Алматы қаласында 20 наурызға қараған түні аса қатыгездікпен өлтірілген 19 жастағы Аяжан Еділоваға қатысты жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары анықталды. Күдікті ретінде тұтқындалған Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны қылмысын толығымен мойнына алды.
«Аяжан жұмыстан 19 наурыз күні 20.48 сағатта шықты. Оны жатақхана жанында бір жігіт күтіп тұрды. 23.00 сағатта әлгі жігіт Аяжанға қоңырау шалғанда, қыздың телефонында: «Шығып келемін» деген соңғы жазбасы қалған. Осыдан кейін Аяжанмен байланыс мүлдем үзілген. 20 наурыз күні сағат 12.00-де туыстары Аяжанды іздеп, полицияға арыз түсірді. Оны іздеуге достары, еріктілер де қосылды, такси қызметіне сұрау жолданады», – деді «Не молчи KZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова. 21 наурыз күні еріктілер іздестірудегі қызды Алатау ауданының Нұркент м/а-ғы мекенжайға апарған InDriver таксисін анықтады. Көлік жүргізушісі таксиге Руслан есімді біреудің тапсырыс бергенін айтқан. «Бұл үйді полицияға хабарладық, одан әрі қызды абоненттік нөмірдің базалық стансасы бойынша іздестірдік. Аталған мекенжайға 23.00 сағатта келіп жеткенімізде, ол жерде полиция жүрді» деп «Не молчи KZ» жетекшісі ақпаратты толықтыра түсті. Бірақ құқық қорғау қызметкерлері Аяжанның туыстарына да, еріктілерге де болған оқиға туралы жақ ашпаған. 21 наурыз күні кешке қыздың ағасы Алмат Мүликов Instagramның ақпараттар желісінен Аяжанның өлі денесі табылғаны туралы хабарды кездейсоқ көріп қалған. Қатты күйіндіретіні – марқұмның туыстарының бәрі (әжесі, апасы, әке-шешесі, т.б) қыздарының өлімі туралы ақпаратты ең бірінші полициядан емес, жаңалықтар желісінен естігені. «Бұл оқиға басынан аяғына дейін жан түршіктіреді. Марқұмның туыстары адамның өзегін өртейтін қайғымен бетпе-бет келді, олардың бойындағы үрей мен күйінішті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,– деді Дина Смаилова. –Аяжан аса қатыгездікпен өлтіріліп қана қоймай, оның денесі айуандықпен бөлшектенген. Маньяк бір тәуліктің ішінде мүрдені «кәсіби» шеберлікпен түгелдей жіліктеп тастаған»... Аяжан «Сымбат» дизайн және сән академиясының төртінші курсында оқыған. Қыздың авторлық коллекциясы мен өз бұйымдарын сататын интернет-дүкені болған. Сондай-ақ сән салонында жұмыс істеген екен. Марқұмның туыстары оның жігітпен танысу үшін емес, жұмыс бойынша кездесуі мүмкін деп санайды. Өйткені қыздың қарым-қатынас жасап жүрген жігіті болыпты. Сондай-ақ олар қылмыскер психикалық науқас ретінде жауапкершіліктен құтылып кете ме деп те қорқады. Мұндай қылмыскер өлім жазасына кесілуі тиіс деп санайды марқұмның туыстары. Бұл оқиға туралы Алматы қаласы Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов мынадай мәлімдеме жасады: «20 наурызда 16.06 сағатта 102 пультіне қыздың жоғалғаны туралы хабар түсті. Бұл факт Медеу ауданының ПБ-ның сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізілімінде тіркелді. Келесі күні жедел тергеу тобы құрылып, Аяжанды іздеуге кірісті. 21 наурызда сағат 22.00-де күдіктінің мекенжайы анықталды. Құқық қорғау органының қызметкерлері есікті бұзып кіргенде, күдікті оларды көре сала, өзіне қол салып, тамағын пышақпен орып жіберген. Бірақ өлмей тірі қалды. Оны бірден № 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіп, ота жасалды. Күдіктіге қамауда ұстау бұлтартпас шарасы қолданылды», – деді Рустам Абдрахманов. Полиция департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, қыз бала күдіктімен 16 наурыз күні Танысу қосымшасы бойынша хат жазысқан. Олар 19 наурыз күні Алатау ауданының Нұркент м/а-да күдіктінің пәтерінде кездескен. Қылмыс үй ішінде жасалған. Күдіктінің айтуынша, Аяжан екеуінің арасында жанжал шығып, ашудан көзі тұманданған ол қызды өлтіріп, артынша қылмыстық істің ізін жасыру үшін оның денесін бөлшектеп тастаған. Полиция келгенше күдікті мүрденің бір бөлігін Бостандық ауданындағы қоқыс жәшіктеріне апарып үлгерген. Ол бөлшектер де табылды. Осы факт бойынша қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу ісі ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі бойынша( кісі өлтіру) қозғалды. Қылмыс жасалған пәтердің есігіне сүргі соғылды. Қажетті сараптамалардың бәрі жасалынуда. Сондай-ақ күдіктінің марқұммен жыныстық қатынасқа түскен-түспегенін анықтау үшін сараптама тағайындалды. Қылмыстық іске қатысты барлық жорамалдар мен нұсқалар егжей-тегжейлі тексеріледі. Бұл іспен қосалқы түрде прокуратура да айналысатын болады.Дәулет АСАУОВ