Құлқын ойлаған «СЭС»
Құлқын ойлаған «СЭС»
341
оқылды

Жамбыл облысындағы салалық ме­кемелер қазына қаржысын жым­қыру­дан алдына жан салмай тұр. Әсіресе, өңірлік Санитариялық-эпи­де­миологиялық бақылау департаменті мен оның ведомстволық бағы­ны­сындағы бөлімше қызметкер­ле­рі­нің «тәбетіне» қайран қалуға болады. Ел аузында «СЭС» аталып кеткен ме­кеме мамандары кәсіпкерлерге сес көрсетіп қана қоймай, өздеріне қа­рал­ған қазына қаржысын мил­лион­дап жымқыруда. Мұндай заң­сыз­дық­ты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті анықтап, ANTIKOR ORTALYGY алаңында бар шын­дықты жайып салды.

Үйде жатып, үстемеақы алған

Жалпы, департамент мамандары биыл­ғы 4 ақпан мен 2 наурыз аралығында об­лыс­тық Санитариялық-эпи­демиологиялық ба­қылау департаменті мен оның ведомство­лық бағынысындағы бөлімшелерге сыртқы талдау жүргізген. Нәтижесінде, департа­мент қызметкерлері қазына қаржысына еш қымсынбай, қол салғаны анықталып отыр. Тарқатып айтсақ, департамент эпидемияға қар­сы іс-шараларға тартылған қызмет­кер­лерге үстемеақы төлеуде «бармақ басты, көз қыстыға» жол берген. Мәселен, Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығына сай коронавирус дертімен күрес­кен медицина мамандарына 167 млн тең­ге төленсе, арасында үйде жатып-ақ үсте­меақы алған адамдар болған. Нақты фак­ті келтірсек, департаменттің бір ма­маны еңбек демалысына кетсе де, 100 пайыз үстемеақы алған. Мұндай заңсыз әре­кет былтыр жыл бойы көрініс тауып, 13 ма­манға негізсіз төлем төленген. Нәти­же­сін­де, бюджетке 1 250 000 теңге шығын ке­ліп, қазына қаржысы талан-таражға түс­кен.

Жанар-жағармайдан да теңге «сындырған»

«СЭС» мамандары жанар-жағар­майдан да қаржы жымқырған. Мәселен, мемле­кет­тік сатып алу туралы шарттарына сәй­кес, 2019 жылы департамент 2 243 220 тең­геге (құны 1 литр – 140 теңге) 16 023 литр, 2020 жылы 2 366 153 теңгеге (құны 1 литр – 142,79 теңге) 16 571 литр жанар-жа­ғар­май сатып алған. Алайда жанар-жа­ғар­май тұтынған қызметтік көліктердің құнын зер­делеу кезінде олардың нақты жүрісі тура­лы есеп беру құжаттарында көрсетілген мә­ліметтер шындыққа жанаспайтын бо­лып шыққан. Атап айтсақ, Chevrolet Captiva автомобилі бойынша биылғы қаңтар айы­ның соңына дейін көліктің жүрген жолы 320 837 шақырым деп көрсетілсе, шын мәнінде автомобильдің нақты жүрісі – 290 274 шақырым. Айырмашылық – 30 563 шақырым немесе 2 465 литр жанар-жа­ғар­май. Бұл ақшалай 352 495 теңге. [caption id="attachment_123125" align="alignnone" width="1200"]СЭС © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Дәл сондай Lada-21214 автомобилі бойын­ша биылғы жүріс 199 728 шақырым деп тіркелсе, қызметтік көлік тек 135 114 ша­қырымға қозғалған. Мұнда да 5 618 литр жа­нар-жағармай немесе 803 374 теңге қай­да кеткені белгісіз. Осылайша, ма­ман­дардың жалған есеп жүргізуінің нәти­же­сінде мемлекетке 1 150 000 теңге залал ке­ліп отыр.

