Генеарал-майор да адам! Адам емес деп кім айта алады? Оның да ақшаны жанындай жақсы көруге құқы бар ғой? Онда тұрғған не бар? Генералдар пара алмасын деген заң бар ма? Жоқ қой. Жоқ болған соң, алады да! Немене, сонда сондай керемет лауазымын пайдаланбай, мақау болып жүре бермек пе?
Адам болған соң, алады да. Соны да көп көресіңдер ме? Министрлердің өзі пара алып жатқанда, генерал-майор қол қусырып, аузын ашып, айға қарап отыра беру керек пе? Осы мына парақорларды, жемқорларды ұстайтындар бар ғой, жүдә көре алмайтын, күншілдер ғой. Ал, генерал–майор пара алыпты. Не, соны ұстап, елге масқара ету керек пе еді? Меніңше, әрбір лауазымды адам пара алу керек. Біріншіден, пара алған адамның денсаулығы жақсара түседі. Өйткені, көңілі көтеріледі, қан айналымы нашарламайды, екіншіден, бала-шағасын асырайды. Үшіншіден, пара берген адамның жұмысын бітіреді. Ал, осындай игі жақсылықтарды жасаған адамдарды қорқытып, қолына кісен салып, түрмеге жабатындарды түсінбеймін. Қайта оларды құрметтеп, қарғыс емес, алғыс хаттарын беру керек қой?
Қорғаныс министрлігі кадр және әскери білім департаментінің бұрынғы бастығы генерал – майор Қайрат Көпбаевты да соттап жіберді. Ол Ақтөбе қаласы, Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты РММ – не офицерлік лауазымға біреуді тағайындағаны үшін, небәрі 200 мың теңге пара алыпты! Сол үшін де оны бес жылға соттау жіберу керек пе еді? Қазақстан паралогиясына сүбелі үлес қосқаны үшін генералға «Обыр» орденін беру керекпіз ғой.
Тағы да айтамын, біздер бар ғой, қазақтар, өте іштармыз, көре алмаймыз, біреудің қуанышын бөле алмаймыз. Еее, қайта генералды небәрі 200 мың теңге пара алғаны үшін құрметтеп, мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып жіберген жөн еді ғой.
Сонда оқушылар сұрақтар қояр ма еді?
– Генерал аға, пара алғанда қандай сезімде боласыз?
– Күштііі...
– Генерал аға, неге 200-ақ мың теңге алдыңыз, аз ғой?
– Қанағат керек, қанағат...
– Генерал аға, Қазақстанда парақорлықты дамыту үшін не істеу керек?
– Ала беру керек. Ала беру керек!
– Генерал аға, параны қай қолыңызбен аласыз?
– Оң қолыммен,.
– Аузыңызбен тістеп алмайсыз ба?
– Қалай алса да, адамның өз еркі.
Міне, осындай сұрақтар қояр ма еді? Ал, оны пара алғаны үшін соттап жіберді.Орысша айтқанда «жалко». Өй, миллиондап пара алғандар Астанада аяқтарын алшаң басып жүр ғой? Не, ол пара алса, есектен құлап қалады ма? Не, ол пара алса, ауырып, алты ай жатып қалады ма? Түсінбеймін ше. Біз ел боламыз, дамыған елдің алдына шығамыз десек, пара шаруашылығын дамытуымыз керек деп ойлаймын. Паралогияның түбін зерттеп, ғылыми еңбектер жазылсын.
Парның түрлерін дамытып, тіпті, үкімет бюджетінен арнайы қаржы бөлінсін деген ойдамын. Бәлкім, мұнымды біреу құптап, біреу құптамас, дегенмен, генерал-майорға не дейік? Ауыз ауыртып қайтеміз, айтарға сөз жоқ.