағы маңызды бағыттың бірі ретінде ұстанды. Жаһандағы алпауыт елдермен қарым-қатынасты жақсартуды көздеген Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті, түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға көңіл бөлген еді. Тіпті, Қа­зақстанды түркі интеграциясының көш­­басшысы ретінде бағалауға болады.

30 жыл бұрын басталған интеграция

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қаласында: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы» деп жазды. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркітектес тайпалар, ха­­­лықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деп атап өткен. Бұл қазақ жерінің күллі түркі жұрты үшін атажұрт саналатынын, көш­пен­­ділердің тарихта құрған мемле­­­­кеттерінің барлығы дерлік осы да­­ладан өрбігенін көрсететін пікір еді. Оны тарихшылар әл­де­қашан дә­­лелдеген. Алайда 1991 жылға дейін түркі әлемінде қандай да бір ин­теграциялық процес болған жоқ. ХХ ғасырдың басында түркі ха­­лық­тарынан шыққан көптеген қай­­раткерлер бауырлас халық­­­­­тардың ынтымағын арттырып, тізе қоса әрекет ету мақсатын көздегенімен, тарихи жағдай мұндай идеяның жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Тек КСРО құрамында болған түркітілдес халықтардың бірқатары тәуелсіздік алған соң ғана бауырлас жұрттың интеграциясы іс жүзінде басталды. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа үлгідегі ин­теграцияға Қазақстан ұдайы қолдау білдіріп, көп жағдайда бұл процесте жетекші рөл атқарды. 1991 жылы наурызда Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың Орта­лық Азия елдеріне жасаған сапа­­рынан кейін бауырлас халық­тардың алыс-беріс, барыс-келісі жанданып, ұзақ­мерзімді байланыс басталған болатын. Дегенмен Орталық Азия мемле­кеттерінің ішінен бірінші болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы қыркүйекте Түркияға сапар жасады. Осылайша, түркі интеграциясы Н.Назарбаевтың салиқалы, са­быр­лы саясаты арқылы басталған еді. Бүгінде Елбасы түркітілдес мемле­кеттер басшыларының басқосу­ларына, Түркі кеңесі саммиттерінің барлығына қатысқан тұлға ретінде тарихта қалды. Яғни, Н.Назарбаев 90-жылдары басталған интегра­­цияны 30 жылға жуық өзі бақылап, өзара байланыстың кезең-кезеңімен тереңдей түсуіне ықпал етіп келеді.

Мәдени-гуманитарлық интеграцияны таңдадық

Әдетте, түркі интеграциясы ту­ралы сөз еткенде «неге одақ құр­маймыз? Неге НАТО тәрізді ортақ әскери альянс жасақтамасқа? Ортақ әліпбиіміз неге жоқ? Сауда-эко­­номикалық бірлестік құруға болмай ма?» деген тәрізді сансыз сауал қоя­тын азаматтар кездеседі. Сырт көзге заңды сауал тәрізді болып кө­рін­генімен, іс жүзінде 1 000 жылға жуық уақыт бұрын бір-бірінен ажырай бастаған, түркі тілдері тобының өзінде қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдері тармағына бөлініп, жеке-жеке этносқа айналған, мә­дениеті мен салтында, дүние­­та­нымында түрлі айырмашылығы бар халықтарды бірден біріктіру оңай іс емес. Әрі түркі халықтарының ежелгі бәсекелестері Қытай, Иран тәрізді мемлекеттер орналасқан аймақта, Ресейдің де ықпалы жо­ғары өңірде бірден саяси-эконо­­микалық, әскери одақ құру мүмкін емес. Тіпті, тәуелсіз 6 түркі мем­лекетінің негізін қалаған ха­лық­тардың өзі рухани тұрғыда мұндай одаққа даяр емес болатын. Оған жағ­рафиялық және геосаяси жағ­дайды қосыңыз. Демек, бауыр­лас халықтар интеграциясында алды­мен бір-бірімен қайта танысу, та­бысу процесі алдыңғы қатарға шығуы тиіс еді. Сол себепті Нұрсұлтан Назарбаев түркі интег­рациясына қатысты түрлі ұйым­­­­дар­дың құрылуына ықпал етті. Сөйтіп, Бакудегі Түркі мәдениеті және мұрасы қорынан басқа барлық ин­тег­­рациялық ұйымдардың құры­луына түрткі болды. Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы TÜRKSOY, 2008 жылы Түркітілдес мем­лекеттердің парламенттік ассам­блеясы (ТүркПА), 2009 жылы Нахчы­ванда Түркі кеңесі, 2010 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Түркістан қаласында 1991 жылы ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы ха­лықаралық қазақ-түрік универ­си­теті де Елбасының осынау ин­тег­рацияны алдымен мәдени-гу­ма­­нитарлық, білім-ғылым арқылы бас­­­тауды көздегенінің айғағы. Яғни, бауырлас халықтардың интег­ра­циясында Қазақстан байсалды сая­­сат ұстанып келеді. Интеграцияға байланысты асығыс шешімдердің қабылдануына ешқашан жол берген емес. Сөйтіп, 30 жыл ішінде түркі­­тілдес елдердің байланысын жаңа деңгейге шығара білді. түркі интеграциясы Осы тұста атап өтетін бір жайт, Қазақстан тамырлас халықтардың ынтымақтастығына мәдени-рухани серпін беретін қадамдарды ешқа­­шан назардан тыс қалдырған жоқ. Тіпті, көне дәуірлердің жәдігерлерін де тұрақты түрде жаңғыртып келеді. Мәселен, 2001 жылғы 18 мамырда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғима­­ратына Күлтегін ескерткішінің кө­шірмесі әкелінсе, 2012 жылғы 22 ақ­панда Халықаралық Түркі ака­демиясы Анкараның Алтындағ ау­данындағы «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты. Ал 2018 жылы Қазақстанда Түркістан облысы құрылды. Сол жылғы желтоқсанда Зырян қала­­сының атауы өзгертіліп, шаһар Ал­тай деп атала бастады. Сырт көзге бұл шаралар тарихи-мәдени сипат­тағы немесе Қазақстанның өз ішін­дегі ономастикалық мәселе тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда бұл қадам­ның барлығы түркі интегра­ция­сын тереңдетуге ықпал ететін, бауыр­­­­лас халықтарды өзара жа­қын­дата тү­сетін қадам. Өйткені Алтай мен Түркістан атауы, Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштері күллі түркі халықтары үшін киелі дүниелер. Мемлекеттілікпен тікелей қатысы бар жәдігерлер.