«Қарға қарғаның көзін шұқымайды»

Облыстық Санитариялық-эпиде­мио­ло­­гиялық бақылау департаментінің ма­ман­дары тексерістен де теңге алып қалуға ты­­­рысқан. Департамент 2020 жылы бар­лы­ғы 955 әкімшілік іс қозғаса, оның 834 ісі бойын­ша айыппұлдарды мекеме тікелей өз­дері салған. 81 іс тоқтатылған. Алайда қыс­қартылған істерге қатысты туындап отыр­ған күдік көп. Олай дейтініміз – Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл де­партаменті маман­дарының зерделеу ба­ры­сында Тараз қаласында компьютерлік клу­бы бар жеке кәсіпкердің заңсыз әрекеті үшін 230 АЕК немесе 638 940 теңге айыппұл салу көзделгенін анықтаған. Алайда «СЭС» маманы әкімшілік жаза қолдану туралы ше­шімді шығармай, 2 ай уақыт созған. Нә­тижесінде, Әкімшілік құқық­бұ­зушылық тура­лы кодекстің 62-бабының 1-бөлігіне сәй­кес, жеке кәсіпкерге айыппұл салу мер­зімінің ескіруіне байланысты ол 638 940 тең­ге көлеміндегі төлемнен құтылып кет­кен. Осылайша, айыппұл өндірілмей, заң бұзу­шы кәсіпкер де жазасыз қалған. Ма­ман­ның мұндай әрекетіне департамент бас­шылығы тара­пынан тек «ескерту» түрін­дегі тәртіптік жаза қолданылған. Бір сөз­бен айтқанда, «қарға қарғаның көзін шұ­қымайдының» кері.

Бұрынғы басшы кәсіпкерлердің «крышасына» айналды

Тағы бір сұмдықты айтсақ, «СЭС»-тің бұ­рынғы маманы жеке аудиторлық ком­пания ашып, көңілі ауған кәсіпкерлерді қор­ғаштауға да көшкен. Мәселен, 2018-2020 жылдар кезеңінде эпидемиялық маңы­зы жоғары объектілердің тізімін зер­делеу кезінде Тараз қалалық аудиторлық ұйым­дарының бірі 12 аудиторлық есеп бер­гені анықталған. Ал аудиторлық есеп ал­ған объектілер осы арқылы тексеруден бо­сатылған. Кәсіпкерлерге мұндай құзырет бер­ген облыстық Санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау департаментінің бұрын­ғы маманы екен. Ол 2018 жылдың 16 қара­шасына дейін департаменттің тамақ­тану объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы болып жұмыс іс­теген. Қызметтен кеткеннен кейін басшы бұ­рын өзі бақылаған кәсіпкерлерді қам­қор­лығына алып, аудиторлық тексерістен бо­сату туралы құжатты шүленше үлес­тір­ген. Биылдың өзінде аталған аудиторлық ком­панияның қорғауында үш серіктестік тұр. Бір сөзбен айтқанда, департамент бөлі­мінің бұрынғы басшысы тексерісті қойып, енді «көке» ретінде «крыша» болуға көш­кен. P.S.

Міне, осылайша бір ғана мекеменің өзінен осынша қулық пен сұмдық, былық шығып отыр. Естеріңізде болса, дәл осы «СЭС» мекемесі карантин кезінде дәріханалардағы бағаны бақылаған белсенділерді «бездельникке» теңеген болатын. Кейін бұл мәселе облыс әкімдігінде қаралып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев департамент басшысының басынан сипамаған. Алайда бұл сыннан сабақ алмағандай. Себебі департамент мамандары тіліне ие болғанымен, құлқына ие бола алмай жатқандай. Ал ең сорақысы, әлемдік пандемия жағдайында облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне бұқара сенім артып отырса, олар ұлтының емес, құлқынның қамын ойлап отырғаны қынжылтады.

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы