Қожанасыр хикаялары
Қожанасыр хикаялары
859
оқылды
Қожанасыр есімі және оның әңгімелері бүкіл мұсылман, түрік елдерінде кең тараған. Тіпті сондай диаспоралары бар Батыс Европа, Америка тараптарында да кездеседі. Ол – Қожанасыр, Ходжа Насреддин, Молла Насреддин, Насреддин әпенді деген атаулармен белгілі. Өзі қуақы, әңгүдік, аңқау, аңғал, қу, тіпті кейде ақымақ болып көрінеді. Бірақ соның бәрінде жайсаң, жақсылыққа жаны құмар, байлықты, даңғойлықты жақтырмайтын, халықтың көңілін көтеретін сайқы-мазақ ретінде ел есінде сақталған. Жоғарыда айтқандай, жердің түкпір-түкпіріне таралғанда оған бір ұнаған алқап Қазақстан болғанға ұқсайды, себебі мұнда біраз әңгі­ме­лері әлі айтылады. Енді солардан естігендеріміз бар, оқып көріңіз...  

Тұщы су

Бірде Қожанасыр Каспийдің жағасында қыдырып жүріп, қатты шөлдейді. Тұщы су жоқ, таңдайы тобарсып, тілі күрмеліп, шыдай алмай, теңіз суынан бір-екі ұрттап жібереді. Ол тамағын қырнап, лоқсып, одан сайын қиналады. Соның арасында, бағына жағадан бір тұщы құдық кезде­сіпті. Әйкелінде  шелегі де бар екен, содан қанып ішіп, рахат­танады. Қолтығында алып жүрген құмырасы бар екен, содан құ­дықтың суын құйып алады. Сосын Каспийдің жағасына келіп, сөй­лепті: – Әй, Каспий! Сен әлдеқандай болып, жер дүниеге сыймай, шалқып жатырсың. «Кереметпін» деп, буырқанасың, бұлданасың, мас болғандай долданып, аузың­нан көбік шашып, жағаны саба­лайсың. Бірақ бір кішкентай тұщы құдықтай пайдаң жоқ. Ал нағыз елге керек пайдалы су мы­на­дай болады, міне, қара! – деп, құмырасындағы суды теңізге төгіп жіберіпті.  

Теріс айналды

Бірде хан үлкен той жасапты. Көп кісілер жиналып, дуылдасып жатыр. Тойға Қожанасыр да кел­ген, жолдастарының арасында әң­гіме айтып, көңілді отырады. Хан оның сөздерін көбіне жақ­тыр­майтын болса керек, қасына келіп: – Әй, Қожанасыр, әдеттегідей өтірікті соғып отырсың-ау, ә? – деп тиісіпті. Сонда Қожанасыр: – Айтқаныңызға құлдық, мәртебелі хан ием! Мен мына жолдастарыма сізді мақтап сөз айтып отыр едім. Дүниеде сіздей ақылды билеуші жоқ, керемет мейірбан, халыққа қамқор хан деп отыр едім. Енді ол сөздерім өтірік болды-ау. – Немене?! Доғар! – деп хан ашуға басты. – Кешіріңіз, аса мәртебелі тақсыр... Енді өзіңіз айттыңыз ғой, «өтірікті соғып отырсың» – деп... Хан теріс айналып кетіпті.  

Жөнін тапты

Қожанасыр көшеде келе жат­қан­да бір дәруіш кездесіп, жабыса кетіпті. – Қожеке, мен сізге бір жақсы тілек дұға айтайын. – Жоқ, айтпай-ақ қой, тілегің түсінікті ғой, – десе, әлгі қалар емес. – Айтайыншы Қожеке, айта­йыншы... Қоймаған соң, Қо­жанасыр тыңдап тұрыпты. Дәруіш тілегін айтыпты да: – Енді маған бірдеңе бер, – деген. Қожанасыр: – Жақсы, ертең кел, – дей салыпты. Ертесіне Қожаны дәруіш тағы ұстап алып, сұрақтың астына алады. – Кешегі берем дегеніңді бер! – Не берем дедім? – «Ертең кел» – дедің ғой. – Ә-ә! – депті Қожекең, – сен тілек дұға айттың, ол сөз ғой. Мен «ертең кел» дедім, бұл да сөз. Яғни, сөзге сөз. Мұнда ешқандай бережақ жоқ. Бар, жөніңді тап!  

Қытық

Бір күні патша Қожанасырды қатты қорқытпақ болады. Әдейі шақыртып алады да, «сенің бір күнәң бар, дарға асамын» дейді. – Ойбай! Не үшін? – Сұрама, о дүниеге барған соң білерсің. Ал қандай соңғы тілегің бар, айт! – Жалғыз тілегім бар, орын­дайсыз ба? – Сөз жоқ, орындалады, айт. – Мен қытықшылмын, әсіресе мой­нымның қытығы жаман. Біреу­дің қолы тисе, болды, шыдай алмаймын. Сондықтан менің тіле­гім – мойнымнан емес, белім­нен асыңызшы?! Орындайсыз ғой...  

Жан пида

Бір шенеулік Қожана­сырды қонаққа шақырыпты. Біраз кісі жиналған. Қонақтардың ішінде қаланың басшысы бар екен. Үйдің қожайыны соған жал­бақтап, әдейі дайындаған құрметті орынға отырғызып, алдына бас­қалар­дікіндей емес, бөлек дәмді тағам қойған. Оның қасында Қожекең отыр екен, ол байқамаған болып, өзінің табағын басшының алдына қарай ысырып жіберіп, оның дәм­ді тағамын өзіне алыпты. Мұны көріп қалған қожайын: – Қожанасыр, ол тағамға тиіс­пеңіз, сізге зиянды болуы мүмкін, – депті. –Мен соны біліп отырмын, мырза. Бұл тамақты дайындағанда оның зиянды екенін білмей, қате жіберіпсіз. Енді мен сіздің сол қатеңізді ақтап, ұятқа қал­дыр­майын дегенім. Біздің қаланың қадірменді басшысы зиянды тамақ жеп, шейіт болса, біз қалай күн көреміз. Мен өлсем ештеңе етпес, жаным пида, мына басшы аман болсын! – деп тартып алған тамағын асай беріпті. Ауылдасы Қожаның қулығына күліп, атқа мінгестіріп алыпты.  

Шапан

Қожанасыр базарға барып, есегін сатып жіберіпті. Сөйтіп жаяу қалған. Үйі алыс. Шаршап келе жатса, бір ауылдасы атқа мініп келеді екен. – Әй, мырза, сізге бір өтінішім бар. – Ол қандай? – Менің мына шапанымды ауылға ала кетіңізші. – Жақсы, оны кімге жеткі­зейін? – Жоқ, оны шапанның өзі біле­ді, өзі барады. – Әй, сен ақымақсың ба? Шапан­ның өзі қалай жүреді? – Оның еш қиындығы жоқ. Шапанның ішінде өзім болам ғой. Ауылдасы Қожаның қулығына күліп, атқа мінгестіріп алыпты.  

Жинаған Сержан ШАКРАТ, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Маңғыстау облысы