Күлкі керуені
Балық аулап отыр ауыл:
«Балыққа
Балықшының толтыр ауын!».
Балыққа емес,
Балықшыға
Бас салады қолтырауын.
***
Боран борап,
Қар жауды.
Ауа-райы қолайсыз ба?
Тыз етіп,
Табаныңнан сыз өтіп,
Жаурап қалма абайсызда.
***
Сурет салсаң,
Сәндеңкіре.
Әр бояумен
Әрлеңкіре.
***
Аңғал-саңғал
Шоңқорамыз қаңырап тұр.
Қоңы кетіп, тоңғасын,
Қоңыр қозым
маңырап тұр.
Бұл-бізбіз.
Шыж-быж болмай,
«Сіз-біз» болып,
Сызылып тұрған қызбыз.
***
Жоңышқаға жайылған
Жорғамды,
Ажырыққа әкеп,
Азырақ оттаттым.
***
Үш-төрт бала бір-бірін
Келе келеді біртүрлі.
«Кімге кім күлді?» деп,
Бір-біріне ұмтылды.
Басы піспес баланы
Етеді ме жұрт үлгі?
***
«Әжеме керек көзілдірік!»
Деп ойладым өзім біліп.
Көзілдірікке қоса
Қажетті
Газетті әкеп,
Әжемді мәз еттім.
***
Қаңбақ
Жаңғаққа ұқсамайды.
Жаңғақ
Қаңбаққа ұқсамайды.
Қаңбағың-қаңғалақ,
Жаңғағың-жаңғалақ.
Қаңбағыңда мəн жоқ,
Жаңғағыңдай дəн жоқ.
Ат жемейтін
Ащы шөптің
Шыққанынан
Шықпағаны жақсы ма?
Шықпағанынан
Шыққаны жақсы ма?
***
Домбай мен Омбай
Дойбы ойнады.
Омбай оңбай ұтылып,
Ойбайлады.
Ойбайлаған Омбайға
Домбай қой-қойлады.
***
Ауым-сауым,
Ұйпа-тұйпа,
Салдыр-салақ.
Бұл кім?
Кеп тұр күлкім.
***
Жып-жинақы,
Тап-таза,
Түп-түзу.
Бұл кім?
Ұқыпты болуға ұмтыл!
Көпен ӘМІРБЕК