Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық модельдер байқауында Дана Қабылтаева жеңіске жетті. Қазылар алқасы 30 жастағы қатысушыны сұлу әрі ақылды ару деп танып, 5 мың АҚШ долларынан асатын сыйақы табыстады.
«Хабар-24» телеарнасының хабарлауынша, Дананы модельдер байқауына қатысуға құрбылары көндірген. «Ұлтыңыз кім?» деп сұрайды. «Қазақ» деп жауап бергенде «осындай бет келбеті бола ма?» деп таңғалады. Яғни, бізде Еуропа мен Азияға тән нышандар араласып кеткен. Сондықтан оларға өте сұлу болып көрінетін шығармыз», – дейді Дана Қабылтаева арнаға берген сұхбатында. Отандасымыз Кореяға төрт жыл бұрын алмасу бағдарламасы бойынша барған. Болашақ жұбайымен де осы елде танысқан. Он ай бұрын тұңғышын дүниеге әкелген. Қазір ағылшын тілінен сабақ береді. Қазылар алқасы қазақ қызының сұлулығымен қатар, ән шырқауы мен корей тілі білімін бағалады. Модель байқауын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ким Ин Бенің айтуынша, алда Қабылтаева сән көрсетілімдерінде ерекше жеңілдіктерге ие болады. Оны Кореядағы түрлі ток-шоу мен бағдарламаларға шақырады. Киноға түсіп, жарнама моделі болуына мүмкіндігі бар. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты байқауға өзге елдерден модельдер қатыса алған жоқ. Сондықтан подиумға Кореяда тұрып жатқан шетелдіктер шыққан.А.ЖОЛДАС