Ресми мәліметтерге қарасақ, қазір елімізде 22 мыңнан астам ұйым тіркелген екен. Бір қызығы, ресми дерек соның 12 мыңдайы белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын айтады.
Олардың бір бөлігі мемлекеттік тапсырыстар арқылы, қалғаны отандық меценаттардың және өз ішіндегі мүмкіндігі бар мүшелерінің көмегімен қаржыландырылады. Тек соңғы 16 жылда үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру 11 миллионнан 20 млрд теңгеге дейін өсіпті. Сайып келгенде, мұның өзі мемлекет үшін қоғамдық ұйымдар орны ерекше екенін аңғартқандай. Халық қоғамдасып ғұмыр кешу арқылы жоғары дәрежедегі өмір деңгейіне жеткені белгілі. Сол себепті қоғамның әрбір мүшесінің сол ортада алар өз орны болуы қажет. Оның әрбір мүшесі белгілі бір ұйымның, қоғамның, мемлекеттің, кең көлемде алғанда әлемдік қауымдастықтың дамуына әсер етері сөзсіз. Еліміздің Ата Заңында мемлекеттің ең басты байлығы адам екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл тұста қоғамдық ұйымдардың алар орны ерекше. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыппен халыққа Жолдауы жарияланды. Жолдауда мемлекетіміздің одан әрі дамуына қатысты экономика, білім беру, денсаулық сақтау, адам құқығын қорғау сияқты бірнеше басты салалар ерекше аталып, алда атқарылар жобалар мен жоспарлар белгіленді. Оның аясында қоғамдық ұйымдар мәселесі тыс қалмады. Бір сөзбен айтқанда, аталған ұйымдар бұқараның түрлі ұстаным сөзін жеткізуші іспетті қызмет атқарады. Сондықтан одан әркім ұзап кете алмасы анық. Көбіне құнды пікір мен ұсыныстар шенеуніктер тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да шығады. Бірақ оны ескеріп, жан-жақты саралап іске асыру бөлек мәселе. Дәл осы тұста қоғамдық ұйымдар халықтың белгілі бір тобының мүддесін қорғап, алдына қойған әлеуметтік немесе басқа да мақсатқа жету үшін нәтижелі қызмет атқарады. Ал осы ұйымдар еліміздің дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр, қандай нақты іспен айналысып, нендей жетістіктерге жетіп жатқаны өзге әңгіменің тиегін ағытпақ.М. ХАҚНАЗАР