Стенд атудан Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде қазақстандықтар тағы екі жүлде жеңіп алды. Бұл жолы команда мүшелері "trap" жаттығуынан үздік үштікке енді,– деп хабарлады Olympic.kz.
Әйелдер арасындағы командалық сында Мария Дмитриенко, Сәрсенкүл Рысбекова және Айжан Досмағамбетова үштігі күміс жүлдегер атанды. Олар финалда Үндістан командасына есе жіберді.
«Маусымдағы алғашқы жарыстардың бірі болғандықтан, бұл нәтижемізді жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Жетістіктеріміздің артып келе жатқаны байқалады. Әлем кубогі кезеңі басталғанға дейін Түркияда, содан соң, Мароккода дайындалдық. Сол жаттығу жиынының пайдасы зор болғаны анық. Қазіргі таңда Олимпиада ойындарына да дайындық жүріп жатыр. Токиода жақсы өнер көрсету үшін қолдан келгенше тырысудамын. Ал ендігі жоспар Италияда өтетін әлем кубогі кезеңінде жақсы нәтижеге қол жеткізу»,– дейді Сәрсенкүл Рысбекова.
Ерлер арасындағы командалық бәсекеде Виктор Хасянов, Андрей Могилевский және Максим Коломоец қола жүлдеге қол жеткізді. Алтын медальді Үндістан, күмісті Словакия командасы еншіледі.