Ветеринар: айлығы аз, міндеті көп
Ветеринар: айлығы аз, міндеті көп
648
оқылды

Ауыл шаруашылығын Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі драйвері дейміз. Дегенмен бұл салада мәселе шаш етектен. Бүгін соның ішінде мал дәрігерлерінің жағдайына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Жалақысы төмен, сөйте тұра мойнына артылатын міндеті ауыр мамандыққа барғысы келетіндер санаулы. Содан да болар, ветеринар десе көз алдымызға жас маманнан гөрі жасы қырықтан асып, елуге жеткендер елестейді. Дәрігер мен мұғалімнің беделін арттыру, айлығын көбейту жайлы айта-айта ақыры нәтиже шығып жатыр. Бәлкім, мал дәрігерлерінің де мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін жиі талқылау қажет болар.

Мал дәрігерлерінің жалақысы мардымсыз

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев осыдан біраз уақыт бұрын Премьер-Министр Асқар Маминге бұл саланы қалпына келтіруге қатысты депутаттық сауал жолдаған еді. Премьер 2021-2023 жылдарға арналған кешендік жоспарда депутаттық сауалдағы ұсыныстардың ескерілетінін айт­қан. Жоспар даярланған соң тұралап қалған саланы дамытуға қандай шаралардың атқарылатынын назарда ұстаймыз. Ал әзірге Күрішбаевтың не айтқанына қысқаша тоқталсақ. Депутат ветеринария саласының ең жемқор салаға айналғанын ашық сынады. «Мұның себебі – жалақы мардымсыз (мал дәрігерінің орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге шамасында), зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақы берілмейді, ветеринарлық ұйымдар мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы артта қалған» деген болатын. Расында, мал дәрігері болуға құмартатындай мотивация да жоқ. Өйткені былтырғы статис­тикаға сүйенсек, ветеринария­лық қызмет 2020 жылғы ең табысы төмен мамандықтардың қатарында. Орташа жалақысы 117 мың теңге деп есептелген. Бұл орташа есеп екенін еске ұстасақ, мал дәрігерлерінің іс жүзінде алатын айлығы бұдан төмен екенін білеміз. Әрі саладағы орташа жалақы одан бір жыл бұ­р­ынғы кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға төмендеген. Бұған ин­фляцияны қоссақ, тұтыну­шылық қабілет кемі 20 пайызға азайды деген сөз. Бізде ветеринарлардың білігін арттыру жүйесі де жоқ. Ол аз болса, жоғары оқу орындарында тиісті мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін зертханалық-тәжірибелік база жеткіліксіз. Демек, ветеринар мамандардың білім деңгейі көңіл толтырмаса, бұған әсте өздерін кінәлай алмаймыз. «Мал дәрігері мамандығының жас­тар арасында беделі жоқ және тар­тымсыз. Сол себепті ауылдық жер­лерде көбіне зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы вете­ринар-мамандар жұмыс істейді. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монопо­лия­ның басым болуы және жергі­лікті жерлерде кадрлардың тапшы­лығы ветеринария саласына жеке капи­талдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады. Осылайша, біздің ветери­нария жүйеміз «мүшкіл жағдайда» деп шындығын айтуымыз керек» деген еді депутат.

Таза ет жегіміз келсе…

Саланың ауыр жағдайда екенін шығысқазақстандық фермерлер де шырылдап айтып жатыр. Inbusiness.kz сайтына пікір берген мамандар саладағы маман тапшылығы жайлы айту тұрмақ, жалпы ветеринарияның түбірімен жоғалып бара жатқанын тілге тиек еткен. «Елімізде мал дә­рігерлері бар, бірақ ветери­на­рия­­ның өзі жоқ. Мысалы, ха­­лықаралық тәжірибені қарайық. Барлық жерде ветеринар №1 адамдар қатарында. Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері күллі адамзатты емдейді дейтіні бекер емес. Айталық, базардан ет алғанда оның дұрыс ет екеніне сенімді боласыз ба? Ауру малдыкі болып шықпай ма? Оны біле алмайсыз. Себебі бізде малды ба­­­­қылайтын сайт жоқ. Яғни, оның қайда өскені, қандай аурумен ауырғаныны, қалай емделгені бел­гісіз. Мәселен, мұндай сайттар Америкада бар», – дейді «Елім-ай Көкпекті» ЖШС директоры Болат Бекбергенов.

Ескі жүйені қайтару керек пе?

