Жей беремін!
Жей беремін!
193
оқылды
Қазақстан жемқорларына арналған концертке адамдар көп жиналды. Бір қызығы, концертте жемқорлардың өздері ән шырқайтын болып шықты. Сахнаға жүргізуші шықты: – Құрметті мырзалар мен ханымдар! Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан жемқорлық жағынан, құдайға шүкір, қатты дамып келеді. Талай елді басып оздық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін міне, жемқор ардагерлерге арнап, «Жей береміз!» атты концертіміз басталмақ. Шапалақтарыңызды аямай, жер тепкілеп отырыңыздар. Жемқор әншілерге гүл шоқтары қабылданбайды. Тек ақша берулеріңіз керек. Қазір сахнада шағын әзіл көрініс! – деді. Сахна қараңғыланып, бір жемқор шықты. Ол айқайлап келді: – Жей беремін, не болса да, жей беремін! Сен кімсің ей? – Мен бе? – Ия сен? – Бюджетпін. – Оо, Бюжеке! Сіз екенсіз ғой? Сен дегеніме кешірім өтінемін! – деген жемқор Бюжекеңнің аяғына жығылып, кешірім сұрап жатты. Аяғын құшақтап жатып, кеміріп жатты. Орнынан тұрып, бетін сүймек болып, бетін де жеп жатты. Аяғында, Бюжекең жерге құлап түсті. Көрермендер ду қол шапалақтады. Енді жүргізуші былай хабарлады. Алдарыңызда Жамбыл облысы әкімиятының жемқоры Шыршынбаев! Ол өзінің «Жей береміз!» атты әнін шырқап береді! Шыршынбаев аға! Мұнда келіңіз! Шыршынбаев шықпады. – Жемқор аға, сахнаға шығыңыз! – деп қайталады жүргізуші. Шыршынбаев шықпады. – Кешіріңіздер, Шыршынбаев бірдеңе жеп жатқан болар, сәл күте тұрыңыздар! Байқап келейін! – деген жүргізуші сахна сыртына келді. Сөйтсе, Ғ.Шыршынбаев ұялып, төмен қарап отыр. – Ағай, сізді көрермен күтіп қалды? – Қойшы, ұяламын. – Жүріңіз аға? – Қойшы, ұяламын. – Жеуге келгенде ұялмаған, енді неге ұялып қалдыңыз? – Қойшы, ұяламын... – Сізді хабарлап қойдық Ғ.Шыршынбаев орнынан тұрды. Кеудесін керді. Галстугын түзеді. Жұтынды. Сосын аяғын талтаңдай басып, сахнаға шыға келді. Көрермен ду қол шапалақтады. Ол басын иді де, әнін шырқай жөнелді: – Мен деген жайын ауыз, жей беремін, Давай, давай, барлығын жей беремін. Қазақстан жемқорстан елім менің, Сайттарда жүр ғой менің кей дерегім! Жей берімін, Жей беремін, Давай, давай, Жей беремін! Жемқорларға жағдайды жасау керек, Олар да бюджетіңнен асау керек. Біздерді жек көрмеңдер ағайын жұрт, О бастан жаралғанбыз, елден ерек! Жей беремін, Жей беремін, Давай, давай, Жей беремін! Көрермен ду қол шапалақтады. Қайтсін енді жемқорымыз Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары болып жүріп, Мойынқұм және Қордай аудандарындағы уран кен орындарының қалпына келтірілген нысандарында қоршауды қалпына келтіру және кедергі белгілерін орнату бойынша аяғын шалыс басты. Ол орындалмаған жұмыстар үшін қабылдау актілеріне иректете қол қойып, лауазымдық өкілеттігін теріс пиғылға пайдаланды. Сөйтіп, мемелекетке 5 млн 822 мың 236 теңге зиян кел­тірді. «Концерттен» кейін ол сотталып, түрмеде ән шырқайтын шығар?

Жатыпатар ЖАНЫС