Маңғыстау облыстық онкология диспансерінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны анықталды. Ол туған қызын лауазымды қызметке тағайындап қана қоймай, бұрын тәртіптік жазаға тартылған бірқатар қызметкеріне мемлекеттік бюджеттен негізсіз сыйақы берген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері хабарлап отыр
Диспансер басшысы мемлекеттік сатып алу кезінде жалпы сомасы 2 млн 600 мың теңгені жұбайының атына тіркелген серіктестікке аударған. Кей келісімшарттың ресми құжаты да болмай шығыпты. Антикор орталығының мамандары аталған заңбұзушылықтар бойынша хаттама толтырып, құзырлы органдарға жолдап үлгерген. Әзірге диспансер басшысы қатаң сөгіс алып құтылыпты. – Аталған заң талабын бұза отырып, мемлекеттік сатып алулар тікелей шарт жасау арқылы бір көзден алу фактісімен жасалған. Мысалы, 2020 жылы шілде айында «Метака» ЖШС-мен жалпы сомасы 1 270 000 теңгені құрайтын дезинфекциялауға арналған камера, температураны өлшейтін құрылғы осындай жолмен сатып алынған. Сондай-ақ 2020 жылғы наурыз айында жалпы сомасы 4 млн теңгеден асатын конференцияларды ұйымдастыру бойынша және респираторлы сатып алу бойынша шарт жасалмаған. Бұдан басқа талдау барысында диспансерде 2019 жылы жұмыскерлерді оқыту бойынша көрсетілген қызметтерді сатып алу қағаз нұсқада жасалған, бірақ құжаттары жоғалғаны анықталды. Бұл осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін куәландырады, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