Ауыл шаруашылығындағы та­лай мәселенің басын ашып жүр­ген мамандардың бірі – Ғайса Әбсати­ров. Ветеринария ғылымда­рының докторы, профессор мал дәрігерінің басында біраз проблеманы тізбектеп берді. Әлбетте, аз айлыққа амалсыз жұмыс істеп жүргені айтылды. Одан бөлек, Ғайса Әбсатиров кеңшар кезіндегі жүйенің ыңғайлы бол­ғанын атап өтті. «Бұрын кеңшарлар бар кезде «раскол» деген бар бо­латын. Сол жерге малды қамап, егетінін егіп, шаруаны сол жерде тындыратын. Ыңғайлы, тиімді әрі қауіпсіз еді. Ал қазір мал дәрігерлері үй-үйді аралап жүріп егеді, қарайды. Айталық, біреудің қорасынан ауру жұқтырып, оны келесі біреуіне тасымалдауы мүмкін. Міне, сол жағынан қауіпсіз дейміз. Кейіннен бәрі жекешеленгенде бұл жүйе де құрыды. Әрі бұл саладаға жауапты департамент, комитеттерді агроном, экономист, бұрын кеденде істеген адамдар басқарды. Әрине, олар ауылдағы жағдайдан бейхабар. Содан көп мәселе шешілмей, күр­деленді», – дейді профессор. Бұдан бөлек, спикер мал дәрі­герлеріне жағдайдың жасалмай отырғанын да атап өтті. Нақтырақ айтқанда, оларды тиісті унифор­мамен қамтамасыз ету жөнді жолға қойылмаған деседі. Яғни, халат, қолғап, етік сияқты жиі ауыстыруды талап ететін дүниелердің жылына бір рет қана берілумен шектеледі екен. «Негізі, ауыл шаруашылығына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Бірақ сол қаржы жергілікті маман­дарға жетпейді, тиімсіз жұмсалады. Ауылдарда ветеринарлық бө­лім­шелер болады. Сол отыратын жер­лері талапқа сай болуға тиіс. Яғни, киім ауыстыратын, құрал-жабдық­тарын қоятын, қол жуатын жерлер болуы міндетті. Ал қазір мал дә­рігерлерін ауыл әкімдігіне отырғы­зып қойды. Былай қарасаңыз, ветеринар костюм-шалбар киіп, таңертең келіп, кешке кететін ма­ман емес. Ол жау киіммен мал ем­деп, компьютер алдына келіп іс­тейтін жұмысқа келгенде таза киім­мен отыруы қажет. Сонымен қатар қызметтік көлік сонау 2013 жылы берілді. Сегіз жыл өтті. Жаңарту керек. Бөлшектер сатып алып, жөндейтін де, айдайтын да – өздері. Өйткені жүргізушіге штат жоқ. Интернеттің жағдайы тіпті нашар. Күні бойы жұмыс істеп, кешке базаға енгізу үшін компьютерге отырады. Уақытылы толтырып тұрмаса, зертхана қабылдамайды. Екі ортада мамандар сабылады» деп саладағы біраз мәселесін басын ашты маман.

Оң шешуді талап ететін он мәселе

Маминге жолдаған сауалда Күрішбаев он түрлі мәселені дереу шешу керегін айтқан еді. Оларды біз де тізбектесек: 1. Отандық ветеринарияны осындай дағдарыс жағдайына әкелген жүйенің себептерін объек­тив түрде қарастыру. 2. Мемлекеттік ветеринарлық қызметті тәжірибелі мамандардан тұратын дағдарыс менеджерлері тобымен нығайту. Ең алдымен бұл Ветеринарлық бақылау және қа­дағалау комитетіне мемлекеттік ветеринарлық бақылау мен қада­ғалаудың нақты жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, ветери­на­риялық заңнама талаптарының сол жерде орындалуын қамтамасыз ету және бірыңғай саясат жүргізу мәселелерінде тиісті тәртіп орнатуға қатысты. 3. Мемлекеттік ветеринарлық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жа­лақысын арттыру аясында еңбектің зиянды жағдайлары үшін олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қаупінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеуді көздеу қажет. 4. Коммуналдық ветерина­риялық кәсіпорындар жүйесінің практикалық ветеринариялық қызметкерлерінің жалақысын жа­нуарлардың аса қауіпті ауру­ла­рының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау аясында көрсетілген қызметтер үшін төле­нетін бағаларды арттыру есе­бінен зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды қоса отырып көтеру. 5. Мүмкіндігінше ветеринарлық жүйедегі мемлекеттік монополия қызметін қысқартып, оның жеке­леген түрлерін бәсекелестік ортаға беру, сол арқылы бұл салаға жеке инвестицияларды тартуға жол ашу. 6. Ветеринария және жануар­ларды есепке алу жүйесіне қазіргі цифрлы технологияларды енгізуді жеделдету, бұл практикалық вете­ринариялық қызметкерлерді қағаз жұмысынан босатуға және олардың қызметін басты функ­цияларды нақты орындауға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл мал дәрігерлерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін ай­тарлықтай төмендетеді. 7. Жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын даярлау жүйесін оқу процесін ғылыми-зерт­теу қызметімен интеграциялау, бі­лім беру бағдарламаларын жаң­ғырту, оқу орындарының заманауи зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасын ұйымдас­тыру арқылы оқытудың практи­калық бағытын күшейту есебінен түбегейлі өзгерту қажет. Барлық деңгейдегі ветеринария маман­да­рына, оның ішінде ветерина­риялық инспекцияға жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуге мін­деттейтін талап енгізу, ол үшін ма­мандандырылған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ин­ституттарының жанынан за­­манауи білімді тарату орталықтарын құру қажет. 8. Ветеринариялық зертханалар жүйесін орталықсыздандыру және референттік-бақылау функция­ларын күшейту жолымен рефор­малау. 9. Елімізде өндірілетін және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ветеринариялық препараттардың сапасын бақы­­­лаудың тәуелсіз жүйесін құру қажет. 10. Ветеринариялық ұйымдар мен кәсіпорындардың материал­дық-техникалық базасы түбегейлі жақсартуды, ветеринарларды арнайы автокөлікпен, арнайы киіммен, жеке қорғану құрал­да­рымен және ветеринариялық ат­рибуттармен қамтамасыз етуді талап етеді.

Жадыра АҚҚАЙЫР