Әлемде мемлекеттік басқару жүйесінің жалпыға бірдей жарайтын үлгі-моделі жоқ. Әр мемлекет өз жағдайына, тарихи-құқықтық аспектілерге және басқа да қаптаған факторға орай оны өз бетінше қалыптастырады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы атқарушы билік жүйесін әлденеше рет реформалады. Оның барысында ел дамуының ағымдағы кезеңінде туындаған және шешімін күткен мәселелер мен міндеттер басшылыққа алынды.
Төл басқару жүйесі – тәуелсіздік тартуы
Ұлы даланы ен жайлаған еркін қазақ ежелден қағанат және оның мұрагері саналатын хандық жүйесінде басқарылғаны мәлім. XVIII ғасырда отарлаушы патша өкіметі, кейін Кеңес Одағы елді басқару органдарын тегіс орталыққа бағындырды. Демек, ХХ ғасыр соңында Қазақстанға мирасқа қалған бұл мемлекеттік басқару жүйесі азат өркендеу мұраттарына мүлдем жауап бермейтін. Сондықтан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы нарық жолына көшірумен қатар, билік тармақтарының аражігін ажыратып, заман мен тәуелсіздік талабына сай жүйені қалыптастыру ісін де қолға алды. Бұл – мемлекеттілікті сақтап қалу үшін стратегиялық маңызды іс. Оның аясындағы жұмыс ауқымы алапат болатын. Мемлекетті басқару жүйесін толық өзгерту үшін елде жаңа нормативтік-құқықтық база құру қажет, онсыз меморгандардың шешімдері заңсыз болар еді. Ол база ескі қалыпты қайталамауы әрі уақыт сұранысына жауап беруі тиіс. Ел басшылығы бұл міндет үдесінен шыға алды: саясат пен экономика салаларында кеңестік үлгідегі мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгерткен аса маңызды, мазмұнды нормативтік-құқықтық актілер, саяси құжаттар қабылданды. Ең алдымен, 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға» сәйкес, Қазақстан тарихында алғаш рет билікті үш тармаққа бөлу қағидаты енгізілді: сот билігі, заң шығарушы билік, яғни Парламент және биліктің атқарушы тармағы, яғни Үкімет пен әкімдер. Сол жылғы 20 қарашада «Қазақ КСР-ін басқару және мемлекеттік билік құрылымдарын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 334-XII заң қабылданды. Осы заң алғашқы құрылымдық-ұйымдастырушылық өзгерістерге жолдама берді. Заң бойынша Президент – атқарушы-бұйрық беруші билік тармағының басшысы деп танылды. Министрлер кабинетін және республиканың басқа да органдары мен ұйымдарын құру құқығы Мемлекет басшысына берілді. Қазақ КСР Президентінің аппараты мен Қазақ КСР Министрлер кабинетінің аппараттары біріктіріліп, Президент аппараты (1995 жылғы қазаннан бері Президент Әкімшілігі) пайда болды. Бұл мемлекеттік құралдардың Президент қолында шоғырлануына, мықты президенттік институттың түзілуіне, ел басшылығының экономиканы реформалау жөніндегі тапсырмаларының пәрменді орындалуына өріс ашты.Қаптаған министр «тақтан тайған» шақ
Кеңес кезінде атқарушы және бұйрық беруші билік органы «Қазақ КСР Министрлер кеңесі» деп аталғаны мәлім. 1990 жылы оның атауы «Қазақ КСР Министрлер кабинеті» деп өзгертілді. Ал 1993 жылдан бері ол Қазақстан Республикасының Үкіметі деп аталады. Тәуелсіздік алған тұста Қазақ КСР Министрлер кеңесінде 34 министрлік пен 21 мемлекеттік комитет болыпты! Мәселен, тек ауыл шаруашылығы саласында ғана Орман шаруашылығы (мұның сыртында өндіріске қатысты Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігі де болды), Мелиорация және су шаруашылығы, Ет және сүт өнімдері, Жеміс-көкөніс шаруашылығы, Балық шаруашылығы, Ауыл шаруашылығы, Ауыл құрылысы, Нан өнімдері секілді қаптаған министрліктер болған. Кейін олардың көбі біріктіріліп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне айналды. Ал индустрия мен өнеркәсіп саласында Геология, Жеңіл өнеркәсіп, Монтаждау және арнайы құрылыс жұмыстары, Тамақ өнеркәсібі, Өнеркәсіптік құрылыс материалдары, Ауыр индустрия кәсіпорындарының құрылысы, Түсті металлургия, Жергілікті өнеркәсіп министрліктері жұмыс істеді. Ел егемендікке жеткен тұста, яғни Ұзақбай Қараманов Үкіметінде (1989 жылғы 27 шілде – 1991 жылғы 16 қазан аралығында) бұл құрылым ішінара сақталды. Тек Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1992 жылға қарай министрлерді жаппай отставкаға жіберу науқаны басталды. «Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және оның тиімділігін арттыру» мақсатында Президент Жарлығымен 9 министрлік пен 7 мемлекеттік комитет жойылды. Осылайша, оралымсыз, алып мемлекеттік аппарат біршама оңтайландырылды. Қазіргі Мемлекет басшысы, 1994 жылы Сыртқы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев өз естелігінде Елбасына «тиімді басқарушылық вертикальді» тақырдан тұрғызуға тура келгеніне назар аудартады. –1991 жылғы 16 желтоқсанда Н.