Қазақстан бокс федерациясының менеджері Мейрам Нұртазин жарыстарды өткізу мәселелері жөніндегі комиссия құрамына кірді. Ал Сидней Олимпиадасының чемпионы, Олимпиадалық дайындық орталығының директоры Ермахан Ибраимов чемпиондар мен ардагарлер комиссиясының мүшесі болды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы ресми хабарлады.
Жаңа тағайындалған қазақстандықтарға хатты AIBA президенті Умар Кремлев жолдады. Ол Қазақстаннан тағайындалған өкілдердің тәжірибесі мен біліктілігі ұйымды дамытуға елеулі үлес қосатынын айтты. Алдағы уақытта ол ұйымның жаңа мүшелерімен ертерек танысып, жұмысты бастауды күтіп отырғанын айтқан.
Сондай-ақ Азиялық бокс конфедерациясы да құттықтау жолдады.
Мейрам Нұртазин мен Ермахан Ибраимов 2018-2019 жылғы үзілістерден кейін AIBA-ның басқарушы органдарына тағайындалып отыр.
Ал 2014-2017 жылдар аралығында аталған ұйымда Қазақстанның 6 азаматы жұмыс істеген.
2019 жылы ұйымда жүргізілген реформалардан кейін комиссиялардың барлығы таратылып, қазір қайта жасақталып жатыр.