Ағайын жұрттың амандығын тіледік

Қазақстан тәуелсіздік жыл­да­рында түркітілдес мемлекеттердің ты­ныштығының және аумақтық тұтастығының сақталуына да ұдайы мүдделілік танытып келді. Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағында атысты тоқтатуға барын салды. Тіпті, 1991 жылғы 20 қа­рашада Таулы Қарабақта сол кездегі ҚазақКСР ішкі істер вице-министрі Сайлау Серіков қаза тапқан бола­тын. Бітімгерлік миссия атқа­рып жүрген офицер мінген тікұшақты сепаратистер атып түсірген еді. Ал Елбасы осы аймақтағы соғыстың уақытша болса да тоқтатылуы үшін Ресей президенті Б.Ельцинмен тізе қоса әрекет жасағаны есте қалыпты. Кейін 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мү­ше болып енетін кезде Н.Назар­баев ұйым құрамына Таулы Қара­­­бақтың кірмейтінін, Арме­нияны тек БҰҰ да мойын­­­далған шекарасы­­­­мен ғана қабылдайтынын айтқан болатын. Сөйтіп, Армения ұйымға Таулы Қарабақсыз кірді. Сонымен бірге 2015 жылы түрік ұшқыштары Ресейдің Су-25 ұшағын атып тү­сіргеннен кейінгі шиеленісті бә­­сеңдетуге де Назарбаевтың мол еңбек сіңіргені бар. Сөйтіп, бір-біріне қырын қараған қос мемле­­­кеттің басшылары кек жолын емес, дипломатияны таңдаған болатын. Бәлкім, содан да шығар Анадолы мен Кавказдағы түркітілдес ха­­лық­тар Назарбаевты «ақсақал» деп атайды. Ал түркітілдес мемлекеттер басшыларының барлығы оны құрмет тұтады. Бұл Қазақстанның осынау интеграциядағы ұстаны­мының ақталғанын көрсетеді. Дегенмен интеграция про­це­сінің ұзаққа созылатынын да назардан тыс қалдырмау қажет. Бұл – өте күрделі процесс. Сон­дықтан бірте-бірте экономи­калық бағытқа бұрылудың кезеңіне тым асыға қойған жоқпыз. Рас, тәуелсіз түркі мемлекеттерінің кез келге­німен Қазақстанның жақсы сауда-экономикалық, мәдени-гумани­тарлық байланыс орнатқаны анық. Бірақ ортақ одақ құру ісіне асыға қойған жоқпыз. Сөйте тұра туризм, медицина, энергоресурстар экс­порты, көлік-транзит тәрізді са­лаларда бірлескен жоба жасалып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі инвестициялық қорын құрудың маңызды екенін айтқаны бар. Бұл Түркі кеңесіне мүше ел­­дер­дің шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы ықпал­­дас­тықты да­­мытуға септігін тигізуі тиіс. Демек, бауырлас елдердің ара­сын­дағы бай­ланыстың жаңа кезең Қазақстан тәуелсіздігінің төртінші онжыл­дығына сәйкес келетін сыңайлы.

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