Назарбаев «Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңына қол қойды. Осы құжат қабылданғаннан кейін еліміз ата-бабаларымыздың көптеген ұрпағының аңсарлы арманына айналған азат даму жолына аяқ басты, төл мемлекетін құруға кірісті. Бұл ретте тәуелсіздікті баянды ету үшін алдымен өтпелі кезең қажеттілігіне сәйкес келетін тиімді басқарушылық вертикальді түзу, экономикада түбегейлі реформа жүргізу, инфляцияны ауыздықтау, әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру, тәуелсіз мемлекеттің институттық және құқықтық атрибуттарын, төл қаржылық және салықтық жүйені қалыптастыру міндеті тұрды. Бұдан басқа ұлттық заңнаманы жасау, Қазақстанның және оның аумақтық шекараларының халықаралық мойындалуын қамтамасыз ету керек еді. Оның үстіне, бұл мәселенің бәрін бір мезгілде шешу қажет болатын. Мәселен, Кеңес кезінде Қазақстанда дипломатия жоқтың қасы еді. СІМ тек одақтық республика мәртебесінің декорациясы қызметін атқарды, негізінен кейбір консулдық және протоколдық функцияларды орындаумен шектелді, – дейді Қ.Тоқаев. Тиісінше, Қазақстанда халықаралық істерге маманданған білікті дипломаттарды даярлау жұмысы жүйелі жолға қойылды.Министрліктер 34-тен 18-ге оңтайланды
Ықшамдау және біріктіру нәтижесінде, Сергей Терещенко Үкіметінде (1991 жылғы 16 қазан – 1994 жылғы 11 қазан аралығы) биік лауазымды тұлғалар саны біршама азайды. Оның құрамында Премьердің бірінші орынбасары және өнеркәсіп министрі (О.Сосковец), Үкімет басшысының орынбасары (Д.Сембаев), Экология және биоресурстар министрі (С.Медведев), Геология және жер қойнауын қорғау министрі (Л.Трубников), Материалдық ресурстар министрі (Қ.Тұрапов), Ішкі істер министрі (В.Шумов), Ғылым және жаңа технологиялар министрі (Ғ.Әбілсейітов), Сыртқы істер министрі (Т.Сүлейменов), Баспа және бұқаралық ақпарат министрі (Қ.Сұлтанов) және басқасы болды. Бұған қоса, өзге салаларды басқару үшін Экономика жөніндегі мемкомитет төрағасы (Т.Қабдрахманов), Төтенше жағдай жөніндегі мемкомиссия төрағасы (Н.Макиевский), Жастар істері жөніндегі мемкомитет төрағасы (И.Тасмағамбетов), Мәдениет жөніндегі мемкомитет төрағасы (Е.Рахмадиев), Мемлекеттік қауіпсіздік комитет төрағасы (Б.Баекенов), Жер қатынастары және жерге орналастыру мемкомитетінің төрағасы (С.Ақымбеков) сияқты лауазымдар енгізілді. «Мемлекеттік басқарудың орталық органдары тізбесінде» 1993 жылы 23 министрлік қалған. Сонымен бірге 9 мемкомитет, 1 мемкомиссия, 3 комитет, 4 басқарма, 3 агенттік болды. Елде реформалардың өрістеуіне байланысты жаңа меморгандар дүниеге келді, ескілері жойылып, жаңа ведомстволар құрамына кірді. Сарапшылардың дерегінше, Тәуелсіздіктің 30 жылында елде 4 рет ірі әкімшілік реформа жүргізілген. Бүгінде іс басындағы Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметіне 4 вице-премьер, 18 министр кіреді. Бұлар – Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Ауыл шаруашылығы, Әділет, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Мәдениет және спорт, Сауда және интеграция, Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Экология, геология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктері. Сондай-ақ Президентке бағынатын және есеп беретін Ұлттық банк, Есеп комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бар. Жақында олардың қатарына жаңа ведомстволар – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі қосылды. Қалай болғанда, тәуелсіздіктің үш онжылдығында Қазақстанда мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесі қалыптасты, нығайды. Саясаттанушы Темір Қаппасовтың пайымдауынша, Үкімет эволюциясы – мемлекетіміз бен қоғамымыздағы өзгерістердің айшықты көрінісі болып есептеледі. Еліміздегі тың реформалар, ел өміріндегі соны бетбұрыстар, күн тәртібіндегі жаңа өзекті мәселелер Үкіметтің құрылымына әсер етіп отырды және алда да солай бола береді. Демек, Үкімет құрылымы өмір шынайылығына бейімделу, мемлекет пен қоғам сұранысына сәйкес келу үшін үнемі құбылып, жаңарып, түрленіп тұрады, оның транзиті тоқтаусыз сипатта болады. Олай болса, өмір өзгерген сайын заманға сай тиімді мемлекеттік басқару моделін табу жолындағы ізденіс жалғаса бермек.Айхан ШӘРІП